Талапты, табысты кәсіпкер

Талапты, табысты кәсіпкер

Жуырда Талап Елеутов «Сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Елеутовтер отбасының есімдері «Табысты адамдар» энцеклопедиясына енді. Ал, ұлы Заманбек Нағашыбай бірінші дәрежелі дипломмен және «Сенімді іскер серіктес» номинациясын жеңіп алды.

Аудан әкімі Шота Оспанов мекеме, кәсіпорын басшыларының алдында аталған марапатты салтанатты түрде табыстады.

Талап Нағашыбайұлы мен жұбайы Кәмпит Мұхамбедзәкірқызының кәсіпкерлікпен айналысқанына 27 жыл. Тоқсаныншы жылдардың басында тоқырауға ұшыраған ел нарықтың заңдылығын түсіне қоймады. Тіпті, екі қолға бір күрек таппай сенделгендер көп еді. Азын-аулақ тиыннан теңге құрағандар Алматы қаласынан ала сөмкемен киім-кешек тасыды. Олардың қатарында ерлі-зайыпты Елеутовтер де болды. Талап ағамыз жұбайының жүйелі ойын құптап, қиын сәтте қолдау көрсете білді. Осылайша, олардың өміріндегі сәтті қадам басталған.

Кәмпит Елеутованың негізгі мамандығы мұғалім. Ұстаздық жолда азды-көпті жұмыс істеді. Кейін, жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкерлік саласын таңдап, елге қызмет етті. Арада 16 жыл өткеннен кейін аудан орталығындағы бос тұрған ғимаратты жекешелендіріп, 2012 жылы «Барыс» сауда орталығына айналдырды. Балалары да ата-анасының жолын жалғап, кәсіпкерлікке бет бұрды. Қызы Арайлым мемлекеттік грантты ұтып алып, сұлулық салонын ашты. Ұлы Заманбек жұбайы Наргиз екеуі отбасылық дәмхана ашуды қолға алмақшы. Талап Нағашыбайұлы 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, Аграрлық корпорациядан несие алып, «Елеутов» шаруа қожалығын құрды. Малды асылдандыру бағытында тынымсыз еңбек етуде. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияны тиімді пайдаланып, өзі құрған шаруа қожалығын қажетті техникалармен қамтамасыз етті. 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Мен кәсіпкерлік саласына жиһаз құрастыру, электр тауарларын сату арқылы келдім. Отбасымның қамқоршы тірегі болу – менің басты міндетім. Жұбайым Кәмпит 2016 жылы шағын тігін цехын іске қосты. Қазір таңда қыз жасауы, құрақ көрпе, тойбастар, киім қысқарту жұмыстарымен айналысып жатыр. Кәсіпкерлік пен шаруашылық құруыма бірден-бір себеші болған жұбайым. Біз қанша биікке көтерілсек те, халықтан төмен екенімізді ұмытқан жоқпыз», – дейді Талап Нағашыбайұлы.

Талапшыл Талап биік белестерді бағындырып келеді. Қазіргі таңда аудандық мәслихаттың депутаты. Жеткен жетістігімен шектеліп қалмай, ілгері қадам басуға әлі де ынталы.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

 Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу