Тасқынға қарсы қамданыс: қай ауылдарға қауіп төніп тұр?

Тасқынға қарсы қамданыс: қай ауылдарға қауіп төніп тұр?

Қостанай ауданында он елді мекенді су басу қаупі бар. Қазір осы қатерге қарсы қам жасалып жатыр. Тек жергілікті биліктің ескертуін көптеген ауыл қаперге алмай отыр. Бұл мәселе AMANAT партиясының аудандық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының отырысында талқыланды.

Жиында мәлім етілгендей, Тобыл қаласы, Суриков, Озерный, Жамбыл, Садчиков, Мичурин, Алтынсарин, Заречный, Рыспай, Надеждин ауылдары көктемгі су тасқынынан жапа шегуі ықтимал. Анығында, ұзын саны 435 адам тұратын 140 үй қауіп алдында тұр. Жергілікті билік өкілдері әзірлік жұмыстары туралы ақпарат берді.

«Дер кезінде әрекет ету мақсатымен 2900 дана ыдыс-қап, 142 тонна инертті материалдар, 3,3 тонна жанар-жағар май, 29 мотопомпа, 9 шатыр даярланды. Азық-түлікпен қамсыздандыру үшін 25 келісім-шарт, үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жөнінде 14 меморандум жасалды. Аудан әкімдігі оқыс жағдайды ескерту, салдарын жоюға 30 млн теңгеден астам қаржы қарастырды. 1080 адамға арналған 34 эвакуациялық пункт дайындалды», – дейді аудан әкімі аппаратының жедел дайындық және азаматтарды қорғау бөлімінің басшысы Бағдат Тұрашов.

Бұған дейін, 17-19 қаңтар күндері ТЖБ және аудан әкімдігі өкілдері ауылдық округтер мен Тобыл қаласында комиссиялық бақылу шарасын өткізген. Мұның барысында техникалық мүмкіндіктер жан-жақты тексерілді. Қазірдің өзінде қызметкерлер аулаларды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су басу қаупі төнгенде қабылдануы керек амалдар тәртібі көрсетілген ескертпе қағаздар таратылып жатыр.

«Саяжай қауымдастықтары бізді ерекше алаңдатып отыр. Мәселен, былтыр «Автомобилистер» саяжайында бірнеше учаскені су алған еді. Іргелес орналасқан көл кемерінен асып, қанша әрекет жасалса да, қарғын судың бетін қайтару мүмкін болмаған. Бұған аталған саяжай төрағасының ерте қамданбағаны себеп болған-ды. Биыл да дайын емес: не техникасы, не мотопомпалары, не инертті материалдары жоқ. Көл ернеуін биіктету туралы ескертпеміз де орындалмады. Мұнда қаншама адам тұрып жатыр, мал өсіріп отыр», – дейді Б.Тұрашев.

Ол мұның аудан көлеміндегі барлық саяжай қоғамына қатысты екенін айтады. Қазіргі таңда олардағы көшелердің, үйлердің, тұрғындар мен үй жануарларының нақты саны туралы қолдарында мәлімет жоқ көрінеді. Ондай есепті беріп отыру саяжай төрағаларына жыл сайын міндеттелсе де, олар бұл тапсырмаға да селсоқтық танытып келеді.

Комиссия мүшелері қауіптен арылу үшін тұрғындар да құр қарап жатпай, үй-жайларының маңайындағы қарды аршуға жауапты болуы тиіс деп есептейді. Бұл да болса су басу ықтималдығын әлдеқайда азайтар еді деген пікірде.

Гүлмира Ғабжәлел,

ҚӨУ журналистика факультетінің студенті

Жаңалықтармен бөлісу