7 июня, 2025
«Тобыл» соңғы минутта жеңісті жұлып алды

«Тобыл» соңғы минутта жеңісті жұлып алды

Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші турында бразилиялық жартылай қорғаушы Виктор Браганың сексен тоғызыншы минутта «Қызылжарға» соққан голы «Тобылға» үш ұпай сыйлады.

Ол Ислам Чесноковтың тура ұшып, бағанадан кайта серпілген добын тоғыздыққа тоғытты. Ойынның бірінші таймында да осы Виктор Брага Петров қорғаған қақпаны нысанаға алып, оның кері ұшқан добын шабуылшы Николай Сигневич сегіздікке дәл көздеген еді. Кездесудің алғашқы бөлігі аяқталар тұста Чесноков оңбай қателесті. Қарсыласының қарсы шабуылын тоқтатқан «Қызылжардың» оң қанаттағы қорғаушысы Руслан Валиулин допты командаласы Дарко Зоричке дәл көтерді. Нәтижесінде бірінші тайм тең аяқталған болатын. Команданың үзіліске осылай аттанғанына жанкүйер қауым да риза.

Жанұзақ Аязбекұлы қырық жылдан астам уақыт сары-жасылдардың тұрақты жанкүйері. Қостанайдағы әр ойынын жіберген емес.

– «Тобылдың» ойынын бұрыннан бақылап келемін. Қазір команданың құрамы жыл сайын ауысады. Ол қалыпты ойын өрнегіне әсерін тигізеді. Бір доп ұрғаннан кейін қорғанысқа көшіп, қапталдағы ойыншылармен кері пас алмасып артқа тартады. Ол ойындағы ең қауіпті тактика, – дейді Жанұзақ Аязбекұлы.

Екінші таймда қонақтар жинақы ойнады. Жетпісінші минутта ғана «Тобыл» шабуылды үдете түсті. Сол жігер қостанайлықтарға жеңіс әкелді. Есеп – 2:1.

– «Қызылжар» жақсы жасақталған ұжым. Біз үшін ауыр ойын өтті. Бастысы жеңіске жеттік. Алдағы ойынға тыңғылықты дайындалатын боламыз’, – дейді команданың бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев бұл туралы.

Иә, бас бапкер атап өткендей, бұл ойын өте тартысты өтті. Ойын тізгінін қолға алған төреші Артём Кучин де мансабындағы соңғы матчында ашуға мінді. Тәртіп бұзған «Тобылдың үш бірдей ойыншысын сары қағазбен жазалады.

Сегізінші турда «Тобыл» «Астанаға» қонаққа барады. Жеті ойыннан кейін 14 ұпаймен төртінші орынға жайғасты. Көш басында жиырма ұпаймен алматылық «Қайрат» командасы.

Айбек ЖҮЗБАЙ