“Естімеген елде көп”. Арқалықтағы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жас психолог – маманы Гүлмира Нүркенова көңілге қуаныш сыйлап, көрген жанға жігер беретін «Мейірімді бол», «Мұңайма», «Өмірің өз қолыңда», «Жетістіктерге ұмтыл» деген тәрізді жалынды сөздерді жансыз баспалдақтарға айтқызып келеді.
Ол бұған дейін балабақшада бірер жыл жұмыс істеген. Колледжде түрлі психологиялық семинар, тренинг, практикумдарға қатысып, тәжірибе жинақтай түсті.
Жақында жас маман Гүлмира Дауылбайқызы жыл айрығында өткен облыстық «Үздік жыл психологі» байқауында бірінші орынға ие болды.
Енді, алдағы Наурыз айының басында Алматы қаласында өтетін Назарбаев мектебінің «Дарын» орталығы ұйымдастырып жатқан республикалық «Үздік психолог» байқауына авторлық бағдарламасын дайындап жатыр. Онда жасөспірімдер арасында кездесетін «буллинг» пен«кибербуллингтің» алдын алу мәселелерін қарастырған.
Бағдарлама 36 сағатты құрайтын 16 сабақтан тұрады. Ішінде тренинг те, ойын да бар. Түбі жеке әдістемелік нұсқаулық ретінде де шығармақшы.
«Баспалдақтарды сөйлеткендегі ойым – студенттерге мотивация беру арқылы өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру. Студенттердің сабаққа келгенде көңіл күйлерін көтеру үшін ойластырылған іс-шаралар. Әрбір білім алушы баспалдақты аттаған сайын оқи отырып, өзінің эмоциясын қалыптастырады. Әрине, мұны мен ойлап тапқан жоқпын. Өмірлік тәжірибеде бар нәрсе. Осылай жазып қойса артықшылығы жоқ», – дейді жас психолог.
Гүлмира осындай тәжірибені таяуда түрлі-түсті шарлар арқылы да жасаған болатын. «Өмірге жақсы көзқараспен қара» деп аталатын апталық өткізді. Студенттер нақыл сөздерді оқып, «смайликтермен» суретке түсті. Колледж басшылығы маманның бұл игі ісіне қолдау білдірді. Оның нәтижесі – баспалдақтардағы жазуларды үлкейтіп, көрнекілеп, күнделікті қолданысқа енгізбек.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы