Темір жол вокзалының тарихи келбетіне нұқсан келмейді

Темір жол вокзалының тарихи келбетіне нұқсан келмейді

Қостанай қаласының теміржол вокзалы қазіргі уақытта жаңғыртылу үдерісінде. Бұл жұмыстар Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды бағдарлама аясында жасалуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов темір жол вокзалында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Жұмыстар өткен жылы басталған. Толық аяқталуы осы жылдың қыркүйек айына белгіленіп отыр. Жүргізілетін жұмыстарға қас-бетті жаңарту, шатырды ауыстыру, күту залдарын, касса аймақтарын және санитарлық бөлмелерді жөндеу, пандустар мен қауіпсіздік жүйелерін орнату, аумақты абаттандыру кіреді. Сондай-ақ ішінде эскалаторлар мен жедел саты орнатылады.

blankblank blank blank

 

«Жалпы 2025 жылы Қостанай облысы аумағында алты теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда барлық вокзалдар бойынша жұмыс көлемінің шамамен 76 пайызы орындалды. Ал нақты Қостанай теміржол вокзалы бойынша атқарылған жұмыстар 44 пайыз. Менің міндетім – нысандардағы жұмыс барысын тұрақты түрде бақылап отыру. Қазіргі таңда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, айтарлықтай кідірістер жоқ. Қостанай вокзалы бойынша айтар болсам, қазір төбені қаптау, терезе блоктарын орнату, қасбетті жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы кезеңде белгілі бір қиындықтар болды. Бұл вокзал жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде тіркелген еді. Сондықтан тиісті рәсімдерді жүргізіп, мәртебесін қайта қарау, жұмыс жобасын әзірлеу қажет болды. Жоба мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, оң қорытынды алынды. Қазіргі барлық жұмыс бекітілген жоба аясында атқарылуда. Бұрын бұл вокзалда эскалатор мен лифт болмаған. Қазір олар заманауи талаптарға сәйкес орнатылады. Бұл – халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін қажет. Ғимараттың бір жағында эскалатор, екінші жағында лифт қарастырылған», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясының менеджері Никкель Владимир.

blank Сондай-ақ, вокзалда автоматты микроклимат жүйесі орнатылады. Бұл күрделі инженерлік жүйе арқылы ғимарат ішінде жыл он екі ай сапалы ауа айналымы қамтамасыз етіледі. Жоспар бойынша барлық жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқталады.

blank

«Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде теміржол вокзалдарын ауқымды түрде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңартудан кейін Аманқарағай теміржол вокзалы өз қызметін қайта бастады. Қостанай қаласындағы теміржол вокзалында соңғы жөндеу жұмыстары 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Теміржол вокзалы – негізгі көлік инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі. Бұл – қаланың келбет айнасы, қонақтар үшін алғашқы әсер қалыптастыратын орын және тұрғындарымызға арналған жайлы кеңістік. Күн сайын мұнда мыңдаған жолаушы – облыс тұрғындары, кәсіпкерлер, қонақтар мен туристер қатынайды. Сондықтан заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау ерекше маңызға ие. Қайта жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы 7,4 мың шаршы метрден 10,4 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары 98%-ға аяқталды, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 44%-ға орындалды. Күту залдары мен билет кассалары, санитарлық тораптар жаңғыртылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізіледі. Қайта жаңғырту барысында кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарт адамдар және балалы жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай қамтамасыз етілуі тиіс. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен жайлылық деңгейі айтарлықтай артады. Жаңартылған вокзал жолаушылар ағынын және іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді, өңірдің көлік қолжетімділігін жақсартады. Қостанай қаласының заманауи және қарқынды дамып келе жатқан қала ретіндегі имиджін қалыптастырады. Жаңартылған теміржол вокзалы заман талабына сай, ыңғайлы және жайлы орынға айналады», – деді Құмар Ақсақалов.

Жертөле қабатта санитарлық тораптар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар, ана мен бала бөлмесі және қазіргі талаптарға сай барлық қажетті қызметтік үй-жайлар орналасады. Тарихи келбетті сақтау мәселесіне келсек, ғимараттың негізгі конструкциялары өзгеріссіз қалған. Жаңғырту барысында тарихи сәулеттік бейне сақталып, тек жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан жаңғырту жұмыстары ғимараттың тарихи келбетіне нұқсан келтірмейді.

blankОблыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмаз Есенжолов вогондарды да жаңалу жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті.

blank

«Қазіргі таңда бағыттарға төрт құрам қызмет көрсетеді. Жалпы вагон саны – 76. Оның 38-і – жаңа вагондар, ал 38-і – ескі. Соңғы жаңарту 2024 жылы жүргізіліп, 10 вагон жаңартылды. 2026 жылы Астана бағыты бойынша тағы 10 вагонды жаңарту жоспарланып отыр. Келесі маңызды бағыт – Қостанай–Арқалық бағыты. Бұл бағытта да вагондар бар, алайда олар қазақстандық емес, жеке, түркиялық компанияға тиесілі. Қазақстанда осы бағыт бойынша отандық қалыптастырылған жолаушылар вагондары жоқ. Қолданыстағы вагондардың бір бөлігі 1990 жылдардан қалған, кейбірі одан да ескі. Біз тасымалдаушылармен алдын ала келіссөздер жүргіздік. Алайда олардың тарапынан нақты жаңарту жоспары әзірге ұсынылған жоқ. Облыс атынан тиісті хаттар жолданды. Арқалық–Астана бағытына қазір екі құрам бар, әрқайсысында 18 вагоннан, яғни күн сайын 9 вагон қатынайды. Бұл вагондардың да басым бөлігі 2000 жылдардан қалған немесе одан ертерек шығарылған. Компания өкілдерінің айтуынша, 2026–2027 жылдары вагондарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған. Бұл жөнінде алдын ала растау бар», – деді басқарма басшысы.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Қазақстанда жолаушылар вагондарын өндіретін зауыт Петропавл қаласындағы бар екені айтып өтті. Құмар Ақсақалов бұл кәсіпорынмен жеткізу мәселесі бойынша келісім жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сондықтан алдағы уақытта тасымалдаушылармен бірлесіп, вагон паркін жаңарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.

blankАйта кетейік, Қостанай облысындағы алты вокзал жаңғырту жобасына енген. Олар, Қостанай, Арқалық, Тобыл, Рудный, Аманқарағай және Құсмұрын. Жуырда Аманқарағайдағы вокзал жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Өзге вокзалдардағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ