«Ауыл» партиясы Қостанай өңірлік филиалының ұжымы «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» деген тақырыпта кеңейтілген отырыс өткізді. Саяси кеңестің жиынына «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов арнайы қатысты. Басқосуда Конституциялық реформалар және жаңартылған Ата заңның мазмұны мен маңызы кеңінен талқыланды.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов жаңа Ата заңның жобасындағы бірқатар өзгерістерге тоқталды. Әсіресе, жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені анық жазылғанын құптады.

«Кез-келген саяси партиялар мемлекеттік билікті қолға алуға, ықпал етуге немесе билікті жүргізуге қатысуға тырысады. Біздің алдымызда тұрған нақты міндет қазірдің өзінде белгілі. Жаңа Конституция жобасы референдум нәтижесінде қолдау тапқан жағдайда Қазақстан Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1-шілдеден бастап тоқтатады. Егер Мемлекет басшысы лауазымынан мерзімінен бұрын кетсе, екі ай ішінде президент сайлауы өтуі тиіс деген норма ұсынылып отыр. Мұның бәрін дұрыс деп есептеймін. Конституцияның жаңа жобасында бұдан да басқа көптеген өзгерістер бар. Оның бәріне толығырақ тоқталғым келмейді. Бізге, аграрлар үшін маңыздысы – жер және басқа да табиғи ресурстар. Оның бәрі халыққа тиесілі деп нақты жазылғаны көпшіліктің қолдауына ие болуда», – деген ол 2000 жылдары құрылған «Ауыл» партиясы – атауын өзгертпей келе жатқан жалғыз саяси ұйым екенін баса айтты.

Аталмыш партияның Қостанай өңірлік филиалының төрағасы Нұркелген Өтеулин, Берікжан Қайыпбай, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сансызбай Жиентаев және тағы да басқа азаматтар мінбеге шығып, сөз алды. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
