Астана қаласында өтіп жатқан бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әр өңірдің дәстүрі мен жәдігерлері насихатталып жатыр. Жүзден астам киіз үй тігілген дүркіреген дүбірлі додадағы этноауылға Қостанай облысының делегациясымен бірігіп, Арқалық дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұжымы да табан тіреді.
“Елордаға келгенімізге бір аптадан асып барады. Этноауылдың ашылуына дейінгі дайындық жұмыстарын жүргізілді. Көшпенділер ойындарына үйлесімді тарихи жәдігерлер таңдалынып, халық назарына ұсынылып жатыр”, – дейді Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы басшысының міндетін атқарушы Рауан Терек.
Онда екі аптадан бері сексеннен астам мемлекеттен келген қонақтар көне дүниелерімізге көз жүгіртіп, әсерлерімен бөлісуде.
Арқалық музейіндегі жәдігерлердің маңыздысы – кешегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде аты кеңінен танылған Кейкі батырдың кебежесі. Осы жәдігердің тарихын кезінде мұражай қызметкері Рая Касенова Аманкелді ауданы Қарасу ауылындағы Нұралы Ербосынұлынан жазып алып, Егемен Қазақстан басылымына жариялады.
Ол жазбада Кейкі мен әйелі Ақжан, інісі Шұбар, атқосшысы татар жігіт төртеуі арып-ашып, жаяулап 1920 жылы Сарыторғайдың Бәшке деген қыстағында отырған досы Ербосын ақсақалдың үйіне келетіні айтылған. Сонда Кейкі: «Ербосын, біздің арбамыз батпаққа батып, бір доңғалағы сынып қалды. Атым тарта алмады. Сен екі атан өгізіңмен алып келуге көмектес. Арбаның үстінде азық-түлік салған кебежеміз бар еді», – депті. Сөйтіп, Кейкі, Шұбар, татар жігіті, Ербосын төртеуі барып, арбаның сынған дөңгелегін қыларқанмен шандып байлап, екі өгізбен сүйреп алып келген екен. Содан ол жерге бір күн қонып, келесі күні салт атпен Жыланшық жаққа кетіп қалыпты. Кейкі батыр арбасы мен кебежесін тапсырып жатып Ербосынға:
– Қайта келіп жатсам, өз қолыңнан алармын. Болмаса, бұлар сенде болсын, – депті. Кебеже сол күйі досы Ербосынның қалған екен.
1963 жылы бұл жәдігерді жазушы Ақан Нұрманов іздеп келіп көріпті. Тегі Кейкі батыр жайлы «Құланның ажалы» атты романын жазу үшін дерек жинап жүрсе керек. Жазушы Нұралы Ербосыновтың үйінде үш күн болып, Сарыторғай, Қараторғай, Дәбей бойын аралайды. Кетерінде: «Нұралы, бұл кебеже тарихи дүние ғой. Мұқият сақта! Алла қаласа, бір келгенде өзім алып кетермін», – дейді. Бірақ қайта жүздесудің сәті түспейді.
Кешегі алтын адамның көшірмесін жасап шыққан Қырым Алтынбековке Өзбекәлі Жәнібеков арнайы тапсырыспен жасатқан қыз баланың бас киімі саналатын Торғай сәукелесі ұлттық нақыштағы осы көрменің ажарын аса түскендей.
Ұлт азаттық көтеріліске қатысқан Сұлтан Нияздың өзінің жары Іңкәрға сыйлаған ат әбзелдері, зергердің қолынан шыққан ер тұрмандары, сандығы сол бір ғасырдан өзіндік сыр шертеді.
Шіменбай Әлшөринге тиесілі 9 қасқырдың терісінен тігілген қасқыр ішік, еңбек ардагері Дүйсенбек Адырбаевтың саптама етігі, мұражай қорындағы төсек ағаш, теріден жасалған торсықтар мен былғары қамшылар жан-жақтан келген меймандарға ой салмай қоймайды.
“Жәдігерлердің арасынан сәукелені іздеп келіп жатқандардың қатары көп. Бүркіт торы сияқты аңшылық өнерге қатысты бұйымдар да осы көрмеге қойылды. Мұнда Арқалық мұражайы ғана емес, Жанкелдин ауданындағы Торғай мұражайлар кешенінен Шақшақ Жәнібек батыр бабамыздың сауыт көшірмесі де әкелінді. Облыс орталығынан да жәдігерлер бар”, – дейді Рауан Абдуллажанұлы.
Ернұр ӘУЕЗХАН