Тазалық акциясы басталды

Тазалық акциясы басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың барлық кәсіпорындары мен ұйымдары өздеріне тиісті аумақтарын тазартуға кірісті. Оған мекемелер ғана емес барлық қала тұрғындары аулаларын, алаңдарын, маңайындағы саябақтарды, көшелерді қоқыстан арылтуға шама-шарқынша араласып жатыр.

Олардың бір бөлігі Тобыл өзенінің жағалауын санитарлық тазалауға да шақырылды. Жиналған қоқысты шығаруды коммуналдық қызметтер тегін жүзеге асыратын болады.

Аталған науқанға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ұжымы да ат салысты.

«Біз де жеріміздің тазалығы үшін осындай іс-шараны ұйымдастырып жатырмыз. Бұл акция бес апта бойы он бірінші мамырға дейін жалғасады.  Бірінші аптасы таза өлке деп аталады. Соған орай Әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттері мен қызметкерлері оқу орынымыздың ауласын  жинастырып жатырмыз», –  дейді факультет деканының орынбасары Жүсіпов Руслан Батырханұлы.

Мәди Қанатұлы осы оқу-орнының бірінші курс студенті. Экологиялық науқанды өзіміздің жерімізге деген көмек деп жадында тоқып өсіп келе жатыр. Болашақ қазақ тілі мен әдебиетінің маманы өзінен кейінгі жастарға осы ұстанымды үлгі етуге асығады.

«Біз бүгін өзімізідің азаматтық міндетімізді атқарып жатырмыз. Қаламызды таза сақтауымыз – денсаулығымыздың басты кепілі. Соның барлығы тек  өзімізден басталады», – дейді Мәди Қанатұлы.

Бұл бастамаға Қостанай инженерлік экономикалық универсиетітінің жанындағы кәсіпкерлік колледжінің ұжымы да қосылды.

Олар оқу-орындарының жанында орналасқан алеяларын тазартты.

«Біздің ұжымның мұғалімдері мен студенттері де сенбіліккке ат салысуды жөн көрді. Бұл жұмыстарды бір ай бойына жүргізіп, жастарымызға үлгі көрсететін боламыз», – дейді Қостанай инженерлік университетінің вице-президенті Рихсибай Мамедов.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу