Тараздың тумасы Арқалықта “Жігіт сұлтаны” атанды

Тараздың тумасы Арқалықта “Жігіт сұлтаны” атанды

Арқалықта Тәуелсіздік күніне арналып «Жігіттің сұлтаны – 2024» сайысы ұйымдастырылды. Сайыста қала және қалаға қарасты ауылдардан 7 үміткер бақтарын сынады.

Ашылу салтанатында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылардың қадамдарына сәттілік тіледі.

Сайыс барысында сайыпқырандар бес кезең бойынша, яғни: «Тегімді менің сұрасаң…», «Шешен жігіт сөз бастар», «Талапты ерге нұр жауар», «Күш атасын танымас», «Кешкі сән киім үлгісі» кезеңдерінен сынға түсті. Қатысушылар сайыс ережесіне сай ұлттық киімде өзін таныстырып, қоржыннан алынған ұлттық бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, бойларындағы өнерін көрсетіп, «өгіз тартыс», «қол күресі» сынды ұлттық спорттық сайыс түрлерінен сынға түсті.

Қызықты да, тартысты өткен сайыс нәтижесінде қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театрының әртісі Әлібек Манетов бастаған әділқазылар алқасының шешімімен жеңімпаздарға жүлделі орындар тағайындалып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Атап айтқанда, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясына Арқалық политехникалық колледжінен Дастан Дәулетбек, «Тәуелсіздік қыраны» номинациясына Фурманов ауылынан Шыңғыс Ибраев лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынға Арқалық медициналық колледжінен Нұрәли Қайырден мен Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінен Бекет Ермекбай, екінші орынға Родина ауылынан Серікболсын Шайхин, бірінші орынға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтынан Думан Елубай ие болды. Ал, сайыстың бас жүлдесін қалалық Жастар ресурстық орталығы атынан қатысушы Досбол Нұриддинов жеңіп алды.

Мәртебелі сайыстың қатысушыларына қазылар алқасының мүшелері, «Үздік кітапханашы» төсбелгісінің иегері, «Желтоқсан оқиғасының» куәгері Әлия Қарсақбайқызы жылы лебізін білдіріп, жеңімпазға «Жігіт сұлтаны-2023» сайысының жеңімпазы, жас ақын Ернұр Әуезхан жыр шумағын арнап, лентасын тақты.

«Тараз қаласының тумасымын. Руым Шанышқылы. Қазіргі таңда Арқалықтағы институтта білім алып жатырмын. Қазақ тілі мен әдебиеті білім бағдарламасының екінші курс білім алушысымын. Қазақтың жігіт сұлтаны болу үлкен мәртебе. Алла қаласа осы мәртебеден құламай, артымыздан ерген іні – бауырларымызға елге қорған болуды үйрететін боламын», – дейді қалалық «Жігіт сұлтаны – 2024» сайысының жеңімпазы Досбол Нұриддинов.

Ұтымды ұйымдастырылған мерекелік іс – шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, әйгілі «Ақбота» халық би ансамблі, «Інжу-Мажан» үлгілі топтары өнер көрсетті.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу