Тасқын судан зардап шеккен аудандарға жаңа тұрғын үйлер салына ма?

Тасқын судан зардап шеккен аудандарға жаңа тұрғын үйлер салына ма?

Бүгінде тасқан судан зардап шеккен халық пен  бизнеске көмек көрсету мәселесі Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің басты күн тәртібіне айналды. Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалидің қатысуымен өткен кеңес отырысында өңірдегі төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мәселесі қаралды.

Әкімнің орынбасары бизнеске және су тасқыны салдарын жоюға қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, қоғамның бірыңғай азаматтық ұстанымын атап өтті.

Кездесуде көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктерінен  басқа да нұсқалар айтылды. Мысалы, өңірлік кеңестің өкілі Александр Бородин аграршылардың кенттерде зардап шеккендерге баспана беруге дайын екендігін алға тартты.

Облыстық  құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова барлық бизнес өкілдерін, логистикалық және көлік компанияларын, құрылыс супермаркеттерін зардап шеккен аудандарға  жаңа тұрғын үй салуға ат салысуға шақырды.

“Құрылыс мамандары  инертті материалдар мен бетон, темірбетон бұйымдарын тасымалдау шығындарын азайту үшін  жылжымалы бетон зауытын тұрғын үй салынатын  орынға жақын жерде орнатуды ұсынып отыр. Қостанай қаласының Бас жоспарындағы  Тобыл өзені бойындағы табиғатты қорғау аймағының бөлігіне бірқатар өзгерістер енгізуге тура келеді. Бұл аймақты су басқан аумақтың шекарасына дейін кеңейту қажет”, – деді Ирина Викулова.

“Көмек.kst” қоғамдық қорының басшысы Махаббат Жотаев  зардап шеккендерге ақша жинайтын қор арқылы залалды өтеу үшін арнайы комиссия құрылғанын, барлық рәсімдер ашық екенін және қаражат бірінші кезекте азаматтарға келтірілген залалды өтеуге бағытталатынын айтты.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев қазіргі уақытта палатаға 108 бизнес субъектісінің (ШҚ – 35, ЖК – 51, ЖШС – 12) өтініштері түскенін атап өтті.

“Қазіргі уақытта келтірілген залалды бағалау жүріп жатыр. Бизнес зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге белсенді қатысады. Қостанай облысының Өңірлік кеңесінің өкілдері зардап шеккен өңірлерге азық-түлік, тұрмыстық құралдар және басқа да қажетті өнімдерді жіберді. ТЖД жұмысшылары мен қызметкерлеріне, еріктілер мен зардап шеккендерге ыстық тамақ жеткізу ұйымдастырылды”, – деді Данияр Күзенбаев.

Гуманитарлық көмектің жалпы сомасы 82,5 млн теңгеден асты. Халықты қолдау үшін Қостанай облысының кәсіпкерлері 200 млн теңгеден астам қаражат жинады. Өңірдің Бизнес-қоғамдастығы облыстағы су тасқынының салдарын жою үшін барлық қажетті шараларды одан әрі қабылдайтын болады.

Жаңалықтармен бөлісу