Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзіне қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біріншіден, бұл сөз жалпы қазақстандықтарға, оның ішінде ерекше жастарға арналған. Бұл өте дұрыс, себебі елімізді гүлдендіретін де, озық елдердің қатарына қосатын да, өмірдің барлық саласында Қазақтанды ілгерілетін де – жастар.
Екіншіден, Президенттің акция аясында сөйлеген сөзі жай ғана ұрандау емес, нақты істермен, игілікті шаралар мен дәйекті мысалдарға негізделген тұжырымдар.
Осы жылдың тоғыз айында елімізде 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтіп, осы игілікті іске 7 миллион адам қатыса отырып, 130 мыңнан астам гектар жердің тазартылуы, 1,3 миллион тал егілуі осының айғағы. Осы жерде айта кету керек: осы бір тазару, түрлену, жаңару акциясы аясындағы істер біздің өңірде де, әсіресе, көктем кезінде көшет отырғызу, тазалық жұмыстарына жастарды тарту сияқты нақты істермен көрініс тапты.
Осындай бастамалар қатарына соңғы жылдары пайда болған бастауыш сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылуын, жұртшылыққа мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмектің берілуін, жүздеген, мыңдаған шақырымды созылған теміржол және автокөлік жолдарының салынып жатқанын қосуға болады.
Дегенмен, істелген істерді санаттаумен шектеліп қана қоймай, Мемлекет басшысы өз сөзінде осы бағытта тың да аса қажетті бірнеше ұсыныстар жасаған. Мысалы, Астанадағы Урбанистика орталығының жұмысын одан әрі дамытып, тез арада осы ізгі бастаманы еліміздің басқа өңірлеріне қолдану туралы ұсынысы көкейге қонымды. Қала кеңістігін дамытуда Қостанай өзге өңірлерден қалыс қалмай келе жатқанын ескере отырып, егер осы урбанистиканың жетістікерін оңтайлы пайдаланатын болсақ, бұл үрдіс берісі облыс орталығы, әрісі жалпы өңірлеріміздегі адамдардың ыңғайлы да жайлы өмір сүруіне жаңа мүмкіндіктер тудырар еді.
Президент тағы бір сөзінде Алматыға, Астанаға келген шетелдік қонақтардың біздегі тазалықты, жинақылықты көріп тәнті болғанына тоқталған. Мұндай жағдай, яғни дамыған елден келген жоғары лауазымды қонақтар мен туристердің біздің қалаларымызға мұндай жоғары баға берісі бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның өзі бізде көптеген оң өзгерітердің жүріп жатқанының айқын айғағы болса керек. Осы тұста айта кететін бір жайт: Қостанай қонақтарынан «Сіздің қала туралы әсеріңіз қандай?» деп сұрасаңыз, ең алдымен кәусар ауасы мен көшелерінің осыншалықты тазалығын, әдемілігін алға тартады.
Президент өмірдің барлық саласында өркениет талаптарына сәйкес болуымыз үшін сана-сезімдегі сілкіністің қажеттілігіне баса назар аударады. Шынында сана серпілмеген жерде ескі түсінікпен, ескіше ойлаумен жарқын да жаңаша өмір сүру мүмкін емес екені белгілі.
Тазалық ұғымына кең ауқымда қарауымыз керек екенін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жиі айтып жүр. Шындығында бұл – табиғаттың, өмір сүретін ортамыздың тазалығы ғана емес, ар тазалығы, ниет тазалағы, қылық тазалығы.
Қорыта айтқанда, әркім өзінің маңайын, ойын, пиғылын, іс-әрекетін тазалық, пәктік негізде құра білсе, еліміз нағыз ТАЗА ҚАЗАҚСТАНҒА айналары сөзсіз.
Әбутәліп ӘМІР,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
