Тартысқа толы жарыс:  Ұзынкөл ауданында аудандық спартакиада жоғары деңгейде өтті

Тартысқа толы жарыс: Ұзынкөл ауданында аудандық спартакиада жоғары деңгейде өтті

Аудандық кезекті спартакиада орман фестивалі орнында ұйымдастырылып отыр. Жан-жағы қайың-қарағаймен көмкерілген, аумағы кең табиғаты көз тартар елде қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер шараның көрігін қыздырып жібергендей.

Спорттық дода өтеді деп күні бұрын сауын айтылғаннан, стадионға жиналған халықтың қарасы нөпір. Ауыл-аймақтан келген қатысушылар ақшаңқаң киіз үйлер тігіпті.

Ортаға сахна қойылып, өңірден жиналған өнерпаздар әннен-күйден, биден, жырдан шашу шашты.

Осы жолғы спорт думаны ауданның 85 жылдығына арналды. Он бір ауыл мен ауылдық округтен келген кіл мықтылар спорттың бірнеше түрінен тартысқа түсті. Біз де осы бәйгелі доданың куәгері болып қайттық.

Мұндай ауқымды спорт сайысы халықты бұқаралық спортқа баулуға сеп болады. Ал, саламатты өмір салтын насихаттау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Спартакиаданың ашылуында әр ауылдан келген командалар таныстырылды. Дәстүрге айналған додада Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Жұрқабаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Спорт – біздің әлеуетімізді көрсетудің, үлкен ареналарға қатысып, мықты спортшыларды анықтаудың тағы бір мүмкіндігі. Алдымызда облыстық спартакиада тұр, ал сіздердің араларыңыздан шыққан ең мықтыларыңыз ауданымыздың атынан қатысасыздар. Табысқа жетудің барлық мүмкіндіктері бар. Ауданда спортқа тиісті деңгейде көңіл бөлінеді, оны дамыту үшін жан-жақты қолдау бар. Әсіресе, қаржылай демеу зор. Ұзынкөл елінде 80-нен астам спорт нысандары жұмыс істейді, ал жақын арада олардың саны арта түседі. Бізде спортты бұдан да көп жастармен қамту мүмкіндігі туады. Спартакиаданың ашылуы елорда күнін мерекелеумен тұспа-тұс келіп тұр. Баршаңызға жеңістер мен жаңа рекордтар тілеймін! – деді Ұзынкөл ауданының әкімі.

Спортың кейбір түрлері бойынша жарыстар ерекшеліктеріне қарай аудан орталығының спорт нысандарында өткізілді. Мәселен, баскетболдан финалдық ойындар Ұзынкөл ауылының дене шынықтыру-сауықтыру орталығында, ал жеңіл атлетикалық жарыстар «Жеңіс» спорт кешенінде өтті.

Футбол матчтарын тамашалаған жанкүйерлер қатары көп. Аудандық біріншілік финалында төрт үздік команда суырылып алға шықты, олар – Ряжское ауылы, Киров, Сатай және Ұзынкөл ауылдық округтері. Алаңға алдымен Киров пен Ряжское командалары шықты. Өзара тартысты бәсекеде ряждықтар жалғыз голмен алға шықты. Ал, Ұзынкөл мен Сатайдың ойыны пенальти сериясына дейін алып барды. Нәтижесінде сатайлықтар ақтық сынға жолдама алды.

Осы уақытта киіз үй қалашығында да тіршілік қызып жатты. Мұнда мерекелік сауда қатарлары орналасқан. Сауда жәрмеңкесін ұйымдастыруға ауылдық округтердің әкімдері зор үлес қосқанын айта кету керек. Олар өз спортшыларының демалысы мен тамақтануына жауапты болды. Айталық, бір ғана Бауман ауылдық округінің әкімі Елена Андрейчук бастаған елді мекеннің киіз үйі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін күтті. Ұзынкөл ауданындағы ауыл әкімдері спартакиаданың ашылуында өз командаларының басында бекер жүрмегенінің дәлелі – командаларына қолдау беріп қана қоймай, кейбір сайыстарға өздері де қатысып жатыр.

Марат Нұржанов Обаған ауылынан келген. Ауыл әкімі жерлестерін бастап келіпті. Ақшаңқаң киіз үй тіккен. Түрлі жарыстарға куә болып, бір сергіп қалғанын айтады.

– Біздің ауданда үлкен мереке. Жастардың спортпен шұғылдануына түрлі нысандар салынып жатыр. Оған өзіміз куәміз. Жерлестеріміз де концерт тамашалап, спорттық жарыстарды көріп бір жасап қалды. Біздің ауылдық округтің атынан спорттық жарысқа арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, қазақ күресінен қыз-жігіттеріміз қатысады. Ауылдан қырық адам қатысып отырмыз. Дәстүрлі түрде өтетін спартакиаданы тәрбиесі мол дүние деп есептеймін. Спорт – денсаулық кепілі, бұқаралық спорт түріне деген талпынысы күшейіп, бір-бірімен танысады, – дейді Обаған ауылдық округінің әкімі Марат Нұржанов.

Спартакиаданың екінші күні волейбол алаңында қазақ күресі мен гір спортынан тамаша жекпе-жектер болды. Делебені қоздырған топ бәйге де қызықты өтті. Ауа райының құбылмалы болуы ұзынкөлдік ағайынға еш кедергі келтірген жоқ.

– Ең бастысы – нәтижелі ойындар. Күтілетін қорытынды – облыстық спартакиадаға команда іріктеп апару. Сегіз ауылдан команда жинақталды. Қазақ күресінен жастардың қызығушылығы өте жоғары, бұл бізді қуантады. Өзім Федоров ауылында 2015 жылдан бастап еңбек етемін. Шәкірттерім руспубликалық турнирлерде жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп келеді – дейді Ұзынкөл ауданында қазақ күресінен бас бапкер Медет Тоқабай.

Бұл байрақты бәсеке спортқа құмар Обағанның жас тұрғындары санының артуына айтарлықтай себеп болатыны анық. Бұл өңірден шыққан азаматтар арасында да еліміздің атағын қорғап жүрген саңлақтар аз емес. Халықаралық аренада Ұзынкөл ауданының тумалары Виталий Пухкало, Азамат Жақсыбаев, Мария Олексюк қатарлы жүйріктер өнер көрсетеді. Ал бұл жолғы спартакиада қатысушыларының қатарында да келешекте аудан мен облыстың атағын шығаратын мықты спортшылар бар.

Барлық ойындардың бас төрешісі – аудандық спорт бөлімінің басшысы жерлестер ынтасының ерекше екенін атап өтті.

– Аудандық спаратикада Елорда күнімен тұспа-тұс келуде. Өңірімізде бұқаралық спорт түрлерін дамытып жатырмыз. Қай спорт түрін айтсақ та, нәтиже жаман емес. Аудан намысын қорғап жүрген осы ауыл жастары. Сол себепті, әр ауылда спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Спорттық нысандар да жаңартылып жатыр. Осы жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды облыстық спартакидаға апаратын боламыз, – деді Ұзынкөл аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Бекішов.

Жалпыкомандалық сайыстар нәтижесінде ұпай саны бойынша үшінші орынды Федоров селолық округі иеленді. Екінші орынға Ұзынкөл селолық округі тұрақтады. Бірінші орынды Сатай ауылы жеңіп алды.

Жергілікті тұрғындар спартакиаданың бірінші күні Қостанай қаласы өнерпаздарының өнерін тамашалаған болса, келесі күні көршілес аудандардан келген вокалистердің ретро фестиваліне жалғасты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН

Ұзынкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу