Өңірде өршіп тұрған бір мәселе — кибеқылмыс. Басты себеп — тұрғындардың цифрлық сауатының төмендігі.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин өткен жыл деректерін және киберқылмыспен күрес нәтижелерін жария етті.
«2025 жылы интернеттегі алаяқтық 31% артты. Жалпы залал сомасы 4 млрд теңгеден асып түсті. Кибеқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатымен қалаларда құрамы 32 маманнан тұратын профильдік қызметтер құрылды. Облыс әкімдігі қолдауымен 6 көмекші аппарат кешені сатып алынды. Әзірден-ақ нәтиже бар. Жыл басынан 6 дроп, 15 абонент нөмірлерін іске қосқыш, sim-box құрылғысы әшкереленіп, он интернет-алаяқ жауапқа тартылды. 3 мыңнан астам астыртын контент бұғатталды. 45 күдікті банк операциясы жедел тоқтатылды», — дейді ол.
Оның айтуынша, киберқылмыс көбіне өзге елдер аумағынан жасалады. Сол себепті алаяқтардың ізін кесу, тұтынушылардың цифрлық қауіпсіздігін қорғау — қиынның қиыны. Сондықтан мұның алдын алу жолы — халықтың кибергигиенасын күшейту, ІТ-сауаттылығын арттыру.
