«ТүзеТілді» айдарының тырнақалды шығарылымы калька сөздерге арналған еді. Қазақ тіліндегі асқынған осы мәселеге қайта айналып соғып отырмыз. Бұл жолы да өзге тілден, әсіресе, орысшадан сөзбе-сөз аударылған, қазақ тілі нормасына сәйкес келмейтін, бірақ қолданысқа еніп кеткен тіркестерді мысал етпекпіз.
Азаматша, төрайым. Әуелі «азаматша» деген сөзге тоқталайық. Бұл орыстардың «гражданкасының» аудармасы. Қазақ тілінде әлдебір кішкентай нәрсені білдірер кезде «-ша», «-ше» жалғаулары қолданылатынын білеміз. Ал «азаматша» дегенде біз оның кішкентай екенін меңзеп тұрған жоқпыз ғой. Негізінде, еркек те, әйел де «азамат» болып қалуға тиіс. «Төрайым» сөзін де қолданыстан шығаруымыз керек. Өйткені «аға лейтенант», «аға оқытушы», «аға ғылыми қызметкер» деген сөздерді әйелдерге қатысты «әпке лейтенант», «әпке оқытушы», «әпке ғылыми қызметкер» деп айтпаймыз ғой. Сондықтан да бұл жерде де ер адам да, әйел адам да «төраға» болып қала беруі керек.
Жылыту маусымы. Бұл, бәріңіз білетіндей, «отопительный сезонның» қазіргі тұтыныста жүрген қазақша аудармасы. Дұрысында «жылу беру маусымы» деп тәржімалануы керек. Өйткені орыстың «отопить-інен» шығып тұрған «жылыту» деген қазақ сөзінің арғы жағында «нені жылыту?» немесе «кімді жылыту?» дейтін заңды сұрақ туындайды. Бұл – орыс тілінде ойлаудың салдарынан шығып тұрған калька аударма.
Ант қабылдау. Екі тілдің синтаксистік құрылымы екі басқа екенін ескермеу кесірінен осыған ұқсас орашолақ тіркестер қазақ тілінде көбейіп барады. Орыстардың «принял присягасын» біз «ант қабылдады» деп аударып алдық. Қазақ қашаннан «ант беруші» еді. Осы тұста біз қай тілден де әуелі сөзді емес, мазмұнды аударуымыз керек екенін естен шығармайық. «Принять лекарство» дегеннің де қазақшасы «дәрі қабылдау» емес, қарапайым ғана «дәрі ішу» болуға тиіс.
Қоғамдық тыңдау, кедендік бақылау. Калька аудармалардың көбіне -лық,-лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары қатысатынын қайтерсіз? Тіркестіруге қисыны келмейтін сөздерді зорлықпен байланыстыру қазір таңғалатын дүние болмай барады. Мәселен, «қоғамдық тамақтандыру» емес, «көпшілікті тамақтандыру», «кедендік бақылау» емес, «кедендегі бақылау», «парламенттік тыңдау» емес, «парламенттегі тыңдау» (парламенттегі талқылау), «әлеуметтік сақтандыру» емес, «әлеуметтік тұрғыдан сақтандыру» болса, мағына анағұрлым ашыла түсер ме еді.
Әуе билеті. Кейде барлық халықаралық сөзді тура мағынасында аударудың өзі дұрыс бола бермейді. Сондай тіркестердің бірі шетелдің «авиа» сөзіне қатысты. Иә, «авианың» түп-төркіні қазақша «әуе» деген сөзбен ұғымдас. Дей тұрғанмен, «әуе билеті» дегеннен гөрі «ұшақ билеті» деген аударма әлдеқайда мәндірек, түсініктірек болар ма еді. Бірақ «авиа перевозки» дегенді «әуе тасымалы» күйінде қалдыруға қарсы емеспіз. Өйткені бұл жерде әуе арқылы жүзеге асатын тасымал, қозғалыс меңзеліп тұр.
Бағалау және баға беру. Білікті тіл мамандары бұл екі сөздің де айырмашылығы туралы жиі айтып жүр. Бірақ мән беріп, құлақ асып жатқандар шамалы сияқты. «Оценочный лист» дегенді біз «бағалау парағы» түрінде аударып алғанбыз. Дұрысы «баға беру парағы» немесе «баға парақшасы» болуы керек еді. Өйткені қазақ тіліндегі «бағалау» сөзі «қадірлеу», «қадір тұту», «қадіріне жету» деген сөздермен мәндес. Орыстар оны «ценить, дорожить» деп жатады. Мысалы: «Қыз деген – ана, «ана» деп қана бағала оны, бағала».
Айтатын боламыз, баратын болады. Қазақ тілінде ауыспалы келер шақ бар, ауыспалы осы шақ дейтін ұғымдар бар. Сондықтан бізге орыстардың «будем говорить», «будем идти» деген тіркестерін сол күйінде аударудың түкке де қажеті жоқ. Әйтсе де, әлгінде айтқан қазақ тіліндегі ерекшеліктерді ескермей жүрміз. Әсіресе, тілші әріптестеріміз сөйлемді «айтатын боламыз», «баратын болады» деген сынды формада аяқтауға үйір. Жай ғана «айтамыз», «барады» десек, біз сол келер шақтық мағынаны -е, -а, -и көсемшелерімен-ақ береміз ғой. Сөзді бекерден-бекер күрделілендірмейік.
Жандос ЖҮСІПБЕК