Жітіқарада тасқын суға қарсы шаралар қарқынды жүргізілді

Жітіқарада тасқын суға қарсы шаралар қарқынды жүргізілді

Жітіқара ауданында су тасқыны кезінде он үйді су басқан. Зардап шеккен үйдің жетеуі аудан орталығында болса, қалған үш үй Забелов ауылында орналасқан.
Қазіргі уақытта ТЖ комиссиясы су тасқынынан зардап шеккен аудан, ауылдағы үйлерді қарау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Одан әрі қолданыстағы заңнама шеңберінде біржолғы көмек төлемі беріледі.
Су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары тыңғылықты жүргізілген. Қаладағы ұзындығы 10 шақырым болатын арық тазартылып, қысқы кезеңде 34 мың текше метрден астам қар шығарылған.

“Жітіқара қаласының көшелерінде кәріз коллекторларының 48 тірегін жою жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, су құбыры, кәріз құдықтары мен жылу камераларын топырақпен үйіп бекіту, қардан тазарту және трансформаторлық қосалқы станцияларды еріген судың баспауына қарсы жұмыстар атқарылды. Тұрғындарды тамақтандыруға “Даму” ЖШС, халықты уақытша орналастыруға колледж жатақханасы, “Оазис” қонақ үйі, №9 мектеп-интернаты, “Денсаулық” профилакторийімен, “Иронов” ЖК-мен заттай жабдықтауға шарт жасалды”, – делінген аудан әкімдігінің ұсынған мәліметінде.

Ауданда тасқынға тосқауыл болу үшін 300 тонна инертті материал, 3500 қапшық құм, 10 тонна жанар-жағар май әзірленген. Инженерлік 20 техника және су айдайтын 10 мотопомпа дайындалған.

Жеке үйлердің тұрғындарына су басқан жағдайда тез эавакуациялауға дайын болулары туралы алдын ала ескертілген. Сондай-ақ аулаларда атқарылған жұмыс ақпаратта кеңінен жазылған.

“19 наурыздан бастап ауданның су тасқынына қарсы жедел штабы тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Мәселен, 20 наурыздан 7 сәуірге дейін Жітіқара ауданы әкімдігінің және азаматтық қорғау органдарының араласуымен 79 ауланың суы сорылды (49 Жітіқара қаласы, 12 Забеловка ауылы, 12 Приречное ауылы, 6 Милютин ауылы). Күн сайын еріген қар суы арнасын бұру және жеке тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандары маңынан траншеялар қазу жұмыстары жүргізілді. Қарғын су ағынын реттеу үшін айналма арналар жасалды (Забелов, Пригородный және Львов ауылдары), кәріздер мен арықтар қоқыс пен қардан тазартылды”, – делінеді хабарламада.

Жалпы, су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына Жітіқара ауданы әкімдігінің, білім бөлімінің 60 қызметкері жұмылдырылған. Қаладағы ірі кәсіпорындар да көмек көрсеткен. Алты адам уақытша баспанамен және үш реттік тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ аудандық маңызы бар, су шайған жолдарға да тексеріс жүргізілу үстінде.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу