Шымкенттегі «Ақтас» полигонында «Найза-Антитеррор-2023» Республикалық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған семинары өтті.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған отыздан астам адам «Террористік қауіп жағдайындағы журналистика» атты екі күндік іс-шараға қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – арнайы тілшілерді терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақтағы оқиғаларды жариялауға дайындау, сондай-ақ теориялық білім мен дағдыларды тәжірибеде пысықтау.
ҚР ҰҚК Терроризмге қарсы орталығы штабының басшылығы құттықтау сөзінде қазіргі жағдайда терроризмге қарсы іс-қимыл ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып отырғанын атап өтті.
«Қазір терроризм мемлекет дамуының көптеген маңызды аспектілеріне теріс әсер ететін ірі әлеуметтік проблемаға айналды. Біз терроризмге қарсы іс-қимылдың ең өзекті міндеттеріне және бұқаралық ақпарат құралдарының осы процестердегі рөлін күшейтуге арналған осындай өкілді іс-шара ұйымдастыруға қуаныштымыз», – деп атап өтті сөзінде.
Семинар аясында «Дағдарыс жағдайларының ерекшеліктері», «Дағдарыс жағдайларын жариялаудағы журналистердің рөлі», сондай-ақ «Терроризмге қарсы операция барысында БАҚ өкілдерінің құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдармен ситуациялық ден қою және өзара іс-қимыл алгоритмі» баяндамалары тыңдалды.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар әртүрлі арнайы операциялардың қалай жүргізілетінін көрді. Мысалы, журналистер ҚР Ұлттық ұланы «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесімен бірлесіп, елді мекенде террористерді бейтараптандыруға қатысқан іс-шараны тамашалады. Әрі қарай ұйымдастырушылар шығармашылық сала қызметкерлерінің басып алу және тұтқындау жағдайында кәсіби әрекет етуге дайындығын тексерді.
Соңында қатысушыларға семинардан өткені туралы куәлік табыс етілді.
“Семинарда әріптестер тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Мысалы, террорлық оқиға ортасында болған адамдармен жұмыс істеген психологтар шақырылса дедік. ҰҚК органдарының ашық болуға ұмтылысы қуантты. Енді кейбір ақпараттарды алуда жеделдік керек. Осы турасында да ой-пікір ортаға салынды, – дейді “Қостанай таңы” газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин.
ҚР ҰҚК АТО штабы