Тасқын судан зардап шеккен Арқалық қаласы Родина ауылының пошташыларына  жамбылдық әріптестерінен гуманитарлық көмек келді

Тасқын судан зардап шеккен Арқалық қаласы Родина ауылының пошташыларына жамбылдық әріптестерінен гуманитарлық көмек келді

«Қазпошта» Арқалық қалалық байланыс торабына кезекті жеткізілген поштамен бірге Жамбыл облысының Тараз қаласынан су тасқынынан зардап шеккен Родина ауылдық округінің пошташыларына көмек ретінде алты бірдей үлкен қораптар жеткізілді.

Мөрленіп, қатталған бұл көмектер ауылдық пошта басшысы, бес баланың анасы Күлімхан Қасымова мен пошта қызметкері, жеті баланың анасы Фариза Әжмағанбетованың атына арнайы жіберілген екен.

Пошташы аналардың екеуі де өткен жылы өмірлік жарларынан айрылып, биыл еріген қар суынан зардап көрген.

Әріптестерінен келген сәлемдемелерді Арқалық қалалық пошта басшысының орынбасары Тұрсынкүл Қапашқызы тиісті мекенжайларына жеткізіп, өз қолымен таратып берді.

 

Күлімхан Қасымова,

Родина ауылдық округі байланыс торабының басшысы:

– Қиын жағдайда қол ұшын беріп, жанашырлық танытып жатқан жамбылдық әріптестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Бұл үлкен демеу.

 

Фариза Әжмағанбетова,

пошташы:

– Балаларыма үлкен көмек болып жатыр. Шын жүректен алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу