Қостанайға музыка әлемінің классикалық үлгісін ТМД деңгейінде қалыптастырып келе жатқан тұлғалар жиналды. Осы өнерде ойып тұрып орын алған тұлға Назымбек Молдахметов атындағы дирижерлер форумы биыл осындай ерекше сипат алды.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов та осындай баға беріп өтті.
“Бұл өңірде осындай үлгідегі іс-шаралар аз емес. Соның бірегейі осы дирижерлер форумының жетінші рет жалғасуы кездейсоқ емес. Тобыл-Торғай өңірінде үлкен дүлділдер шыққан.Классикалық музыкада ойып тұрып алған орны бар іс-шараның филармония репетуарының кеңеюіне ықпалы зор”, – деді басқарма басшысы.
Форумның қатысушыларын белсенділігі үшін марапаттады.
Жиналған жұрт Әлем классиктерінің шығармаларымен қауышты.
Осы саладағы басты жайларға тоқталып өткен меймандар да іс-шараның ортада алатын орнын ерекше атап өтіп жатты.
Мәселен, Грузия мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері Реваз Джавакишвили бұл қадам жастардың әлем музыкасына деген түйсігін оятуға бірден-бір таптырмас құрал екенін айтты.
“Қарап тұрсақ, қазір осы өнер саласына келгенде, кадр мәселесі бәрінде бар. Оны жастардың өнерге деген түйсігін дамыту арқылы біртіндеп шешуге болатын тәрізді. Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі өзекті мәселеге айналды. Онсыз мақсатыңа жете алмайсың. Соны сіздер жасап жатырсыздар”, – деді Реваз Джавакишвили.
Ақтау қаласының тұрғыны, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, дирижер Рахат Мадреев жан-жақпен тәжірибе алмасуға орта қалыптастыратын осындай кездесулер керек екенін алға тартты.
“Республика көлемінде байқау, парадтар өтіп, ұмытылып жатқанын талай көріп жүрміз. Маған бұл дәстүрдің жетінші рет жалғасып жатқаны ұнады. Бұның бәрі өмірдің қызық ұмытылмас сәттері. Репертуарлар да осы арқылы жаңарып жатыр”, – дейді Рахат Мадреев.
Бұл жерде өзекті мәселеге айналған кадр тапшылығы да сөз болды. Одан шығу жолдары талқыға салынды.
Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның директоры Мәди Нұрмұхамбетов жергілікті мәдениет саласының мамандарына арнайы грант бөлу қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
“Неге кадрлар басқа жақтарға кетіп қалады деген сұрақ жан-жақты көтеріліп жатыр. Біздегі Рудный музыкалық колледжі осы мамандардың күшті базасын жасақтап жатқанын білеміз. Көбі салаға көңіл бөлінетін, переспективасы бар жақтарға кетіп жатады. Жергілікті жердерде ондай жағдай өкінішке қарай, жасалмай отыр. Жуырда ауылдық жерлерге грант бөлу туралы айтылды. Жастар оқуды бітіргеннен кейін соны ауылда жұмыс істеп ақтау керек болады. Кадр мәселесін осылай шешпесек, басқаша қолға алу қиын”, – деді Мәди Нұрмұхамбетов.
Мәскеу қаласындағы Н.П. Осипов атындағы халық аспаптар ұлттық оркестрінің дирижері Данил Стаднюк бұл жағдай әр адамның өзіне байланысты екенін айтады. Ол үшін өнерге деген құрмет болып, әр ортада соны көсете білуі керек деген пікірде.
“Менің ата-анам да білікті музыканттар. Ростов консерваторияның түлектері. Кеңес уақытында өнерді қалыптастырып үлгерген бірден-бір тұлғалар. Бірде әкеміз шағын қалашыққа барып жұмыс істеді. Сонда алған тәжірибесі мен білімін сол ортада сіңіре білді. Осы жерде айтайын дегенім, кез келген тұлға алға ұмтылып, әр ортада өзін қалыптастыру қажет деп ойлаймын”, – деді Данил Стаднюк.
Дей тұрғанмен, бұл соңғы он жылда дұрыс шешімін таппай отырған мәселеге айналды. Осы саланың ардагері Александр Евсюков ол үшін өнер мәдениетін дамытуға басшылық тарапынан жіті назар аударылса екен дейді.
“Облыста осындай кәсіби маман дайындайтын бірден-бір оқу орны бар. Ол Рудный Музыкалық колледжі. Оның облыс орталығында емес, шағын қалада орналасуы өнерге деген көзқарасымыздың қандай екенін көрсетіп тұр. Ал университет қабырғасындағы музыкалық факульт педагогтар ғана дайындайды. Осыны кәсіби мамандар ғана түсінеді. Кадр мәселесі мамандарға моралдық қатынас дұрыс болса шешілер еді. Олар өздерінің қажет екенін жүрген жерлерінде дұрыс сезінулері керек”, – деді Александр Евсюков.
Қарағанды қаласы Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей жергілікті жерлер бір-біріне қарым-қатынас орнату дәстүрін қайта қолға алған дұрыс деп пайымдады.
“Байырғы дәстүр жалғасса, әр облыс арасында тұрақты мәдени байланыс болар еді. Гастрольдік сапар көбейеді. Бірінші дәстүрді жаңғыртамыз, әр өңірге қарап жағдай түзеледі. Осындай форумның бұл мәселені шешуге көп ықпалы тиіп отыр”, – дейді Ерлан Бақтыгерей.
Айбек Жүзбай
Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек