“Тобыл” ФК мен “Қостанай таңы” газеті қайырымдылық акциясын бастады

“Тобыл” ФК мен “Қостанай таңы” газеті қайырымдылық акциясын бастады

«Тобыл» футбол клубы мен облыстық «Қостанай таңы» газеті жаңа қайырымдылық жобасын қолға алды. «Мейірім шуағы» аталатын акция Рамазан айына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсат – көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсету, “ерекше” балаларды қуанту.

Қайырымдылық іс-шарасы бүгін бастау алды. Қос ұжым өкілдері алғашқы күні 14 отбасыға азық-түлік түрінде және қаржылай жәрдем көрсетті.

«Азық-түлік қоржынының құны – 70-80 мың теңге шамасында. Оның сыртында 20-40 мың теңге аралығында ақшалай көмегіміз бар. Акция Рамазан айының соңғы күніне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жобамен жүз шақты отбасыны қамтуды жоспарлап отырмыз», – дейді бастамашылардың бірі, «Тобыл» ФК қызметкері Қасқырбай Қойшыманов.

«Мейірім шуағының» шапағатына бөленген мұқтаж отбасылардың бірі – Жәлеловтер жанұясы. Отағасы Мейірім базарда жүк түсіруші болып жұмыс істейді екен. Құдай берген 4 баласы бар, зайыбы бесінші нәрестеге жүкті.

«Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Дегенмен ол жәрдемақы ас-суымыздан артылмайды. Өзімнің табысым да мардымсыз. Қайырым жасап, көмек қолын созып жатқандарыңызға мың да бір рақмет! Алла сауаптарыңызды еселей берсін!», – деп разылығын білдірді отағасы.

Бір реттік акциядан бөлек, «Тобыл» ФК өкілдері осы отбасыны әр ай сайын тұрақты түрде азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұруға шешім қабылдады.

Тағы бір айта кетерлігі, акция аясында жәрдемге ие болып, көңілдері көтеріліп қалған кейбір отбасылар «Қостанай таңы» газетін жаздырып алуға ниет білдірді.

 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу