Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының орындалуы Арқалық қаласында да жан-жақты талқыланды.
Қала әкімі Әмірхан Асановтың төрағалығымен өткен келелі кеңеске:қалалық мәслихат төрағасы, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорын басшылары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Президент тапсырмасы бойынша іске қосылған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде мемлекетіміздің маңызды бағыттарының біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана бағдарлама емес, ол әрбір азамат пен барша халқымыздың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс», – деп атап көрсеткен болатын.
«Біз, аталған бағдарлама аясында, елді мекендерді абаттандыру, сәулеттік келбетін жақсарту, қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіру, аумақтарды тазарту, көгалдандыру, жарықтандыру, сондай-ақ, халықты экологиялық тәрбиелеу, тағы да басқа бағыттар бойынша жұмыстарды жүргізудеміз. Арқалық қаласында экологиялық шаралар одан әрі жалғасады. Міндет – қаламыздың әр бұрышын қамти отырып, қаламыз бен қалаға қарасты ауылдарды таза, әрі тұрғындарға жайлы ету», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов кеңесте сөйлеген сөзінде.
Кеңестің күн тәртібінде Арқалық қаласы аймағында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру туралы қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимовтың, Жеке кәсіпкерлер нысандарының абаттандыру жұмыстары туралы қалалық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өміржан Әбдібековтің, 2024-2025 жылдары «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында атқарған жұмыстары туралы Арқалық қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Талғат Балғожиннің баяндамалары тыңдалды.
Бүгінде Арқалық қаласы бойынша 358 шаруа қожалығы (ШҚ), 55 жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), 4 өндірістік кооператив және басқа да кәсіпорындар өз қызметін жүзеге асыруда. Оның ішінде: мал шаруашылығымен 24 ЖШС, 135 ШҚ айналысады.
Жылма жыл ауылшаруашылық саласы бойынша өндірілген өнім көлемі артып келеді. Алайда, баяндамада айтылғандай ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан салық төлеу кезінде шынайы ақпараттар көрсетілмеуде. Көптеген шаруашылықтар жалдамалы жұмысшыларын көрсетпеген, салық төлемдерін уақытылы төлемеген, ауылдың көркеюіне үлес қоспаған.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына, ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге қайтарымсыз грант, төменгі пайызбен несие, лизингпен техника беру, түрлі субсидиялық төлемдер төленіп, оң жағдай жасалып отырғанымен, кәсіпкерлер қауымының барлығы бірдей, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жете түсініп отырмағандығы сөз болды.
Сол себепті қала әкімі орынбасарына және жауапты сала басшыларына барлық ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің, кәсіпкерлердің жұмыскерлер санын толық көрсетіп, заң аясында белгіленген барлық салық төлемдерін төлеуін, сонымен бірге, зейнетақы аударымы, міндетті медициналық сақтандыру сынды төлемдерді уақытымен аударуды қатаң қадағалауға алуды тапсырды.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтардың немқұрайлы қарауы себепті кейбір нысандардың сиқы қала көркіне нұсқан келтіруде. Қала әкімі атап өткендей алдағы уақытта қаланың сынын кетіріп тұрған ғимараттардың иелері нысандарын жөндеп, іске қосады немесе оны мемлекет меншігіне қайтарады.
Сондай-ақ бірсыпыра кәсіпкерлер кәсіпкерлік нысандарының маңайын таза ұстау, абаттандыру жұмыстарына мән бермей келеді. Өз ісімен үлгі болып отырған кәсіпкерлер де бар. Мысалы, «Әлиф» құрылыс дүкенінің иесі Қуаныш Байменов сауда орынының алаңын таза ұстап қана қоймай, түрлі шағын архитектуралық нысандар салып, жоғары деңгейде абаттандырып, көрген көзге қуаныш сыйлап отыр. Осы сынды Әуелбеков көшесіндегі «Микс маркет», Ш. Жәнібек көшесі бойындағы «Цветы» дүкендерін жақсы жағынан атап өтуге болады.
Осы ретте, қала басшысы тарапынан жауапты сала басшыларына, барлық кәсіпкерлік нысандарының иелері өз аумақтарын жинап – тазалап, қасбеттерін ретке келтіріп, сырмақтас төсеп, орындықтар орнатып, гүл мен ағаш көшеттерін отырғызып, абаттандыру – көгалдандыру жұмыстарын жүргізуін тиісті деңгейде ұйымдастыру тапсырылды. Түсіндіру жұмыстарына құлақ аспаған жағдайда заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларының қолданылатындығы да ескертілді.
Қала мен қалаға қарасты ауылдар мен кенттердің аумақтарында заңсыз қоқыс төгу әрекеттері ұшырасады. Осыған орай, Арқалық қалалық Полиция басқармасының құзырына заңсыз қоқыс төгу іс әрекеттерінің алдын алу шараларын ұйымдастырып, теріс әрекеттер анықталған жағдайда кінәлілерді заң аясында қатаң түрде жауапкершілікке тарту жүктелді.
Кеңес барысында қатысушылардың көкейдегі ой – пікірлері мен ұсыныстарын айтуға да мүмкіндік молынан берілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор