Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнир өтті

Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнир өтті

Тобыл қаласындағы «Астана» спорт кешенінде облыстық Ардагерлер одағы 2008-2013 жылғы жасөспірімдер арасында еркін күрестен республикалық турнир өткізді.

Жалпы, бұл жарысты өткізудегі мақсат – Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасау. Ұйымдастырушылар турнирдің ашылу салтанаты кезінде осы сұрапыл майдан тарихы туралы аз-кем мәлімет бере өтті.

«Осыдан 30 жыл бұрын 5 мемлекеттің президенттері халықаралық келісім-шартқа сай Тәжік-Ауған шекарасын нығайтуға келісім жасады. Себебі көршілес бауырлас Тәжік мемлекетінде азаматтық соғысы басталып, 100 мың адам қаза тауып, мыңнан астам адам хабарсыз кетті жене 1 миллионнан астам адам үйлерін тастап, босқын атанды. Сол Тәжік-Ауған қозғалысында жалпы саны 44 қазақстандық солдат қаза болды. 1995 жылы 7 сәуір күні қазақстандық 17 сарбаз бір күнде қаза тауып, 33 жауынгер жараланды. Осыған байланысты 1 ай Қазақстанда ерлік айы деп есептеледі. Өмірден озған бауырларымызды еске алу үшін осындай еркін күрестен жарыс өткізуді 2018 жылы қолға алған едік», – деді “Ардагерлер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы Асхат Мырзахметов.

Биыл турнирге елдің әр өңірінен 300-ге жуық балуан қатысты. Жарыстың алғашқы күні іріктеу айналымдары өтіп, келесі күні жас спортшылар жүлделі орындар үшін бәсекеге түсті.

Турнир нәтижесінде, командалық есепте 1-орынды Қостанай қаласы жеңіп алса, 2-орынды Ақтөбе қаласы балуандары иеленді. Ал 3-орынға Атырау қаласының командасы табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар мен медаль және кубоктар табысталды.

Гүлназ Таңатқан,

ҚӨУ 3-курс студенті

Жаңалықтармен бөлісу