Тобыл қаласында екінші рет азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті ????????????????????????????????????

Тобыл қаласында екінші рет азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті

Қостанай ауданы әкімі “Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін” екінші рет өткізді. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы қабылдау наурыз айында өткен болатын. Осы жолы “Алтын дән” мәдениет үйінің ғимаратында қабылдады. Арыз-шағыммен келген адамдарды аудан әкімінен бастап барлық мекеме басшылары мен ауданға қарасты ауыл әкімдері қарсы алды. Тұрғындардың көбі жер, тұрғын үй мәселесімен жүгінді.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кездесулерде аймақтағы шаруа қожалық иелеріне сүт фермасын ашуды қолға алуды сан мәрте айтып келеді. Біріншіден, ауылда тұратын адамдарға жұмыс көзі болса, екіншіден, бағаның тұрақтауына септігін тигізеді. Виктор Кленовский аудан әкімінің қабылдауына сүт фермасын ашу үшін жер сұрап келіпті.

– Қостанай ауданы, Октябр ауылдық округіне қарасты Рыбный ауылынан сүт фермасын ашқым келеді. Нақты жоспарым бар. Осы жылы 400 бас сауын сиыр сатып алғалы жатырмын. Енді маған сол ауылдың жанынан жер керек. Аудан әкімі бастамамды қолдады, көмек көрсетуге тапсырма берді. Бір айдың көлемінде мәселем шешіліп қалатын шығар. Алдағы уақытта кәсібім алға басып жатса, мал басын көбейту үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысамын, – дейді шару қожалығының иесі Виктор Кленовский.

Қостанай ауданында орталықтандырылған ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді. Жақында Александров ауылында су құбыры іске қосылды. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов жұмыстар жалғасатынын айтады.

 

– Осы жылы  Владимиров, Мәскеу, Айсары, Половинов, Октябрь елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су тартылады. Бұның сыртында сегіз ауылда жобалау жұмыстарын бастап жатырмыз. Қазір Мичурин және  Садовый ауылдарының жобасы дайын. Бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда, екі ауылда ауыз су мәселесі шешіледі, – деді аудан әкімі.

Тобыл қаласынан “Астана” және “Бәйтерек” шағын аудандарын салу үшін 2021 жылы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар басталған еді. Аудан әкімі ол жұмыстар осы жылы толық аяқталатынын айтады.

– Тұрғындардың дені тұрғын үй мәселесімен келді. Соңғы 2-3 жылда әлеуметтік және жалға берілетін тұрғын үй салынған жоқ. Алайда, келер жылы “Астана” және “Бәйтерек” шағын аудандарында тұрғын үй құрылысы басталады. Онда 9,10 қабатты үйлер бой көтереді. Аяқталған соң халықтың үй мәселесін шешеді деген ойдамыз. Екіншіден, азаматтар жер мәселесімен көптеп келуде. Онда түйіткілді тұстар өте көп. Кей адамдар жер учаскелерін алып, артынша заңдастырмаған жағдайлар бар. Немесе екі көрші бір-бірінің учаскелелеріне таласып жатады. Осы мәселелерді өзіміздің құзыреттілігімізге сай шешеміз. Сондай-ақ, ауданға қарасты ауылдардағы жайылым, шабындық мәселесі де өзекті. Ауыл шаруашылығы өкілдерімен, жер пайдаланып отырған азаматтармен меморандум арқылы шешіп жатырмыз. Ал, кезінде алған жерлерін өз еркітерімен мемлекетке қайтарып жатқан азаматтар бар. Сол жерлерді халықтың игілігіне береміз, – дейді Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов.

Фируза Еламанова 6 бала тәрбиелеп отырған көп баланы ана. Ол Қостанай ауданында үй кезегінде 2015 жылдан бері тұр.

– Кезегім алдыңғы қатарда. Сегіз жылдан асып барады. Аудан әкімі жақында жақсы жаңалықтын болатынын жеткізді. Бұйыртса баспаналы болып қалатын шығармыз. Әйтпесе, мен сияқты көп балалы ана үшін оңай емес, – дейді Ф.Еламанова.

Аудан әкімінің орынбасары Алексей Костюков биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 20 пәтер берілетінін айтады.

– Бағдарлама Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы жүзеге асады. Алдымен Қостанай қаласында беріледі, сосын аудандарға көшеді. Биыл Қостанай ауданында 20 пәтер халықтың әлеуметтік аз қамтылған өкілдеріне кезек бойынша беріледі, – деді Алексей Костюков.

Айта кетейік, Қостанай ауданында 2927 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 193-і көп балалы ана. Қабылдау кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасты. Барлығы 31 адам қабылдауға келген, оның 19-ын аудан әкімі қабылдаған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу