“Таза өлке” күніне Арқалық жастары үлес қосты

“Таза өлке” күніне Арқалық жастары үлес қосты

Елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арқалықтықтар айтарлықтай үлес қосып жатыр.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 8 сәуірде Ел Президенті барлық деңгейдегі әкімдерге экологиялық шараға белсенді қатысуды тапсырып, ортақ іске ерікті жандар, жалпы халық болып үлес қосарына сенім білдірген болатын.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында: 13 сәуір – «Таза өлке», 20 сәуір – «Киелі мекен», 27 сәуір – «Жасыл аймақ», 4 мамыр – «Өнегелі ұрпақ», 11 мамыр – «Мөлдір бұлақ» атаулы күндері белгіленді.

Экологиялық акция Арқалық қаласында да қарқынды қолға алынуда. Қала мекемелері мен ұжымдары өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстарына жұмыла кірісті. Тазалық белсенділері қатарынан Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институын да көруге болады. Студент жастар қаланың алғашқы кеншісі Руфина Маясова атындағы көшесін және институт ғимараты аймағын тазалап, іргелі істе ілкімділік танытты.

Нұрым Маратұлы,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық нститутының әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты орталығының маманы:

 – «Таза Қазақстан» акциясына институтымыздың барлық студенттері мен ұстаздары атсалысуда. Қаламызды қоқыстан тазалау жұмыстарына барынша үлесімізді қосу үстіндеміз. Республикалық тазалық акциясы түрлі тақырыптарға бөлінген. Олардың әрқайсының мәні мен мағынасына сай дұрыс орындалуын өзіміздің жауапкершілігімізге аламыз.

Аилара Аманғали,

№1 студенттер үйінің төрағасы:

– Мен Орал қаласынан келіп осында білім алып жатырмын. Еліміздің қалаларының көрікті, таза болуы – ең алдымен жастарға байланысты. Біз жастар қашанда елдік істерде алдыңғы қатардан табылуға тиіспіз. Сол себепті де бүгін институттың бірінші курс студенттері «Таза Қазақстан» акциясына біркісідей атсалысып, өзімізге бекітілген жерді сыпырып, жинап жүрміз.

Нұрдана Меңдіқұл,

№2 студенттер үйінің төрағасы:

– Арқалық қаласына Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан келіп білім алудамын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жариялауымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық акциясына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бүгін 13 сәуір – «Таза өлке» күні. Өлкеміздің таза болуы өзімізге байланысты. Жүрген, демалған жерлеріміздің тазалығын сақтап, табиғатын аялай білуіміз керек.

Міне, осылайша, өңір жұрты акция аясында барлығы бірдей көктемгі су тасынынан келген табиғи апаттың салдарын жою, санитарлық тазалықты сақтау, елдімекендерді абаттандыру сынды маңызды істерде күш біріктірді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу