Қостанай облыстық қуыршақ театрына жаңа басшы тағайындалғалы көп бола қойған жоқ. Жаңа басшыдан жаңашыл леп күтетініміз анық. Өзіндік тың идеяларымен көзге түсіп жүрген Мәди Нұрмұхамбетовпен орайы келіп, әңгімелестік.
– Мәди Мейрамханұлы әлеуметтік желіде белсенді азаматтардың қатарындасыз. Соңғы уақытта байқағанымыз, жұмысқа келген сәттен өзге театрлармен тығыз байланыс орнаттыңыз. Бұл сіздің жұмыс істеудегі ерекшелігіңіздің бірі болар..?
– Театр деген әр қашан жаңалықты істер мен өзгеше жобаларды қажет ететін сала. Осындай ортаға алғаш басшы болып келгенде көзім осыған жетті. Облыстық қуыршақ театрын жандандыру әрі өзге мәдени ошақтармен кері байланыс орнату бірінші кезекте аса маңызды. Себебі, осыған дейін театрда сыртқы байланыс керемет дамыды деп айту қиын. Дегенмен біз оны жойып, керісінше, өзгерістер енгіздік. Сөзіңіздің жаны бар, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстық мемлекеттік қуыршақ театрымен, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерімен меморандумға отырдық. Жақында ғана Алматы қаласына барып цирк-эстрада колледжінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Жеңіс Сейдоллаұлымен меморандумға отырған болатынбыз. Қыркүйек айына қарай қуыршақ театрының 37 жыл ішіндегі тарихында болмаған жаңалық ашқым келіп жүр. Облыс бойынша көп ұлтты аймақ екеніміз жасырын емес. Бірақ, соңғы жылдары мемлекеттік тілдегі мектептердің қатары қалыңдады. Осы ретте ата-аналар: «неге қазақ тілді спектакль қоймайсыздар?» деген сұрақты жиі қойып жүр. Ал театр қоржынында көбі орыс тілді қойылымдар. Қазақ тілді екі спектакль болғанмен, аудио таспа арқылы жазылған. Әртістер еріндерін жыбырлатып, мимика жасап көрсетеді. Оның үстіне, аудио сапасы сын көтермейді. Қойылымның шынайылығы байқалмайды, жасандылығы сезіледі. Одан халық жалығып, мүлде театрға келмей қояды ма деген қорқыныш бар. Сол себепті болашақта қазақ труппасын ашуды ұйғардық.
– Театр қаракөз жас мамандармен толығады дейсіз ғой..?
– Иә, жас мамандармен толықтырамыз. Әр ортаға жаңашыл ойлы, өзіндік көзқарасы бар жастың керегі анық. Біздің ортаға да сондай жалындаған жас мамандардың қажет екені сөзсіз. Биыл цирк-эстрада колледжін аяқтайтын түлектер арасынан төрт жас маманды осы Қостанай қаласына алдырғалы отырмыз. Олармен арнайы жолығып, ұсынысымды айтқанда бірден келісті. Талай Алаш арысы шыққан өлкеге келіп, өнер саласында қызмет ету үлкен мәртебе екенін жеткізді. Жас толқынмен бірге қуыршақ театрында өзгеше әрі көрермендерін қуантатын тың дүние күте берсеңіздер болады.
– Жаңа ортада ұжыммен қарым-қатынас қалай болды, қиындық соқпады ма?
–Ешқандай да қиындық соқпады. Өзім он төрт жыл мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқардым. Қызмет еткен қай ортамда болсын, дені орыстар немесе орыс тілді қазақтар болды. Екі тілде таза, анық сөйлеп үйрендім. Білім саласында, мәдениет, өнер, мемлекеттік қызметтің түр-түрінде болсам да, театр саласында жұмыс істемеппін. Сол себептен болуы керек, бұл жұмыс мен үшін өте қызық. Атқаратын жұмыс шаш етектен.
– Сол жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Біздің мекеме темір жол вокзалының дәл жанында орналасқан. Көбіне қойылымды көруге балалар келетін болғаннан кейін оларды қуантатындай ештеңе жасалмаған. Тек театрдың қалбиып өзі тұр. Биыл облысымыз бойынша белгілі жеке кәсіпкерлермен қаражат жөнінде сөйлесіп, балаларға арналған ойын алаңын салмақшымыз. Біздің мекеме арнайы қоршаумен қоршалған. Соның ішіне балалар ойнайтын алаң және ата-аналар демалып отыратындай орын салу жоспарда тұр. Осы жылы облыстық, қалалық білім бөлімі басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, балалар үшін өзекті тақырыпта қойылымдар ұйымдастырмақпыз. Мектептерді аралап, арнайы акт залдарында немесе алаңдарында осы сахналық қойымдарды қою басты жоспарда. Айта кететін тағы бір жаңалық, қуыршақ театрының ұжымы Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне барып келді. Бұл фестиваль 2015 жылдан бері өткізіліп жүр. Биыл ол 25-29 маусым аралығында Астана қаласында 3-ші рет ұйымдастырылды. Оған Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстан және Қазақстаннан 13 шығармашылық ұжым қатысты. Қостанай қуыршақ театры көрермендерге Х. Юрковскийдің пьесасы бойынша «Сен, мен және қуыршақшы» спектаклін ұсынып, «Үздік музыкалық өңдеу» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Спектакльді музыкамен өңдеген композитор – театрдың музыкалық бөлімінің меңгерушісі Андрей Коротченко. Бұл фестиваль театр ұжымы үшін осындай естелігімен қалып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ