Қостанайда көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғасында жазылған синтетикалық есірткі туралы жарнамалар көбейіп барады. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында Полиция департаменті 1000 бейнебақылау камерасын орнатпақ.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен ерікті студенттер бірлесіп, есірткі жарнамасына және оның таралуына қарсы акция өткізді. Қостанайда бұндай акция жыл сайын өткізіліп келеді.
Қостанай облысы ПД-нің есірткіге қарсы қылмыс күрес басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерәділова осы жылы бұндай акция тоғызыншы рет ұйымдастырылып, осы уақыт ішінде 300-ден астам граффити боялып, есірткі жарнамалары жойылғанын айтады.
«Жазуларды бояу үшін біз үнемі еріктілерді, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін тартамыз. Мұндай жазулар тек КСК шағын ауданында ғана емес 5-ші, 7-ші, 8-ші және 9-шы шағын аудандарда да бар. Негізінен мұндай жазулар бейнекамералар орнатылмаған жерлерде салынады. Олар бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын біледі», – дейді Айгүл Ерәділова.
Акцияға 20-ға жуық студент пен еріктілер қатысты. Олар Қостанайдағы 7 шағын ауданындағы № 10 орта мектептің маңындағы №3 үйдің қабырғаларындағы есірткі жарнамалары мен оны тарату бойынша жұмыс ұсыныстары бар Telegram-арналарға сілтемелерді бояудан бастады.
Синтетикалық есірткілер негізінен ғаламтор желісі арқылы саудаланады. Қазіргі уақытта Қостанай облысы бойынша 2 мыңға жуық адам есепте тұр.
«Синтетикалық препараттар ауыр жанама әсерлерге ие және қайтымсыз процестерге әкеледі. Себебі, олар организмде метаболизденбейді, жойылмайды. Адам препаратты бір рет қолданғаннан кейін ешқашан психикасын қалпына келтіре алмайды. Қазір біздің орталықта бұрын есірткі қолданған бірнеше ондаған психикалық науқастар емделуде. Олардың басым көпшілігі жастар. Сондықтан біздің міндетіміз – қоғамды ешбір жағдайда есірткі қолданбау үшін салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», – деді «Қостанайдың жас көшбасшылары» ҚБ төрағасы, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлсім Бисімбаева.
Полиция қызметкерлері мен еріктілер жұмысты 7 шағын ауданда аяқтап, содан кейін КСК шағын ауданына барды. Мұнда жазулар Жастар бульварының маңында және Текстильщик көшесіндегі № 23 үйдің қабырғаларында, жылу трассасында, тіпті автобус аялдамасының әйнегіне де жазылған. Еріктілер еріткішті қолдануға мәжбүр болды.
«Есірткінің адам өміріне зияны орасан зор. Соны жасөспірімдерге барынша түсіндіру қажет. Осы кеселмен күресте өз үлесімізді қосып келеміз. Бұған дейін бірнеше акцияға қатысқан болатынбыз», – дейді акцияға қатысушы Сұлтан Мәлікайдар.
Денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында өткен акцияға «Қостанайдың жас көшбасшылары» қоғамдық ұйымы да қатысып, студенттерді жейде, бетперде, кепкамен қамтамасыз етті. Акция әлі де жалғасатын болады.
Әсел ҚИБАШ
Суретті түсірген Б.Мейрамұлы