Қостанайда шахматтан ҚР Парламенті Сенаты кубогының іріктеу кезеңі басталды

Қостанайда шахматтан ҚР Парламенті Сенаты кубогының іріктеу кезеңі басталды

Оған дәстүр бойынша аудандық, қалалық мәслихатының депутаттары, мәслихаттардың қызметкерлері, ардагерлер, өңірлік қоғамдық кеңестің мүшелері қатысып жатыр.

Осымен екінші жыл жалауын көтерген ҚР Парламенті Сенатының шахмат кубогы федерация президенті Тимур Турловтың құттықтауымен ашылды:

 –Шахматтан дәстүрлі сенат кубогы – еліміздегі ең ауқымды іс-шара. Биік дәрежеде бақ сынайтын тұлғаларды іріктейтін кезеңнің ерекшелігі әр саланың өкілдері бақ сынауында болып отыр. Шахматтың әр ортаны біріктіргені, Сіздердің қатысып жатқандарыңыз республикада интеллектуалды ортаның көбеюіне себеп болып жатыр. Бұл қадам ертеңгі ұрпақ пен бүгінгі жастарға үлгі. Осы үшін Қазақстан шахматшылар федерациясының атынан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевқа алғыс білдіреміз, – деді Тимур Турлов.

Облыстық мәслихаттың депутаты Махаббат Жотаев қатысулыларға сәттілік тіледі.

– Бұл турнир қатысушылар мен қоғамның, спорт қауымдастығының қарым-қатынасын одан сайын жақсарта түседі. Ол қадам өңірде осы спорт түрінің дамуына серпін береді, – деді Махаббат Жотаев.

ҚР шахматшылар федерациясының вице-президенті Александр Бабенко да бұл жарыс дәстүрлі турнирге айнала бастағанын атап өтті.

– Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жарыстың өтуіне облыстық мәслихаттың өкілдері жақсы қолдау білдірді. Облыс әкімінің аппараты, аудандық, қалалық мәслихатының депутаттары жақсы атсалысып келеді. Сіздер болмағанда бұл турнир өтпес еді. Ол бір жағынан спротшыларымыздың қанаттануына мейлінше көмектесіп жүр. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстан төртінші рет командалық есепте басты орындарды алып жүр, – деді Александр Бабенко.

Жарыстың бас төрешісі Аманкелді Оралбаев ереже мен шарттарын таныстырып өтті.

Осы облыстық іріктеуден өткен қатысушылар Көкшетауда болатын жартылай финалда шеберлік байқасады. Тамыз айында Астана қаласында кубоктың финалы өтеді.

Айбек ЖҮЗБАЙ