Ауыл
Үйге келгенде, ағасы Барлыбай әйелімен ажырасып ауылда жүрген. Соның бәрін cезіп-біліп жүрген көршісі Жәмит, қорада жүрген Талап пен Барлыбайға хәл сұрағансып, бетіне мысқыл жүгіріп, миығынан күліп келіпті. Өзі сексенді алқымдаған ақсақал болса да, маңайындағы көршілерімен басы сыйыспайтын, отбасына мазасыз елге де сыйымсыз қияңқы, қыршаңқы шал. Кездесе салып: “Ауылға келдіңдер ме? Еее, Барлыбай, келінді жібердің ғой, дұрыс қылыпсың, қатын болмайтын болса оны қайтесің басыңа сор қылып, басың жас тағы біреуің аларсың”, – деп, кекетіп миығынан жымиды. Онымен қоймай бұларды үйіне кіріп кетті деп ойлап, қорада жүргенін аңғармай, қаладан келген ұлы екеуі шөп тиеп жатып: “Барлыбайда қатынын жіберіп келіп отыр ғой. Өткенде осы ұлдың әйелінің кіндік шешесін көргенмін. «Менің кіндік қызым жақсы еді, мынаны қызғаншақ» дейді. Ұрып, үйінен шығармайтын көрінеді. Сенің де есіңде болсын, әйелдің қызғаншағынан, еркектің қызғаншағы жаман”, – деп, әйелінің сөзінен шықпай, ауылға екі жылда бір әрең деп өзі ғана келіп-кетіп жүретін ұлына ақылын айтып, қияқ мұртын ширатып, екі езуін қайта-қайта жалайды. Бұны естіген Барлыбайдың төбесінен біреу салқын су құйып жібергендей қалшылдап, Талап әрең деп тоқтатты. Талап пен Барлыбай ауылға келгелі онсызда кейбір о дүниелік болған ауылдастарының үйлеріне кіріп-шығып көңіл айтпағасын кейбір ауылдастарын көшеде көріп қалудан қысылып жүрген, мынандай сөзден кейін көшеге шығуға тіпті жүректері дауаламай қалды. Бұл ауылда бейсауат жұрттың көзіне түсіп жүрген адамға бәрі күдікпен қарайды. Тіпті Талап ауылда сондай адам барын жиырмадан асқанда бірақ білген бір кісі бар. Өзі бұлардан бір-ақ көше әрі тұратын. Ауласы кең. Үйінде шал мен кемпір ғана деп ойлайтын.Сөйтсе әлгі үйдің үйленбеген ұлы бар екен.Шал мен кемпір дүниеден озғасын, зынданнаң шыққандай бозарып шыға келгенде бірақ таныған. Сосында ауыл адамдары тек қапылып жүруге дағдыланған. Қара шаңырағына ие болып, шаруасың шалқытып отырған адамдардың серігіп бір жерге барып қайтуының өзі де қаншама жұртты елеңдетіп, «Неге бүйтті екен?» «Жәй жүр ме екен?» «Не дейді?» деп алаңдататын. Өйткені бұл ауылда табан ет маңдай терімен тиыннан теңге құрап заманның тілін меңгерген адамдардың әр қадамы айналасының да айылын тарттырып отырады.
Ал, көше – қамшы бастырмай күнде ішіп жүретін әрі оған халықтың да көзі үйренген бес-алты ішкіштің еншісіне тиген. Оларды керсінше көшеден бір-екі күн көрмесе ел де елеңдеп, өздері іздей бастайды.
Жақында әкесі қайтыс болған Базаргүл жеңгесін дүкенде кешқұрым кезіктіріп қалып, ыңғайсыз болса да, көрген жерде көңіл айтқан. Келесі күні сол жеңгесінің қызы тұрмысқа шығып құдалық тойында, асықпай сарқыт шәйға барып арнайы құран бағыштап қайтты. Кезінде қақшаң – қақшаң етіп тұратын, тағдырдың теперішін көріп жуасыған көңілі соған мәз болған жеңгесі бір табақ етін әкеліп, бар тәттісін қойып шәй берген. “Айналайын қайным, сен де, анау қыз да тағысыңдар, қанша шақырдым, бір келмейсіңдер. Ауылда айналдырған екі үйміз, туыс болғасын тату-тәтті отыруымыз керек қой”, – деп, өзімсініп өкпе-назында білдірген. Бұл нағыз бір үйдің ғана емес, бүткіл ағайын-туыстың ауызбіршілігін ойлайтын сақа келіндерге тән қасиет еді. Бұл жеңгесі бір күйеуге шығып онымен дәм-тұзы жараспай Талаптың рулас ағайындарының момын ұлына тиіп қарашаңырақтағы кемпірді бағып отыр. Кемпір жетегіне еріп келген қыздың да қуанышына қуанып, сынағын бірге көтеріп, өзегіне теппей бауырына басқан.Бірақ екінші күйеуі туған әкесі болмағасын, ол қыздың алып-ұшпа мінезін өз қызының ерсі қылығындай қабылдамайтын. Туған әкенің жоқтығын пайдаланып бұл қызды басынғандар да болды. Бірақ бір күйеуге тиіп не ене бақпай, не бала таппай жылда қысыр шығатын келіндерден гөрі, әбден көресінін көріп, ащы-тұщының дәмін татып, аяғында осы үйдің отымен кіріп күлімен шығып, бір әуелттің шаруасын шырқ үйіріп отырған бұл келіншекке ауыл разы. Ал оның өткенін қозғап, күл-қоқысты қопарып кейбір әйелдер де, тіпті ерлерде сасық әңгімені қоңырсытады. Алайда жеме-жемге келгенде осы келіншектің көргенін көрсе, жүн жеп жабағы тышып кететіндерін мойындайды. Кеміткісі келетіндердің көбісі қыздай тиген байынан туған балаларының өскеніне ісіп-кеуіп, қайың жұртының бірлігіне дәл осы келіншектей дәнекер бола алмай жүрген кекіре келіншектер. Оларға да Құдай бақ бергесін, бұл жеңгесі қызғанышпен, қарап ләм деп тіс жарған емес. Қайта солардың сөзін елемей ауылдағы әр баланың алдында шыр-пыр етіп, арақ ішіп көшеде жүретін ауылдың еркелеріне де қайным деп іш тартып: “Үйленіп, үйлеріңдегі қарияларға қызық көрсетпейсіңдер ме?” – деп тілеулес болады да жүреді. Бұл жеңгесі ғана емес, қытығы қатты қыз кезінде сауырын сипатпай тепсініп тұрған талай арулар осы ауылға келін болып түсіп, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Солардың бәрі қалалы жерге барса әйелге тән әуестікпен әр неге бір еліктеп, өз-өздерің тежей алмай,байлаусыз болып кетер ме еді? Бұл ауылда дәстүр, ұят, мейірім күн сайын көз алдында көлбеңдеп тізіліп өтіп жатады. Соның бәрі ұжданын оятып,ешбір академия оқытып үйретпейтін дала заңың оқытып, адамдыққа тәрбиелейді. Қуаныш пен қайғыда ауылға ортақ. Былтыр ғана ауылдың бір баласы, ауылдағы бір мекеменің қаржысын жымқырып, сотталмай аман қалып қызметтен шығып, Астанаға кетіп тәп-тәуір қызмет істеп жүріп тағы да парамен ұсталып, алты жылға қамалып кеткен. Алғашқысынан оңай құтылғасын тағы да сөйтіп құтылармын деп ойлап, арқаны кеңге салған болуы керек.Келіншегі балаларымен ата-енесінің қасында қалды. Соны жапан түзде жылқы бағып жүріп естіген ауылдағы Батырбектің жүрегі шым етіп, бір күн ұйықтай алмай мазасы қашыпты. Ал сол жамандық ойласа не деп қайғырады.Туысы да, туғаны да, құрдасы да, сырласы да емес, бар болғаны ауылдасы. Ауылдағылардың әрқайсысында ел білетін бір қайғысы бар. Бірақ сол қайғысын ұмыттырып қатарға қосу, тұтас ауылдың адамдық борышы секілді. Әйтпесе бұл ауылдың кейбір жаны таза адамдары әлде бір сынаққа түсіп, соған ел мүсіркей қараса мұқап қалып жатады.Ауылдағы тракторшы Темірхан осы мүсіркеуді көтере алмай Астанаға көшіп кеткен. Ауылдың маңдайына біткен жалғыз көк тракторымен күндіз-түні көшені басына көтеріп әр үйдің шаруасын тегін істеп жүре беретін. Бірде үлкен тас жолдың бойында жанармайы таусылып тұрып қалыпты. Сол сәтте қатты жылдамдықпен келіп бір жеңіл көлік соғылып ішіндегі екі жас баланың бірі көз алдында мерт болған. Ауданда соты болып бір миллион теңге айыппұл салып түгел ауыл жинап беріп төлеген. Содан Темірханның денсаулығы нашарлап оған кейбіреулердің мүсіркей қарағаны қосылып ақыр соңы үйін сатып көшіп кетті. Кейде қайғы-мұңға қарсы тұра алмай, ар азабына түсіп, бұл ауылдан көшіп кеткендер де жоқ емес.
Құран оқыту
Таңертең, нағашысының үйі Жақсылық көкесіне құран оқытып, көрші көлемді шақырған. Жоғары үстөлде кимешек киген нағашы әжесімен көрші Балбөпе кемпір отыр. Нағашысы Көлбай үйге келген кісілердің көңілін аулап, бірінің итін, бірінің көлігін мақтайды. Көлбайдың бұл мінезін көршілер білсе де мақтау сөзі майдай жағып кейбір кісілер баладай алданады. Әңгіме арасында ауылдың иттері де сөз болып жатыр. Көлбай,
– Иттің төресі арлан ғой, – деп екі үш қайтара айтты. Арлан деген көрші Қошқардың иті. Көлбайдың Майлыаяғының тұқымы. – Айналып келгенде өз итіне теліп тұр ғой бәрін, – деп ауыл иттерінің шежіресіне дейін тарқататын көрші Байбол жылдамдыққа түспей жатқан трактор құсап тырқ-тырқ етіп күлді.
–Майлыаяқ,үйдің тамағын ішіп алып шәй ішіп келейін дегендей тәтемнің үйіне бір барып келіп барып күркесіне жататын еді,- дейді нағашысы Мереке.
Қонақтар дуылдасып өзді-өзі кеу-кеулесіп отыр. Осы үйдің үлкен қызы Оразгүлді алып отырған Талаптың әкесі Жолтай қазіргі вирустың саясат екенін қозғап, – Бұл алпыстан асқан адамдарға қауіпті екен деп аңдамай айтып қалады да сосын жетпіс сексендегі кісілерге қауіпті емес, – деп, екі кемпірдің көңілін аулағысы келеді.
– Қазіргі үкіметтің саясаты алпыс үште пенсияға шыққандарды қоғадай жапырып,баудай қыру. Өйткені, олар сексен, тоқсанға дейін жиырма-отыз жыл пенсия алып мемлекеттің қаржысына масыл болады. Ал, сексенге келгендер енді қанша жасар дейсің деп оларға тиіспейді сіздер уайымдамаңыздар – деп, бәрін біліп отырған кемпірлерді баладай көреді. Төрдегі екі кемпір алданайын деп тұрған жоқ. Шәй үстінде Көлбай көрші кемпір Балбөпенің әр айтқан сөзіне күліп қолпаштап жорта бас шайқайды. Осы кемпір тыныш болсын дейтін секілді. Ақыры тықақтап Балбөпенің қыз күніндегі қызықтарын сұрап қоймағасын, ол да айтып құтылайын дегендей:
– Біздің жастық шағымызда үй деген қазіргідей дүниеге толып тұрмайтын. Әрі кетсе екі бөлме, пештің үстінде қазаның болса бар береке сол.Біз қыз бала болып, көйлек сатып алып кимедік, әжем көйлекті қолдан тігіп беретін,-деп жібек орамалымен маңдайын бір сүртіп алды.
– Ее, ерінге памада жақпай өстік дейсіз ғой, – дейді, Көлбай қалжың шаптырып.
– Мені алып қашқанда әлгі Нұри, сосын тағы бәленше үшеуі өгіз шанамен әкелген. Үшеуінің қайсысы күйеуім екеніңде білмеймін. Әйтеуір біреуі қалар деп отырмын ғой. Сондағысы осы шалым екен. Шүкір, жақсы болып содан туған ұл қыздар да өсіп- өніп кетті, -дейді, ақ жаулығының шетінен шұбатылған ақ шашын жинап,ақ самайын сүртіп. Нағашы әжесі өзін өсіріп сөйлегенді ұнататын бұрымын он күн өріп, бес күн тарайтын байдың қызындай кербез, кісінің бой-басына қарап отыратын кірпияз кемпір, – Мен мотоциклмен келдім ғой, біз бергіде үйлендік қой, – деп әдібін ашпай өзінің заманының көші ілгері екенің меңзейді.ОныБалбөпе сезіп отыр. Сондағы бергісі 1950-жылдар. Екі кемпірдің күйеуге тигендегі жасы он сегіз. Ал Балбөпе 1949 жылы қашып келіпті, арасы не бары бір жыл.
– Біз қыз күнімізде әкемізбен бірге мұз тауға баратынбыз.Үстімізде қалың ішік шашты түйіп аламыз. Үрпе-түрпе қазіргідей бояу-сояу шаштаразға қидырту жоқ. Әй сол кезде, сол шашымыздың өзі биттемейді. Сондай болып жүргенде осы шал алып қашты. Келдік қалдық. Шалың жақсы болса бүкіл қиыншылықты ұмытып кетесің. Бәріне төзесің.Қазіргілердікі бас салып ажырасу! Ол кезде біз бәріне шыдадық,-деп, Балбөпе жан-жағында отырған жас келіншектерге бір қарады да, тістелген ши бауырсақты кесесінің ішіне салып, осы үйдің келініне ұсынды.Жолтай да әңгімеге араласып,
– Апа, жаңа сіз айтқандай мына көрші ауылда Бөкебай деген ақсақал, қызға қыры жоқ бір ұлына өзі әйел әпермек болып, құда түсіп барыпты. Бірақ көрсетуге рең басы келіскен басқа ұлын ертіп апарған екен. Құда да, қыз да ұлды көріп ұнатып келіскен. Сөйтіп, келінді үйіне әкелгесін күйеуің бұл емес, мынау деп үйдегі ұлын көрсетіпті. Келін шошып кетіп, – таныстырғанда басқа еді ғой,- десе, – Айналайын келінжан шырағым бәрі де бір Бөкебайдың баласы ғой, – деп көндіріпті.Сол секілді, ол кезде тәрбие басқа еді ғой,-дейді. Талаптың көзіне екі кемпірдің бейнесі ескі заманның ар-намысын, абыройын арқалап, бұл заманға жеткізген, кейін ел зиярат етер бір -бір кесене болып қалатын әулие аналардай көрінді.Қонақтаркеткесін, қашанғы әдет бойынша өздері қалып шәй ішті. Нағашы әжесі Күләйім көңілденіп отырып түнде жақсы түс көргенің айтты.
–Түнде түс көріппін,құда-құдағи, шалым бәріміз отырмыз екен деймін. Шал мен құда көңілденіп, жарқылдап баяғыдай көсіліп отыр. Құдағи екеуміз тыңдап отырмыз. Сосын орнынан тұрды да екеуі есіктен шығып кетті, жүздері нұрланып тұр, – деді. Өзінің әкесі мен шешесі жайлы әңгіме айтықасын Жолтайдың да іші жылып қалды.
– Құран дәметіп жүрген шығар. Бұйырса жақында қайтқан күні ғой. Жылда құран оқытып келеміз ғой,-деп Жолтай жәутеңдеп жас балаша өз басын өзі сипалайды.
– Дұрыс айналайын, өлі разы болмай тірі байымас.Басқа басқа, әкең саған риза шығар. Осы әулетінің шырағын сөңдірмей отырған, – деді енесі.Енесінің әр сөзі «майдан қылшық суырғандай», Жолтайға да жағып барады.
– Иә, Жолтай болмаса, басқаларынан қайыр жоқ-ау! Шал марқұмда Жолтайына жан теңгермейтін еді. Үміт артқаны ғой,- деп Көлбайда жездесін майда тілімен еркелетіп бақты.
– Бауырларында бас бірлік жоқ әттең! Артына еретін біреу болмады ғой, Жолтай өзі сүйретіп келеді бәрін. Тәтемнің де мінезі бұлқан-талқан. Бәріне төзіп жүрген сенің де басың мықты ғой,-деп Көлбай жездесінің арқасынан қақты. Жолтайдың да көңілі иіп, қазір не бұйымтай айтса да басқа-басқа дәл осы енесі мен балдызынан ештеңе аямайтындай мардымсып қалған. Енесі мен Көлбайдың да әуелгі ойы әбден иін қандырып, жұмсартып алу еді. Сосын жайлап енесі,
– Жолтай-ау, мен саған бір өтініш айтайын деп отырмын,- деп бастады.
– Иә апа, айта беріңіз,-деді Жолтай елгезектеніп.
– Анау Астанадағы Кәкімбектің кіші ұлы үйленемін деп жатыр екен. Соған Кәкімбек не істерін білмей ақылдасуға мені шақырып отыр. Енді мен қалай жалғыз барамын. Көлбай мен келін үйге қарайды, бұлар бар шаруасын тастап кете алмайды ғой, өзімнің жалғыз жүретін шамам жоқ. Соған Оразгүл екеуміз барып келсек деп отырмыз.Үйіңнің егесі сен, сондықтан сенен аттап өтпейін деп рұқсатыңды сұрап отырмын,- деп мәнеріне салып, әдейі әр сөзін шашыратпай баптап айтты.
– Жарайды апа.Үш-төрт күнге тамақты өзіміз бірдеңе қылып істеп ішеміз ғой.Барып келіңіздер,-деп Жолтай да бірден көнді.
– Осы үйге келіп іше бересіңдер ғой. Жеңіскүлім бар,-деп, келінің де маңдайынан иіскегендей еміренеді енесі. Жайшылықта Оразгүлдің осы үйге келгіштей беретініне күңкілдеп жүретін Жолтай бұл жолы енесі мен балдызының майда тілінен ерекше әсерге бөленіп, ләм деп тіс жарған жоқ. Нағашы жұртының кез-келген адамды әуелі идіріп алып сауатының білетін Талап әкесінің баладай көңіліне іштей күліп, өзінің де талай мәрте нағашыларының тәтті сөздеріне сиқырланып осы үйден айналшықтап шықпайтын күндерін есіне алып мырс етті.
Шілдехана
Сексен төрттен сексен бес жасына қараған шағында әжесі дүниеден өтті. Бір әулеттің тілеуін тілеп отырған қариялар сол әулеттің берекесі екен. Орыны ойсырап қалды.Әжесі Жолтайына жан теңгермейтін. «Құлыным» деп үнемі тілеуқор болып отырушы еді. Талап әжесінің өткен өмірінен суыртпақтап сыр тартқанды ұнататын. Немересі алдына басын қойып еркелесе балаша мәз болып, – Осы атаңа тұрмысқа шығатын кезімде өзімнің шешем қарсы болды. Тіпті, бір жас балаға қосқысы келді,бармадым. Мына атаңның менен жиырма бес жас үлкендігін бетіме басып шалға тиесің бе деп кемітті. Атаң марқұм мені алатын кезде жасы қырық бесте еді ғой,-деп бастайтын әңгімесін, қанша рет сұраса да қайталап айтып беруден шаршамаушы еді. Әжесінің бұл әңгімесін бәлен тыңдаса да, бірінші рет естіп тұрғандай үйреншікті сұрақтарын қойып сөйлеткенді Талапта қызық көретін.
– Әже,атам жайлы айтыңызшы,-десе, жүзі жайнап шалын жер көкке сыйғызбай мақтайтын.
– Маған дейінгі екі әйелінен бір қызы бар еді. Күнтолғаннан туған Дәметкен ғой.Жарықтық әкесін қатты жақсы көрді. Күнтолған Төреден кетіп қалғанда шешесіне ермей әкесімен қалыпты. Мені өле-өлгенше «Жеңше» деп өтті ғой марқұм. Өзімнен үш-төрт жас қана кішілігі бар еді. Мен шешемнің қарсылығына қарамай осы шалға тидім. Төре әке-шешеден ерте қалған. Ғұбайдолла деген жалғыз інісі болды. Атаң қайтқанда Ғұбайдолла келіп қойдың жілігімен бата оқытып, егіліп жылаған.Кезіңде атаңның одан басқа туыс-туғаны болмағасын үйленген жылы Аққұмнан, Қызбелге менің әке-шешемнің қолына келдік. Атаң ол кезде мал дәрігері. Кезінде байлардың есігіне жалшы болмаймын деп Тройцкіге барып оқып келген ғой. Сауаты болғасын үкімет қызмет берген. Бірақ шешем шалыма шүйлігіп жүрді. Бір күні үйде жатқан Төреге ұрысып жылқыға жұмсап жатқан жерінен үстінен түстім. Байғұс басы салбырап жүген ноқтасын сылдырлатып кетіп бара жатыр, шақырып алдымда «Бармайсың!» деп қайтып үйге отырғызып қойдым. Сол үшін шешеме қарсы шықтым. Атаң жуас еді ғой. Не керек шалыма айттым «өгізді жек, киіз үйді жина » деп, жүкті буып бірақ күнде Құмшыққа көшіп кеттік.Атаң, – Дариға қайтесің шешең ғой сабырға келгенің дұрыс, – деп еді, бірақ мен шешеме атаңды басындырып қоя алмадым. Әкем марқұм сол кезде « Қызымдікі дұрыс!» деп мені қолдап шешеме ұрысты. Несін айтайын сөйтіп бірақ күнде Құмшыққа көшіп келдік.Киіз үйді құрдық. Ол жерде бес-алты ғана үй бар екен. Содан күн көру керек. Ол кезде үлкен екі қызбен, Ерқанай бар, сенің әкең ішімде. Тістері шығып ауыздарын ашып отыр. Атаңа, – Анау қаптың ішінде ау бар, орыс көргенсін ғой соны өзенге апарып құр, – деп едім, Төре байғұс, – Әй Дариға сенің жүрген жерің береке ғой, – деп қуанып кетті. Ауға екі қап балық түсіпті. Сол мына сенің әкеңнің несібесі ғой құлыным. Екі қап балықта келді, ол балықты шелектеп көрші-көлемге үлестірдік, олардан да қарымтасына шелектеп ұн, май, жілік-жілік ет келіп үйдің іші тамаққа толды. Содан бір күні әкем қанжығасында киіктің текесі бар, құлынды биесін жетектеп босағаға байлап батасын беріп кетті. Одан кейін үкіметте бала басына мал беріп, қыстан қысылмай шықтық. Сол Құмшықта туған сенің әкең ғой құлыным осы күнге дейін шырылдап бауырлары десе жарғақ құлағы жастыққа тимейді, – деп өткен кеткенді еске алса іші босап қалатын. Бұл әңгімені айтып отырғанда, Талап тізесіне басын қойып жатып қалғып кетуші еді. Бірақ әжесінің көзі көрмегесін оны білмей әңгімесін айта береді. Әжесінің шешесі Бадан деген кісі жүз бес жасаған қаршығадай ғана қағілез кемпір болған дейді. Талапты бесікке салыпты. Сосында Талап ұзақ жасаудан дәмелі. Ал әжесінің әкесі Қасымның қызының сөзің екі етпеуінің де себебі жоқ емес, қынадай қырылып, шешектен шетінеген сегіз баладан қалғаны бір ұл мен бір қыз, қыздан қалғаны осы әжесі болғасын бетінен қақапапты. Әжесі өз әкесін әңгіме қылып отырса, Жолтай анасына еркелеп, «Қасым әкеңіз ұлдың жаманы мен қыздың жаманы қалды дейді екен ғой» деп ойнағаны болмаса, анасының сөзін екі етпейтін. Енді бүгін дүниеден өткесін, орыны ойсырап қалды. Он күн бұрын тұмауратып: «Үйде жатқан адамға бұлда бір ермек екен, » – деп елемей отырған. Соңғы демі үзілер күні аяқ асты сәскеде қысылып, іңірге жетпей жүріп кетті. Әжесі сексен жасында «Енді төрт жылдан кейін алып кетемін, оған дейін алаңсыз жүр деп аталарым түсімде аян берген, уақытым болды » деп барлығына ризашылығын білдіріпті. Шалы да сексен бес жасында дүниеден озған. Әжесі тірі кезінде үйде үнемі құмалақ салып отырушы еді. Негізгі ермегі де сол. Шалының қайтқанына отыз жылдай болды. Отыз жыл бойы жан дүниесін түсінетін, сырын да, мұңың да, қуаныш-қайғысын да бөліскен жалғыз адамынан айырылғасын жалғыздықтан жабырқап келе жатқан әжесінің мұңын мына қоғам түгілі кейде өз балалары да түсіне алмайтын. Өзінен-өзі сөйлесе қартайған дейді, кейіп ақыл айтса тыңдамайды, сосын жалғыз өзі отырып жанына медет қылар ермегі қырық екі құмалақ болмағанда қайтеді? Осы ауылдағы әжелердің көбісі құмалақ салып, әр баласының амандығын, саулығын содан сұрайтындай. Күші кеміп, бала-шағасы бір мезет ақылдасып көңіл бөлмегесінде, солардың амандық -саулығын шілдің боғындай шашылған құмалақтан сұрайды ма, кім білсін…? Әйтпесе, әжелердің бәрі соған сенеді деймісің? Бұл да бір жаның түсінетін замандасы жоқ ата-әжелердің бала-шағаның ортасында отырыпта жалғыздықтан зерігіп тапқан ермектері сияқты. Қай үйде үлкен кісі болса, сол үйде құмалақ бар. Ашып отырып үйге жолшыбай бір кісі келіп қалса, жаңа ғана құмалағыма жолаушылап келе жатқан мейман түсіп еді деп мәз болады. Талаптың да ойында Құдайға серік қосу жоқ, бірақ бір мезет ермек қылып отыратын әжелердің осы асай-мүсейінен күнә іздегісі келмейді. Енді әжесінен қалған құмалақтың өзі бұл үшін құнды жәдігердей.
Міне әжесінің шілдеханасында ауылдың үлкендері әңгіме-дүкен құрып, дастархан басында дөңгелек үстелді айнала жайғасқан. «Күйіктің де күлкісі бар» қазалы үйде де қайғы ішке түсіп кетпес үшін көңіл серпілтіп қалжың айтатын қазақтың ескі әдеті болады. Сол дәстүрді жаңғыртып Жолтай таяуда ауданнан келе жатып ауыл мен ауданның арасындағы көлшіктің жағасында жүрген итала қазды қуған оқиғасын айтып бәрінің назарын өзіне аударып отыр.
– Аналығының артынан еріп, жиырма шақты балапанымен жайылып келе жатқан болуы керек, тізіліп суға қарай салып барады. Мені көрді де жаңталасып қашты. Менде алдын қайтаруға тырысып суға қарай жүгірдім. Не де болса тақыр далаға қусам жазық жерде ұстап алуға болады ғой, сөйтіп ішінде екі балапаны ірі екен, соны көздеп ұстай қояйын деп қусам аналығы жер бауырлай құлап тұра алмай қайырылған қанатымен жер сабалап жатыр. Содан ең үлкені сол болғасын шап беріп ұстаймын деп жүгіріп едім, сөйтсем, екі балапаның құтқару үшін жасаған айласы екен, жақындай бергенде зыр жүгірді, – деген де, Бейсенбай килігіп, – Ой, ол сені әдейі қызықтырып тұр ғой, неде болса үлкенін ұстайын дейсің ғой – деп, күлді. Жолтайға қарсы отырған егде жастағы Жұмамұрат деген кісі екі-үш жыл болды намаз оқып,ешкінің құйрығындай бір тұтам сақалы тұштаңдап саф иманды сақилар құсап қалған. Сол Жолтайдың әңгімесінің аяғын білгісі келіп қайта-қайта,сөзін бөліп, – Сонымен не болды ұстадың ба?- дей берді. Оған бір істің өзіне біткені немесе бітпегені ғана маңызды, ал сол екі аралықта не болғаны қызық емес тәрізді. Ал Жолтай ол екі балапанды ұстап алдым дей салатын адам емес, құстың жанкештілігін, қамқорлығын әспеттеп негізі сол арқылы үлкен әңгіме өрбіткісі келіп отыр. Құстың айласының ар жағында, «Олда ана ғой ана баласы үшін жаның құрбан етпейді ме?» – дегенді меңзейтінің шешесінің шілдеханасында көбісі емеурінінен түсінген, бірақ шаш ал десе бас алатын Жұмамұрат үшін оны ұстағаны немесе ұстамағаны ғана маңызды. Ұстадым десе әрі кетсе, – Оны немен асырап отырсың? – деуі мүмкін. Жолтай оның кісәпірлігін қыстырғанда жоқ, әңгімесін әрі жалғай берді. Ақыры аналығының сондай жанкештілігін әсірелеп, ал балапаның ұстағаның ұстамағаның Жұмамұратқа әдейі айтпай қойды. Бейсенбайда итала қаздың ғажайыптары жайлы өзі көрген оқиғасын баяндап берді.
– Ол кезде Сүліктіде мал бағамын, қораның артында бір ін бар болатын, шамасы борсықтың іні болуы керек. Бірақ ескі ін. Бірде сол іннің қасында соған іргелес болып тағы бір ін қазылыпты. Енді қызықты қара жаңағы екі іннің бір жағына итала қаз балапаның басыпты да екінші інге бір қара қаншық ит бар тұғын сол күшіктепті. Ит пен құстың көрші отырып күшік пен балапан баққанын кім көрген. Әлгі қара қаншық талай қойшылардың малына шауып, қозы лақтарын алып кетіп жүретін. Оның күшіктерін аяп ешкім тиіспейтін. Енді кереметін қара, әлгі ит итала қазға тиіспейді әйтпесе малға шауып жүрген неме ғой. Неде болса сол екеуінің аталарында бір қосылатын жері бар әрі де. Әйтпесе інді тесіп балапандарын күшіктеріне талғажау қылар еді, -деп, итала қаз бен иттің бір байланысы барына шүбәланбады. Арқалықтан келген әжесінің ағасының баласы Қасымның кенжесі Айдар да, – Итала қаздың он жұмыртқасының біреуі құмай тазы болады дейді ғой, – деп, елден естігенің айтып еді, Бейсекеңде осы итала қазды менен артық білмейсің дегендей Айдардың әпсанасына, – Ой, ол әншейін аңыз ғой ондай оқиға мыңнан біреу ғана болады болса, тіпті болмауы да мүмкін, – деп тиып тастады. Манағы балапанды ұстады ма ұстамады ма деп әлі отырған Жұмамұрат ондай әпсаналарға әсерлене қоймайды. Осыдан кейін, ет жеп далаға шыққан кісілер де қайта ішке кіріп шәйғаотырды.Айтпақшы Жұмамұрат, Бейсенбай, Жолтай үшеуі құрдас. Бір – бірін сөзден іліп-шалып, біреуі одан әрі асырғысы келіп отырғанының себебі де содан.Зейін салып отырмағандар итала қаз жайлы әңгіме деп ойлады.
Бейсенбі
Түскі астың мезгілі. Дастархан басында ауылдың сексендегі ақсақалы – Тұрысбек, көрші Сәуле және осы үйдің күйеу балалары Берікбай мен Бақыткерей, көрші – көлем ананы мынаны бір қозғап шәй ішіп отыр.Жолтайдың кенже інісі Қошқарбай еркелік өтіп балалығынан арылмай,шалалығынан бес рет үйленген жігіт еді. Бесінші әйелі бұқпалау, момын болатын.Тұрысбектің кемпірі сол келіннің жағдайын сұрап еді, Тұрысбек, – Қошқарбай да бес-алтаудың басын қайырды ғой, – деп біз тілін сұғып алды. Кемпірі шыр-пыр етіп, « Қой, құрысың ақсақал басыңа ондай сөз ұят емес пе» деп қысылып жатқасын, Қошқарбайдың ағасыЕрқанай, – Иә, Қошекеңнің анда-санда сөйтіп бір үйленіп тұратыны бар ғой, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырамыз ба ақсақал сіздікі жөн, – деп кемпірінің көңілің аулады. Берікбай да жаны кіріп, – Жұрт әйелді таңдап жүріп алса, біздің балдыз алып жүріп таңдайды, – деп, бес тиының қыстыра кетті. Сосын ақсақалға құран оқып жіберіңіз деді. Фатиханы заулатып бет сипағасын шәймен әңгіменің ауаны өңірдің мәселесіне қарай ойысты:
– Ауылдың аты өзгерейін деп жатыр дейді ме?- деді, Жолтай ауылдың ақсақалының ойын білмек болып.
– Иә. Әбдіғаппардың есімін береміз деп әкімшіліктегі ішкі саясаттың басшысы Тәжин мен имам келіп өткен жолы маған қолдау хатқа қол қойдырып алған, -деді, ақсақал.
– Осы Есір деген не мағына береді екен?- деп, үш-төртеуі қатар жамырай сұрады.
– Қазіргі ауылдың аты Есір жайлы әркім әр түрлі айтады. Бірі қалмақтың батыры дейді. Бірақ мен өзім кіші жүзден осы елге тойға шақырып келген хабаршы деп естідім. Осы ауылдағы бес-алты үйді шақырып арғы беттегі ауылға барамын деп көпірден өтпекші болғанда суға атымен батып өлген екен. Жұрт айтқанда тыңдамапты. Содан осы көпірде, ауылда «Есір көпір » деп аталып кетіпті. Ал енді мына қыржігіттер айтып жүрген Сүйін осы жерге алғаш қоныс тепкен кісі болыпты, дей бергенде тағыда, – Әлгі қыржігіттердің « Сүйін ауылы » деп атайық деп жүргені сол ғой,- деп отырғандар бір-біріне қарап күбір-күбір ете бастап еді, Ақсақал тамағын кернеп тынышталыңдар дегендей, бір жөткірінді де:
– Ол кісінің бұл жерге қылған еңбегі сол уақытта патша үкіметіне отырған жерің үшін салық төлеп тұрады екенсің. Ал салық төлемеу үшін ол жерді жекеге сатып алу керек болыпты. Сонда Сүйін осы Батпаққара жерін бес жүз қой беріп жекеге шығарып қоныстайтын жер қылып салықтан басын босатыпты. Сосын қазіргі қыржігіттердің негізгі ата қонысына барып Жезқазған, Ұлытау жеріндегі қыржігіттің ақсақалына маған осы рудан соңыма еретін он – он бес түтін беріңіз деп қолқа салыпты. Сонда әлгі ақсақал Сүйінді шоқпар мен маңдайынан бір қойып шекесін жарып тастап, « Өзі азғантай руды шашыратып тоз-тоз қылайын дедің бе?» – деп тулаған көрінеді. Бірақ, алған жері болғасын бос жатпасын олда бір ел болар деп басқа ағайындары қолдағасын ақсақал ақылға келіп бес-алты үйді артынан еріткен екен. Солардың ұрпақтары ғой осы жерге келіп, кейін жал біткесін «Аудан шапқан қыржігіт» атанып 1929 жылы қыржігіт Сейітбек бастап осы өңірдегі ақташы, тағышы, бәйтәжі, секілді рулар бас құрап аудан орталығындағы банкті тонап дүкендерді шауып лаң қылған. Торғайда да дайындалған топ болыпты, бірақ оларды біліп қалып басып тастапты. Кейін осы өңірге Қызбелдегіөтейлер де сол қыржігіттермен құдаласып барып келген. Сүйін осы жерге келгесін маңайдағы халықпен жақындасқысы келіп Қызбелге барып, Қали деген ұлына өтейдің бір қызын айттырады. Қыздың қалың малына қазіргі өтейлердің осы жердегі өрісіне,жайылымына қонысына айналған Жаңатұрмыс деген жерді беріпті. Осы өңірдегі өтей мен қыржігіттер солай жақындасқан, – деп,Ақсақал аудан тарихына бір шолу жасап өтті.
– Өткенде, әлгі Бөкеннің әйелі үйіне жылап келген ұлына ұрысып бұл Қыржігіттердіңжері,сендер кеуделеріңді ешкімге бастырмаңдар. Сырттан келген келімсектерден таяқ жеп үйге жылап келмеңдер деп күшейіп жүргені сол екен ғой, сондағы қалған Қыржігіті осы ауылдағы екі-үш үй ғана ғой. Оның біреуі өзінің байы, екі күннің бірінде ішіп, көрінгеннен бас жазар сұрап жүретін, екіншісі әлгі Әлмағанбет қырықтан асып қатын алмаған. Олардың осы ауылға не пайдасы тиіп жатыр, солардан гөрі мал жақсы, әйтеуір сойып етін жейсің ғой, ,-деп, Сүйіннің ұрпақтарының қазір бұл ауылда көп қалмағанын айтып сырттан келген ауыл адамдары миығынан мысқылдап күліп отыр. Ақсақал, от тұтанып кетпей тұрғанда, басқа арнаға ойысайын дегендей отырғандардың бәрі бірдей әрідегі әңгімеге бойлай бермейтінің байқап бергідегі саясатқа ауысты. Әсіресе, он бес одақ жайлы кеңінен тоқталды.
– Одақтан алғаш шығып кеткен Прибалтика мен Финдер болды ғой.Олар ертеректе Лениннің кезінде бөлініп кетті .Кейін Сталин Прибалтиканы 80 – дивизиясын кіргізіп басып алды. Финдер өздері жеке мемлекет болып қалды. Анау Хрушев дегеннің соғыста жағы сынған, жасаңды жақпен балпылдап сөйлей беретін. 1957 жылы біздің елде ешқандай жемқор болмайды.Соңғысын 1965 жылы теледидардан береміз деп көкіген. Оның саясаты барлық одақтағы мемлекеттерді орыстандыру болған екен. Брежневтің кезінде Алматыда бір-ақ қазақ мектебі болыпты. Ал мына Назарбаев, – дегенде бәрі жан-жақтан жамырай қосылды. Көрген білгендері сол болғасын Назарбаев жайлы әңгімеге бәрі жүйрік. Бақыткерей, – Бұл шалды Қытай ұстап отыр.Бұның денсаулығына қарайтын Қытайдың дәрігерлері екен. Сосын бұлда соларға бәрін саудалап жатыр, -деп соқты. Бұл өзі жалпы әр әңгімеге өз сарынымен ешкім ойламаған ойды қозғап, ерекшеленгенді ұнатады. Сосын үлкен саясаттағы мәселелердің негізгі себебі осында жатыр дегендей иландырғысы келіп, басқалардан бір бәс жоғары, ұтымдырақ айттым деген мақтаныш кеудесін кернеп, өзіне-өзі риза күйде отырады. Шамалыдан кейін тағы бір пәлсапасын соғып, бар екпінімен гүрілдеп, сосын томсырайып әңгімеге араласпай қалады.
– Мына он бес одақ тарайтын кезде Қазақстан ең соңғы болып, артын күтіп барып амалсыз шықты. Басқа мемлекеттер тәуелсіздікті еңбектеніп талас тартыспен алған. Назарбаев сонда одақтан шыққысы келмеген. Ал бәрі кеткесін жалғыз қалдың сенде бара бер дегені ғой Горбачев,-деп Тұрысбек кітаби тілмен ғана тамағын қою шәймен жіпсітіп баппен сөйлеп отыр.
– Он жолдасыңның тоғызы кетсе, қалған біреуіне сенде бара бер дейсің ғой, сол секілді, – деп, Бақыткерей ақсақалдың ойын ауыз екі тілмен тәпсірлейді.
– Одақтан шыққасын Америка мен Қытайды нысанаға алып тұрған КСРО- ның ракеталық атом қаруының базасы Қазақстанда болған. Ол қазіргі Державиндегі әскери база. Жермен жексең қылды ғой.Сол жерде қырық ракета Қытайға, жүз ракета Америкаға бағытталып тұрған екен. Үлкен Буш оны Горбачевке құрт деп айтыпты. Горбачев үлкен Бушқа уайымдама ол жерде отырған халықтың бәрі орыстар, қажет болса жерді тартып аламын дейді. Сөйтіп үлкен Буш Назарбаевты шақыртып, осы ұсынысты өзіне айтыпты. Сонда бұл келіспеген. Атом қаруы бойынша жақсы қаруланған төртінші елміз, ол базаны бұза алмаймын депті. Сосын үлкен Буш екінші рет шақырғанда Назарбаев орысқа соғып ақыл сұрайды. Сонда Горбачев ол жерді бұзамын, бірақ екі жүз миллион доллар, сосын жеті жыл уақыт бер деп шарт қой депті. Ақыры Үлкен Буш соған келісіп айтқанын орындапты. Кейін Державиндегі сол базадағы ядролық қаруларды шығарып жойды ғой. Ондай үлкен қаруды ұстап тұруға да үлкен күш керек. Әлді мемлекеттер қарап отыра ма? – деп, әлемдегі бейбітшілікке шақырған атомнан өз еркімен бас тартқан тұңғыш патшаның негізгі себебі осы дегендей ақсақал саясаттың арғы сілемдеріне құлаш сермеп самаурынның шәйін бойына сіңіре сіміріп отыр. Көрші Сәуледе ақсақалдың бипаздап, баптап айтқан әңгімесі орынды деген сынай танытып, сыпайылық сақтап сызылады. Әйтпесе, Сәуленің саясатпен шаруасы жоқ екені әмбеге аян. Бар жұмысы мектептегі күзетшілік кезекшілігін тыныш өткізіп, келесі адамға тапсырса болды.Бұл әйелдің кезекшілігіңде мектепке әркім бет-албаты емін-еркін кірмек түгілі есігін қағуға дәті бармайды. Осы ауылға келін болғалы істеп келе жатқан жұмысы мектептің ауласын күзету. Ауылдың мектебінде оқыған барлық бала бұл апайдың ащы айқайын алыстан таниды. Көршісі Күләй деген өзі шамалас секпіл бет әйел болған. Ол кісі өлгенше мектептің еденін жуумен өтті. Әр оқушының аяғын аңдып, табанын тінтіп жүретін. Екеуі егіздей еді. Сәуле қазір сол жұмысын әлі атқарып келеді. Сол қызметінің өзімен талайдың шаның қағып, айтқанын істетеді.Керек болса аудан әкімінің өзін пропускасыз кіргізбей қоюудан тайынбайды. Ал, ақсақалдың аузына қарап әр сөзіне басын изеп отырған оң қапталыңдағыЕрқанай саясаттан хабары жоқ адамдай болғанымен, тыңшыдай бәрін бақылап аңдып отыр. Ерқанайдың қулығының қасында Алдар көсенің өзі жіп есе алмайды.Бірақ бұл жерде не айтып жатқаны өзіне тіпті қызық болмаса да ақсақалға да, балаға да, шағаға да « Әй мықты, оқыған кісілер ғой! » деп қошеметшіл болып, қолпаштай береді.
Мешіт оқиғасы
Соңғы жылдары бұл өңірдегі елді-мекендерде ескі қорымдарға ескерткіш қойып, ру-ру болып ата-бабаларының басына белгі соғып ас беру үрдіске айналған. Жеті атасы, екі әжесін білмейтіндер де ру десе аттаңға қиқу қосқыш. Мешіт салуға да ауыл-ауылдың арасында бәсеке қызып тұр.Ауыл халқы бес мезгіл бұтын жуып, қолынан құман алып жүрмесе де Құдайдан үміті бар. Міне осы мәселемен ел- жұрт клубта жиналды. Бұған дейін елдік мәселе, ұсақ-түйек өсек-аяң болсын бәріде ауылға ортақ қос құдықтың басында қызу талқы болатын. Күлтөбенің басы қос құдық еді. Қазір әр үйге су тартылғалы, – Баяғы құдықтың басы дұрыс еді, әйтеуір күнде бас қосып тұратын, қазір үйден шықпайтын болдық,-дейтіндер де бар. Бұл дегенмен шүйіркелсіп тұруға сол құдық сылтау еді дегені ғой. Әйтпесе күннің боранында сол калонкадан су тасуда оңай шаруа емес. Соның өзін сор емес бақ көріп бұданда жаманымызда тойға барғанбыз деп отыратын бұл халықтың жанкештілігі мен көңтерілігі.Қазір жап-жаңа клубтың ішінде жып-жылы жерде отырса да сақтанып дандайсудан ада.Клубтың басшысы Тұрысбектің қолыңдағы немересі Балта, келіні кітапханашы. Кітапханашылық осы үйге түскен жас келіндерге табысталып отыратын қызметтей.
Әр кәлләда бір қиял. Өкіметтің өкілі мектеп директоры Бекзада, – Мешіт емес, ауылға балалар ойнайтын алаң салайық,- деп көрпені өзіне тартты. – Бес мезгіл бұтымды жуып, бес уақыт намаз оқып отырғаным жоқ,мешіттен маған келер пайда шамалы, – дейтін секілді.Жақында депутаттық сайлауға түссе, сайлау алды бағдарламасында ауылда жасаған жұмыстарының ішінде балалар алаңы тұрғаны керек. Соның ұрымтал тұсы осы. Біреулері, – Мешіт дегенді ауылдан бір бай шығып салмайды ма, сосын қалғандарымыз соны мақтамаймыз ба? – деп албаты сөйлесе, біреуінің «Ал, алқа-қотан ағайын» деп бастаған сөзіне жұрт қопарыла күліп жаңғақша шағылды. Келіншектерде қутыңдап қызарақтайды. Мешіт керек дейтіндердің уәжі бұл ауылдағы жалғыз дүкеннің сөресінен мөлдіреп қиығымен қарап тұрған сыраны көрсе естерінен айырылып қалатын ішкіштер көп, мешіт пен молда болса олар да түзелер десе, енді бірі, – Есі кеткен ауылға есек азаншы, осы ауылда Саматтың көк есегінен басқа ақырған дауыс естімейміз, мешіттің азаны естілсе жұма намазына баратын едік қой, – дейді.Әрітартта бері тарт қылып, ақыры ауылдықтардың жартысынан көбі жұдырықтай жұмылып мешіт салу керек деген байламға келді. Алдымен ауылдың ақсақалы, кезінде бүкіл ауылдың ақшасын шашауын шығармай шотқа қағып шемішкеше шағатын пошташы Тұрысбектің атына ақша жинайтын қор ашпақшы. Қара жұмысын бақылаушы ақсақалдың немересі – Балта. Бұл өзі екі-үш жыл бұрын Талапқа намаз оқиық деп қолына діни кітап ұстап молдалыққа үйірсектеп жүрген. Сол тысында «Киелі кітап» деп жазылған оқулығын ашса Иса Мәсіх жайлы қиссалар екен. Енді бүгін ауыл халқының сыртқа айбар қылып отырған ай мүйізді серкесіндей. Ауылда сақа жігіттердің көбі құлқынсәріден сыраны сіміріп ықылық атып жүреді. Ал, осы ауылдың әкімі қатын басшы.Сарайынан шықса айыппұл салғыш. Бір жылы құйқалы жердің бәрі қойдың басындай үйітіліп қуаңышылық болғанда ауыл халқы құрбандық шалып тасаттық берген, өзен жағасында дастархан жайып дұға оқытқан. Сол кезде осы әйел әкім барып, бұл рұқсат етілмеген жиын, тараңдар деп сілкіп-қаққан. Тарағаннан кейін аспанда біреу К-700 – тың капотын сүйретіп жүргендей күн күркіреп, найзағай ойнап толассыз жаңбыр, бөтен ауылдың шабындығына құйып тастапты. «Тақия тастап ойнаса, таздың арты қылп етер», өздерінің шабындығына құймағасын, ауыл адамдары құрбандыққа шалынған ұрланған мал деп, мал иесінен күдіктенген. Айтыс-тартысқа ұласқан мешіттің дабыры көрші ауылдарға да жетіпті. Алланың үйі дегенде сауап іздеп садақасын аямайтын кейбір мәрт жігіттердің қаражатымен, Талап, Балта шамалас ауыл жастары мешіттің ірге тасын құюуды көктем шыға бастап кетті.Басталған істің басына ауылдың кейбір үлкендері келіп қолдап жатса, кейбірі осы мешіттің не керегі бар деп кіржіиіп тыржиып жүрді. Ірге тасын құйып болғасын жиналған ақшаның да түбі көрінді. Ақшаның шашауын шығармай дұрыс жұмсайтын есепші болмаса, үйінің төрт терезесін жауып тастап, қараңғы бөлмесінің есігіне әйелін қарауыл қылып қойып бір миллионды бірнеше рет санайтын бұл ауылдың ерлері есепке шорқақ. Бұрынғы пошташы Тұрысбек ақсақалдың шотына қарайтын заман өткелі қашан, жалғыз заманауи есептің тілін білетін Талаптың сыныптасы Момынжан ғана. Ол аудан мәслихатының бас есепшісі еді. Аудандағы тіс қаққан тәжірибелі есепшілерде Момынжанның білімін бас ұра мойындайды. Сондықтан қомақты қаржыны игере алатынына ешкім шүбә келтірген жоқ.Момынжанның қасына Талап,Аманжол, Арыстан секілді ауыл жастары атқосшы. Тізім бойынша ақша жинауға кіріскелі, халықтан салық жинаған шолақ белсендідей әркімге әй кәпір болды. Қаражат жиналған сайын қалаға құрылыс заттарын әкелуге Балта мен Момынжан барып келіп жүрген. Істің ортасына келгенде жұмсаған ақша, алған зат, жасаған жұмыстын есебін сұраушылар көбейді. Момынжан да, – Ақшаны бермегендер жібере беріңіздер, менің өз жұмысымда бар екенін білесіздер қолым қалт еткенде есептеріңізді жіберемін, – деп қапылып жүргендей кейіп танытты. Шамамен қанша қаражаттың жиналып қалғанын, әр тиынын санап жүрген қолы бос жұрт өздерінше есептей бастаған. Ақша аз, санаушы көп. Бәрі қырандай қырағы, қалт жібермей қарайды.Оған қоса мешіт салуға еріктілер күн санап көбейіп құлшынып тұр. Бірақ құрылыс заттарын әкеліп жүрген Балта мен Момынжанкейіңгі уақытта қипақтап, сөздері сырғытпа, істің соңы сиырқұйымшақтанабастағасын, ақыры қолға алған жігіттер баратын көлікке дейін өздері тауып, аяқ қолын матап сылтау айтуға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп Балта мен Момынжанды қалаға жібергендер бұйырса құрылыс заттары келсе бір айдың ішінде жұмысы бітіп қалады деп білек сыбанып отырған.Қарсы болып, керітартқандардың да аптығы басылып, бұл мешіттің салынбай қоймайтынына көздері жетіп сабаға түскен. Жұмыста өне бастаған кез. Бірақ әуелде, ала қойды бөле қырқып, ортақ игілікті бөле жарған істің ауыртпашылығы болмай тұрмайды екен. Қаладан әне келеді,міне келеді деп күткен жүк көлігі жұрттың дегбірін қашырған.Ақыры күткен көліктен бұрын ауылға қаралы хабар келіп, төбелерінен жай түскендей болды. Момынжанның бұл сапары мәңгілікке сапары болыпты. Артында аңырап анасы, қайғырып бауырлары қалды. Момынжанның үйлену тойын күтіп жүрген ағайын-достары жылап-сықтап жаназасына жиналды. Марқұмның шілдеханасында ауыл үлкендеріне қарата туған ағасы Рақым :
– Осы мешіттің жұмысын қаршадай баланың мойынына жүктеп қоймай, жауапкершілікті әуелден өздеріңіз алсаңыздар болмас па еді? Құрылысты қолы білетін Мұхаммед аға бар, елге екі сөзінің бірі өтетін Жолтай ағаның басы-қасында жүретін реті еді ғой. Момынжанның мойнына артып ақыры не болды?Бұл баланы кім тыңдайды?- деп, отырған ауыл үлкендерінің бетінен алды. Марқұмның жамбасы жерге тимей жатып, « Не үшін өлді?», «Кім өлтірді?», «Жиналған қаражат қайда екен?» деп, күбірлеп жатқандар да бар. Әсіресе, әуелден қарсы болғандар еселері түгенделердей, – Момынжанныңтүбіне жеткен осылар, – деп, сұқ саусағымен көрсетпесе де сыртынан Талап, Балта, Амандарды сықпыртып ағаш атқа теріс мінгізді.
– Бұдан кейін мешітке деп ақша жинауды қоятын шығар бұлар.Тіпті ақша бермегенімізді бетімізге қайта-қайта салық қылып еді. Енді мына бітпей қалған мешітті көрген сайын Момынжанның анасының жүрегі қарс айырылатын болды-ау!-деп, айқайға сүрен қосып жатқандар да болды. Сүйекті жерлеу кезінде ауыл молдасы Талапты топтың ішінен қабірге түсіп көмектесуге шақырып алды. Елдің көзінше түспей қоюуға намыстанып, аяғы дірілдеп әрең барды. Топырақты өлім молданың үйреншікті кәсібі. Кеше ғана қазылған жас қабірдің ішіндегі қараңғы лақадқа кіріп жылтың- жылтың етеді. Талап лақадтың ауызынан әрі қарай басын сұғып еді суық көрдің іші тас қараңғы. Жүрегі ауызына тығылып ішінде қалып қоярдай жаны қысылды. Дәті шыдамай, – Шыға берейін, – деп еді, – Жоқ,жоқ, мәйіттің аяғын жақсылап орналастыр, лақадтың түп жағына қарай отыр, – деп одан сайын молда бар шаруаны осыған ысырды. Өзі лақадтың ауызында, бұны шығып кетпесін дегендей жарықты бүркемелеп мәйітті күтіп тұр. Талаптан суық көрдің ішінде сүмектей тер шығып, сүйек келгенде жаны алқымға тығылды. Мына көрден аман шықсам екен деп тіледі. Молдекең мәйіттің аяқ жағын Талапқа ұстата беріп, жақсылап жайғастыр деп зекіптеалады.Әйтеуір, әйтүп-бүйтіп қабірден шыққанда өмірге екінші рет келгендей еңіреп жібергісі келді. Бойкүйездіктен арылып, ендігі өмірдің әр сәтін құр жібермей алға ұмтыламын дегендей ширығып шықты. Бұл сәт, Талаптың осы уақытқа дейінгі қара басының қайғысын қиындық деп жүргені еркелік, қайғы-мұңға шырмалып шығырды шыр айналған өгіздей айналсоқтап жүргенін саңылауына жеткізді.Бұдан былай жаңа өмірдің есігін ашып,алға жүру керектігін ұқты. Қабірдің ішіндегі бес минут ,бес сағаттай болды. Өмір сүру бақыт екен. Қара аспанды төндіріп бақытсыздық деп жүргенінің бәрі күпірліктей. «Сол қабірде күллі адамның түбі бір есеп беретіні анық.Оған дайынмын ба, жоқ па?Ажал алам десе алды артыңа қаратпай алады екен. Жер бетіндегі әр адам ертеңі емес, өткені емес дәл осы сәтінің құнын білсе, соны сый деп, бақыт деп, бағалар еді. Міне сонда өмірдің әр сәті, әр секунды ғажап» деген ойға батып, қабіршілердің қандай іс жасап жүргендеріне бір сәт құрметпен қарады. Олар осы қабірді құдық қазғандай қазып,лақадқа емін-еркін жатып үйренген. Ауылдағы Сиязбек бастаған қабіршілер талайдың мәңгілік үйін соққан.Талаптың нағашысы Көлбайда «Сиязбек қазған қабірден ешкім шығып көрген жоқ» деп мақтайды. Қабіршілер бірде, қоршауы жоқ моланың үстінен түсіп сүйектер тауып алса, бірде ақым тамды қазып жатып омырылып құлаған басқа бір қабірдің лақадын опырып кіргенін де айтады. Бойлары әбден үйренген. Бірде тіпті қазып жатқан көрдің ішіне Бөгетбай деген қабіршіні тірідей көміп тастапты. Шамалыдан кейін ашса, зәре-құты қалмаған қабірші көзі алақтап талып жатыр дейді. Өмірге арыз-шағымы көп адамдар мына қабіршілермен бес минут көрге кіріп шықса көп игілікті түсінер еді деп ойлаған Талаптың сол күннен бастап екінші тынысы ашылғандай. Жаңа өмірді бастауға не кедергі болғаның енді ұқты. Ол басқа біреу емес, өзінің ойы екен.Тау басында сілкінген сілеусіндей бойындағы барлық жабысқан жаман ойды сілкіп тастап, қабірден ширығып шыққаннан кейін құрдастарымен бірге Момынжанмен оңаша қалып қоштасты.
– Әттең, жігіттер! Момынжан бізге неге бір ауыз айтпады екен? Әлде басына түскен істі көтерісуге жарамайтын,бізде құр бөспе, қуыс кеуде болдық па?-деп, Талаптың салы суға кетті.
– Қызыл сөзді қуып жүріп, өзімізде ештеңе байқамадық қой,- деп Арыстан да өзін кінәлі сезінді.
– Жігіттер өздеріңді жазғырмаңдар, меніңше Момынжанның обал-сауабы алауыз ауылдың әр адамының мойынында.Осы жұрттың сөзіне қаламын деп тапқан жолы болып тұр ғой, әттең!-деп Балта ауыл халқының бірлігінің жоқтығының да кесірі тигенін тілге тиек етті.
– Бұл жұрт не айтпайды? Мешіт саларда қол жәрдемін беріп қолдауға жарамаса да, керітартпай, келеке қылмай, үндемей қалу қолдарынан келмеген жұртқа өкпелеп тоныңды отқа жаққаныңнан не пайда таптың? Момынжанның бір шалыс басқанын өлгенше сөз қылардай осы жұрттың бәрі періште емес еді ғой? Жұрттың қысыр сөзі, өсегі мен жаласы қашан бітіп еді? Бетіңнің де қалың болмағаны ғой. Әйтпесе, талайымыздан таза,былғанбаған жан сен едің,- деді Асылан.
– Иә,ұяттан өлім күшті, ұят өлтірді-ау! Ажалының өзі ұятын жеңе алмай, қылмыс жасаған талайлардың талтаңдап ештеңеге селт етпей жүргенің әшкере етті ғой,- деп, бәрінің басы салбырап, айырылып қалғандарына көздері жетіп көңілдері сенгендей.
– Сыныптастардың ішінде өмірі сөзге келіп, жаға жыртысып көрмеген жалғыз жан Момынжанекен.Бала кезімде сыныптас болатынымды қайдан білейін, қолында темір сапты қамшысы бар, үйінің алдында ойнап жүрген, қолынан жұлып алып, құлаштап тартып-тартып жіберіп үйге қашқаным есімде. Ол балалық еді ғой, соны да бетіме бір баспай кеттің-ау! -деп, Берікте Момынжанға жасаған әлімжеттігіне қысылып тұрғандай. Мектептегі әрбір мақтау қағазына дейін сандығында сақтап әрбір сәтті ұмытпай айтып жүретін Сабыржанда Момынжанның бірінші сыныптағы балуыз кезін еске түсіріп:
– Бірінші сыныпқа біз бірге бардық қой. Бірінші партада басын қос қолымен бүркеп, күннің шуағына марғауша маужырап ұйықтап қалғанда, бүкіл сынып қызық көріп күліп едік. Сабақ айтып тұрып «Сал-сал білек,сал білек» деген тақпақтың соңына жете алмай біздің қылжағымызға солқылдап тұрып жылаушы еді марқұм. Біз қызық көріп күлетінбіз! -деп, көздері мөлдірейді.
– Иә, Момынжанның мейіріміне ауылдың кішкентай балаларының да мейірі қанып еркелей алатын. Біреуі мойнына мініп, біреуі балағына оратылып, он шақтысы соңынан қалмай солардың арасында бәйтеректей ырғалып тұрушы еді. Құртпақалардың өзі құрдасындай ойнап, «Аға» демей «Момынжан» деп атың атап тиіспейтінің оларда білуші еді. Әттең бәрінің көңіліне қарап ауылда қалды ғой!Әйтпесе, білім қуып он жыл қалада жүріп, шыңға шығуға шамасы жетпеген шанағы шақты біздейлерден Момынжанның білімі де, білігі де жоғары еді, – деп, Талаптың да Момынжанның шың мәніңде сыныптағы ұл-қыздардан әлдеқайда өресі биік екенің айтуды тірісінде қимай, өлгесін ғана мойындап тұрғаны да құр көлгірсуі еді. Қу тіршіліктің қамымен тарыдай шашылып мектеп бітіргелі Момынжанмен арасы үзіліп енді жаназасына келіп тұрған құрдастары да жан-жақтан бас шұлғыйды.Соның бірі Ерболда Талаптың сөзін жалғап Момынжанды нағыз ер санайтының айтып ағынан жарылды.
– Иә,оныңшындық,бірақ білімді бола тұра ер туған жеріне,ит тойған жеріне дегеннен таңбай ауылға арқасын тіреп,өзі де елдің жүгін арқалады ғой. Арың сатпады, атақты қумады, жеке бастың бақытын ойламады. Барын бағалап анамды бағамын деп қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінің түтетті. Осы қасиетімен де бәрімізден биік тұр, -деп, көзінің тірісінде айта алмаған мақтау-мадақты аямай үйіп-төгіп жатыр. Қазақтың өлген адамға жер бетіндегі бар марапатты қия салатын әдетіне сай, бұларда кеңдік қылуда.
– Тіпті осы мешітті салуды ауылда алғаш болып армандағанда Момынжан еді. Біз секілді жылмыңдап абырой жинап қалғысы келетіндер оны алашапқынға айналдырып науқаншылап кеттік қой, – деп мешітті бастағалы қасында бірге жүрген Балтада да пендешілік пиғылын жасырмай арсыздана мойындайды.
-Білместігімізді кешір! Кісіге қылдай қиянат қылмай, сәбидей қалпыңмен о дүниеге аттаңдың! Алла алдыңнан жарлықасын! -деп, Момынжанның қазасына қабырғалары қақырап, қабірдің басында дұға оқып бір уыс топырақ салып қоштасты.
Астана қаласы