Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы ел чемпионатындағы басты қарсыласы «Астанаға» есе жіберіп, жүлде жолындағы сенімді қадамын тағы да шегіндірді.
Кездесуден кейін жанкүйерлер ашуын капитан Асхат Тағыбергеннен алды. Ойынның басында дәл сол Асхат айып добын орындап, Ислам Чесноковқа нәтижелі пас берген еді. Алайда бірінші таймның соңына қарай Тағыберген қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Кей көрермендер:
«Асхатты Астана сатып алған», «Қарсылас ойыншының әдейі басып, командасын қиын жағдайға қалдырды» деген сыңайда пікір қалдырды.
Әлеуметтік желілерде де капитанның әрекеті қызу талқыға түсті.
Матч басында «Тобыл» пенальтиден есеп ашып, алға шыққанымен, екінші таймда «Астананың» толықтай камбэк жасауына жол ашты. Ойын соңында Асхат Тағыберген өзінің баспасөзге берген сұхбатында жанкүйерлерден кешірім сұрап, командаластарының өзіне сенім білдіргенін жеткізді:
«Менің әрекетімде агрессия болған жоқ, тек спорттық ашулану болды. Бірақ бұл менің командамды қиын жағдайға қалдырғаным рас. Командаластарым кешіріммен қарады. Маңызды ойындар әлі алда, соңына дейін күресеміз!», – деді капитан.
Айта кетейік, бұған дейін де «Тобыл» «Атырау» командасына есе жіберіп, чемпиондық бәсекеден алыстай түскен еді. Енді тіпті кубоктан да үміт азайып барады.
Кей жанкүйерлер команданың қазіргі ойынын сынап, былтырғыдай бесінші орынға риза болуға мәжбүр боламыз деген болжам айтуда. Себебі турнирлік кестеде өкшелеп келе жатқан «Ақтөбе» мен «Елімайдың» қарқыны ерекше. Екеуі де небәрі 5 ұпай артта.
«Тобылға» енді кез келген матч – финал болуы керек-ақ. Бірақ басты сұрақ: команданың сенімін қайта қалай оята ала ма?
Айбек ЖҮЗБАЙ
Сурет «Тобыл» футбол клубынан алынды
