Бүгін өңір басшысының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов «Таза Қазақстан» бағдарламасының былтырғы қорытындысын баяндады.
Оның айтуынша, 2025 жылы бағдарламаны іске асыруға облыста 13,4 млрд теңге бөлінген.
«Бұл қаражат 80 қоғамдық кеңістікті кешенді түрде жаңартуға және абаттандыруға, 108 көп пәтерлі тұрғын үйді күрделі деңгейде жөндеуге, сондай-ақ 164 балалар мен спорт алаңдарын орнатуға мүмкіндік ашты. Сонымен қатар 891 ескірген және қараусыз қалған ғимарат сүріліп, 6 мыңнан астам көше шамы орнатылды. 128 мыңға жуық ағаш және 16 мың бұта егілді», — деді Берік Таңжарықов.
Тұрғын үй қорын жаңғыртып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға 3,9 млрд теңге бағытталған. Нәтижесінде Қостанай, Арқалық, Рудный, Лисаков, Жітіқара қалаларында, Қостанай, Меңдіқара аудандарында 108 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделіпті.
«Үш жыл ішінде 500-ге жуық көп пәтерлі үй ретке келтірілді. Осылайша, тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі айтарлықтай жақсарып, халықтың тұрмысы үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасалды», — деді ол.
Бұдан бөлек облыс орталығында орталық жағалау мен «Ұлы дала» саябағын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Шағала» жағалауының ұзындығы 900 метрден 2 шақырымға дейін ұлғайтылған.
«Ұлы дала» саябағында екі футбол алаңы мен субұрқақ жөнделді, заманауи балалар алаңы орнатылды, тастөсемдер жабыны жаңартылды. Нәтижесінде қалалық ортаның сапасын арттыруға және отбасылық демалыс үшін заманауи қоғамдық кеңістік қалыптаса түсті. Темірбаев және Қасымханов көшелеріндегі скверлер абаттандырылды, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай орталық саябақтағы сквер жаңартылды, сондай-ақ Абай көшесінде жаңа саябақ ашылды. Лисаков және Рудный қалаларында орталық саябақтар, субұрқақтар салынып, абаттандырылды», — деп ақпарат берді Берік Таңжарықов.
Ол аудан-қалаларда атқарылған елеулі деген жобаларды, тазалық жұмыстарын, экологиялық бастамаларды жіпке тізді. Облыс өңірлері тазалық жөнінен республикалық байқауға түсіп, жақсы нәтиже көрсеткенін де айта кетті.
«Экологиялық тележоба аясында «Таза қала» бағдарламасы өңірімізге келді. Аты айтып тұрғандай, тәуелсіз сарапшылар ірі және моноқалалардағы тазалықты, экологиялық ахуалды, коммуналдық қызмет жұмысын тексереді. Нәтижесінде Рудный 9, Лисаков 12-орыннан көрінді. Алдыңғы жылы Қостанай қаласы Алматы мен Астанадан кейін лайықты 3-орын алған еді», — дейді ол.
Берік Қуанышұлы баяндамасында жетістіктермен қоса кемшіліктерді де тізбектей айтты. Белсенділігі төмен аудан-қалаларды қарқынға қамшы басу керегін ескертті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов та бұның бір реттік бағдарлама емес, ұдайы жалғаса беретін игі үрдіске айналуы керегін айтты.
«Экологиялық жауапкершілік мемлекеттік құрылымдарда да, жеке секторда да, әр үйде, әр отбасында мінез-құлық нормасына айналуға тиіс. Біз 2024 жылдан бері елді мекендерді абаттандыру, сәулеттік келбетін жақсарту, қараусыз қалған ғимараттарды, өндірістік үй-жайларды реставрациялау және қалпына келтіру, аумақтарды тазарту, көгалдандыру, жарықтандыру, сондай-ақ халықты экологиялық тәрбилеу бойынша жұмысты бастадық. Тарихы терең Қостанай облысы елдің экологиялық тұрғыдан таза және мәдениеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Бізге осы имиджді сақтап қалу — қастерлі парыз!» — деді өңір басшысы.
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
