“Тобыл” ФК қайырымдылық мақсатымен бәссауда өткізді

“Тобыл” ФК қайырымдылық мақсатымен бәссауда өткізді

Тасқын судан зардап шеккендерге “Тобыл” футбол клубының ұжымы да көмек көрсетуге ниет білдірді.

Қостанайлық клуб нөпір жанкүйерін жинап, жылдағы дәстүрмен аукцион ұйымдастырды.

Бұл науқаннан түскен қаражат жәрдемге мұқтаж жерлестердің игілігіне жұмсалады.

“Өкінішке қарай, еліміздің көптеген елді мекендерінде үлкен су тасқыны белең алып отыр. Жапа шеккендерге жан-жақтан көмек көрсетіліп жатқанын көріп, біз де қайырымдылықтан қалыс қалмай, жанкүйерлер арасында аукцион өткізетін болып шештік.” Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бұдан бөлек футболшылар мен қызметкерлер тасқын судан зардап шеккендердің қорына ақшалай көмек қосамыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде команда ғана емес, бүкіл жанкүйер ел болып, қол ұшын беруіміз керек”, – дейді клубтың жанкүйерлермен жұмыс жөніндегі маманы Марат Күзембаев.

Аукционға ойыншылардың былтырғы- биылғы жиделері мен Ислам Чесноковтың ұлттық құрамадағы формасы шығарылды.

Одан бөлек, футбол заттары мен клубпен осы іс-шараны бірігіп өткізген “Солтүстік бренд” киім үлгілері де бәссаудада болды.

Команда капитаны Роман Асранкуловтың жидесі рекордтық бағамен сатылымға шықты.

“Тобыл” және Қазақстан құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков жомарттық танытып, өзінің әрі қорғаушы Алберьт Габараевтың футболкасын сатып алып, жанкүйерлерге сыйға тартты.

“Солтүстік бренд” өнімдері жанкүйерлер тарапынан жоғары бағаланды.

Осыдан түскен барлық қаражат тасқын судан зардап шеккен елді мекендерге бағытталатын болады.

“Биыл бұл іс-шараны су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде “Солтүстік брендімен” бірігіп өткізіп жатқан жайымыз бар. Жақын арада “Тобыл” футбол клубының делегациясы сол аудандарға барып, аукционнан түскен қаражатқа сатып алынған киім-кешек, азық-түліктерді тапсыратын болады”, – дейді “Тобыл” футбол клубы баспасөз қызметінің жетекшісі Қасқырбай Қойшыманов.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

Жаңалықтармен бөлісу