“Шахмат керуені” Қостанай төрінде

“Шахмат керуені” Қостанай төрінде

Елдің барлық өңірін аралауға жолға шыққан «Шахмат керуені» Қостанайға келіп аялдады. Ұйымдастырушылар Тобыл-Торғай өңірінің үздік ойншыларын іріктеді. Жеңімпаздарды ақшалай сыйлықпен марапаттап, Түркістанда өтетін республикалық жарысқа жолдама берді.

Республикалық жоба аясында Қазақстанның 20 қаласында ашық шахмат турнирін өткізу жоспарланған. Күні кеше қостанайлық шахматшылар шеберліктерін сынап көруге мүмкіндік алды. Мұнда қатысушылар жасына және тәжірибесіне қарамастан, өздерінің интеллектуалды қабілетін көрсетуге күш салды. Тарихи оқиғаның бір бөлшегіне айналуға ниеттенген үміткерлер Түркістандағы Гранд-турнирге жолдама алуға бел буынды.

            « Бұл – шахмат спортын сүйетін қауым үшін үлкен мереке. Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өтіп жатыр. Жарыс әсіресе жас спортшыларға жол ашатын тамаша мүмкіндік болғалы отыр. Жалпы, Қостанайда бұл спорт жақсы дамып келеді. Бізде 30 жаттықтырушы, 58 секция бар, 1500-ден астам шахматпен айналысады. Әлемге әйгілі жерлесіміз, 11 дүркін чемпион А.Уфимцев – мақтанышымызға айналған тұлға. Бүгінде оның ізін басқан Петр Костенко, Диана Асаубаева, Ақерке Молдағалиева, Павел Юмков, Иман Өтеулин секілді көптеген жас спорт шеберлері бар. Бұлардың әрқайсысы еліміздің болашағы. Осы жарыс та жаңа есімдерді анықтап беретініне күмән келтірмейміз», – деді жобаның ашылу рәсімінде сөз алған Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Жобаны ұйымдастырушылар – Қазақстан Шахмат федерациясы және оның бас серіктесі Freedom Broker компаниясы. Федерация өкілдері мұның бір күндік қана жоба емес екенін, мұның зияткер ұлт қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды кезеңі екенін айтады.

            «Мемлекет басшысының өзі «шахмат ойынын дамытуды жеке бақылауыма аламын» деген еді. Осы жауапкершілікті міндетімізге алып, алға адымдап келеміз. Федерацияның жаңа басшысы жылға жетпейтін уақытта ауыз толтырып айтарлық іс-шаралар ұйымдастырды. Елімізде бұрын-соңды болмаған үш бірдей әлем чемпионаты өтті. Бүгінде шахматшыларымызды әлем таниды, споршыларымызға қаймыға қарайтын болды. Қазақстан өзін «шахмат державасы» ретінде көрсете алды. Әлбетте, егер өңірлер тірек болмаса, мұндай дәрежеге жетпес пе едік. Сондықтан осындай керемет жобаның тұсауы кесілді», – дейді Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенді Александр Бабенко.

«Шахмат керуені»  14 мың шақырымды жүріп өтпек. Қостанайға дейін алғашқы мың шақырым еңсерілген. Керуен жолға түскелі жоба аясында мыңнан астам адам қамтылыпты. Ал Қостанайда теңбіл тақта турнирі 15 қыркүйекте бастау алған еді.

Керуен өкілдерінің алдында, жарыстың жартылай финалында іріктелген үздіктер «Блиц жекпе-жектен» бәсекеге түсті. Шешуші сында облыс әкімдігі ғимараты алдына орналастырылған, киіз үй стилінде безендірілген ойын залдары жарыс алаңына айналды. Жүлдегірлердің есімін кейінірек жариялайтын боламыз.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген Б.Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу