5 маусым – бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл – жер-ананы, табиғат байлығын қорғап, болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізу жолында тер төгіп жүрген эколог мамандардың кәсіби мерекесі.
Қазақстанда қоршаған ортаны сақтау бағытында атқарылып жатқан игі істердің бірі – «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының құрылуы. Бұл еліміздегі жиырма жетінші республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Айта кетерлігі, жаз мезгілінде резерваттағы жұмыстар тіптен қарқын алып, қызметкерлердің жауапкершілігі еселене түседі. Экология саласының осы күрделі кезеңінде табиғатты қорғаушылардың қажырлы еңбегі айрықша маңызға ие. Мереке қарсаңында біз «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Серікболсын Құлжановпен арнайы сұхбаттасып, табиғатты сақтау жолындағы маңызды жұмыстар жайлы әңгімелескен едік.
– Серікболсын Қаржаубайұлы, қазір өзекті болып тұрған жағдай – киіктердің күрт көбейіп кетуі. Бұл неліктен бұлай болды және туындап жатқан мәселелердің шешімі қандай?
– Соңғы жылдары Қазақстандағы киік популяциясының саны күрт өсіп, ерекше назар аударуды талап етіп отыр. 2024 жылдың көктемінде жүргізілген ресми есепке сәйкес, киіктердің саны 2,8 миллионнан асып түскен. Бұл көрсеткіш лақтау маусымына дейінгі мәлімет. Егер жыл сайынғы табиғи өсімді шамамен 40 пайыз деп ескерсек, киік саны бүгінде 4 миллионға жуықтады. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылдың осы мезгілінде олардың саны 1,9 миллион шамасында болса, ал кеңестік дәуірде киік популяциясы небары 1 миллионнан сәл ғана асатын. Сол кезеңде арнайы өндірістік бірлестіктер арқылы киік саны қатаң бақылауда ұсталып, реттеліп отырған. Қазіргі таңда киіктер санының күрт артуы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бірқатар мәселелерге себеп болып отыр. Олар шабындықтар мен егістік алқаптарды таптап, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Сонымен қатар жол бойына шығып, көліктермен соқтығысу жағдайлары да жиілеген. Бұл – адам өміріне де қауіп төндіретін фактор. Осыған байланысты, киік санын белгілі бір лимит арқылы реттеу – заңды әрі ғылыми тұрғыдан негізделген қадам болмақ. Бұрын киік Қызыл кітапқа енбегенімен, сирек кездесетін жануарлар қатарына жататын. Бүгінде олардың популяциясы артып, аңшылыққа рұқсат беру мәселесі орынды көтерілуде. Алайда бұл үдеріс қатаң бақылаумен және нақты ережелермен жүргізілуі тиіс. Лимиттерді анықтап, арнайы рұқсат қағаздары мен санитарлық талаптарды сақтау маңызды. Киіктерді тиімді әрі ұтымды пайдалану үшін заманауи инфрақұрылым қажет: мобильді сою бекеттері, мұздатқыш камералар, ветеринарлық бақылау және кәсіби мамандардан құралған топтар жұмыс істеуі тиіс. 2023 жылғы қыста атуға рұқсат берілгенімен, дайындықтың жеткіліксіздігі салдарынан киік еті ысырап болды. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін бұл іске кәсіби құрылымдар мен жеке кәсіпкерлерді тарту қажет. Киіктің еті мен терісі экономикалық тұрғыдан тиімді әрі биологиялық ресурс ретінде үлкен әлеуетке ие. Табиғат сыйлаған бұл байлықты заң аясында ұтымды әрі тиімді пайдалану маңызды.
– Егер қандай да бір шешім қабылданбаса оның арты неге апаруы мүмкін?
– Киік санының артуы тек ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар жұқпалы аурулардың таралу қаупін де күшейтеді. Мәселен, 2015 жылы киіктер арасында пастерелез індеті таралып, жаппай қырылу орын алған еді. Бұл жағдай еліміз үшін үлкен экологиялық дағдарысқа айналды. Ауру малдарға жұқпағанымен, тек киіктер арасында тарады. Сол уақытта қырылған киіктер мекендеген аумақта әскери полигонның орналасқаны анықталды. Бұл да белгілі бір экологиялық факторлардың әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Киіктер арасында табиғи өлім деңгейі жылына шамамен 10 пайызды құрайды. Егер қазіргі таңда киік саны 6 миллионға жетсе, жыл сайын 600 мыңға жуық бас табиғи себептермен қырылуы ықтимал. Бұл – аз көрсеткіш емес. Бұған дейін де су өткелдерінен өту кезінде 600-ге жуық киіктің тапталып өліп, арнайы мамандар өлекселерді жинап, санитарлық тазалау жұмыстар жүргізген еді. Қазіргі кезде киік популяциясының қарқынды өсуіне байланысты жедел әрекет ету топтары құрылып, егістік алқаптарды қорғау шаралары қолға алынуда. Киік – еліміздің табиғи байлығы. Алайда олардың саны бақылаусыз өсетін болса, бұл байлықтың өзі экологиялық және әлеуметтік проблемаларға себеп болуы мүмкін.
– Жануарларды бақылау және қорғау үшін қандай заманауи технологиялар қолданылады?
– Қазіргі кезде жануарларды қорғау мен бақылау саласында заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Бұл құралдар тек бақылау мақсатында ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізу мен экожүйені сақтау жұмыстары үшін де маңызды. Мысалы, дрондар кең ауқымды аумақтарды шолуға мүмкіндік беріп, жануарлардың тіршілік ету ортасы мен қозғалысын қашықтан бақылауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, фототұзақтар да жиі қолданылады. Олар жануарлар жиі жүретін жолдарға орнатылып, қозғалыс байқалған кезде автоматты түрде сурет немесе бейне түсіреді. Көктем мезгілінде елімізде әуе арқылы жануарларды санау жұмыстары ұйымдастырылады. Соңғы жылдары резерват аумағына шетелден отанына қайтарылған керіқұландар әкелініп жатыр. Бұл жануарларға спутниктік қарғыбаулар тағылады. Осы құрылғылар олардың нақты жүрген бағытын, тіршілік ортасын және қозғалыс белсенділігін спутник арқылы үнемі бақылап отыруға мүмкіндік береді.
– Резерват аумағындағы браконьерлікпен күрес қалай жүргізіледі?
– Қазіргі таңда резерват аумағында бес бақылау-қадағалау бекеті мен екі жедел топ жұмыс істейді. Бұл бекеттерде инспекторлар тұрақты түрде қызмет атқарып, браконьерлік әрекеттердің алдын алуға, орман және дала өрттерін болдырмауға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Инспекторлардан бөлек, жедел әрекет ететін мобильді топтар да жасақталған. Бұл топтар арнайы техникалармен қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары киік популяциясының күрт артуына байланысты, мемлекет тарапынан егістік алқаптарды қорғау жөнінде арнайы тапсырмалар берілді. Осыған орай, екі бірлік техникамен жабдықталған мобильді топтар күнделікті кезекшілікке шығып, киіктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне өтуін шектеуге күш салып жатыр. Біз резерват тарапынан «Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы» және Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Нәтижесінде шет елдерден — Германия, Венгрия, Чехиядан Пржевальский жылқылары әкелініп, жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, қазіргі уақытта 2024 жылы Германия мен Чехия Республикасынан жеткізілген 7 бас жылқы арнайы қоршауда ұсталып жатыр, оларды табиғи ортаға жіберу 2025 жылдың 4 маусым күніне белгіленген. Сонымен қатар, 2025 жылдың 3 маусым күні Чехия мен Венгрия елдерінен 8 бас Пржевальский жылқысы (Керқұлан, Кертағы — ғылыми тұрғыдағы қазақша аудармасы) жеткізілді, алдағы уақытта 1 жыл бойы арнайы қоршауда мамандардың бақылауында болады. Бұл жұмысқа шетелдік зоолог-ғалымдар да атсалысуда. Жалпы, 2028 жылға дейін Қазақстан аумағында 40 бас Пржевальский жылқысын жерсіндіру жоспарланған. Болашаққа жоспар да көп. Мекемемізде экотуризм бағытын дамыту, экологиялық соқпақтар ашу, спорттық және әуесқойлық балық аулау бағыттарын қолға алу көзделуде. Алайда бұл жобаларды жүзеге асыру үшін тиісті қаржылық қолдау қажет.
–Қазіргі таңда резерват қызметінде қандай басты қиындықтар бар?
– «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты 2012 жылы құрылғанымен, бүгінгі күнге дейін дербес әкімшілік ғимараты жоқ. Қазіргі таңда ұжым жалдамалы кеңседе жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл қажеттілік жыл сайын 4–5 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың тек арендаға жұмсалуына себеп болып отыр. Бұл қаржыны, әрине, басқа маңызды қажеттіліктерге бағыттауға болар еді. Материалдық-техникалық база соңғы жылдары біршама жаңартылғанымен, қолда бар техника толық нормативтік талаптарға сай келмейді. Бұған дейін пайдаланылған техникалардың едәуір бөлігі тозығы жетіп, есептен шығарылған. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Өрт сөндіру техникаларымен жасақталғанымен арнайы 1 типті ОӨСмен (орман өрт сөндіру станциясы) қамтылмаған, бұл кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуді қиындатады. Сондықтан өртке қарсы ОӨС аумаққа жақын орналасқан ауылдық округтер шегінде орналастыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе даму жоспарына енгізілгенімен, әлі нақты жүзеге аспаған.Кадр мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Қазіргі таңда резерват қызметкерлерінің 70 пайызы жоғары білімді мамандар, олардың көпшілігі орман шаруашылығы саласында білім алған. Дегенмен, бұл көрсеткішке қарамастан, маман жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе дала экожүйесінің ерекшеліктерін жақсы білетін, табиғатты қорғау бағытында тәжірибесі бар жас мамандарға сұраныс жоғары.
–Климаттың өзгеруі резерваттағы экожүйеге қалай әсер етіп жатыр? Жалпы климат өзгеріске ұшырауда ма?
– Соңғы жылдары климаттың өзгеруі резерват аумағындағы экожүйеге біртіндеп, бірақ анық әсерін тигізуде. Бұрын бірқалыпты болып келген табиғи үрдістерде ауытқулар байқалып, бұл өсімдіктер мен жануарлар тіршілігіне әсер етіп отыр. Мәселен, шабындықтарда бұрынғыдай ылғал ұзақ сақталмай, жаз айларында су көздерінің тартылуы жиілеп кетті. Кейбір бұрын ылғалды болған жерлер кеуіп, соның салдарынан жыралар пайда болуда. Жаз мезгіліндегі ауа температурасы да айтарлықтай артқан — алдыңғы жылдармен салыстырғанда аптапты күндер көбейіп отыр. Ғаламдық жылыну салдары бұл өңірге де әсер ете бастады. Мысалы, 2023–2024 жылдары Жыланшық өзені бұрын-соңды болмаған деңгейде тасып, арнасынан асып кетті. Өзеннің тасқыны жағалауға жақын орналасқан Құландар желісі орталығын су басуына себеп болды. Бұрын ешқашан су жайылмаған аумақтарға да су таралып, бұл климаттың өзгеруінің айқын дәлеліне айналды.
– Сіздің ойыңызша, жастарды табиғатты сүюге қалай баулуға болады?
–Жастарды табиғатты сүюге баулудың ең тиімді жолы – тәрбиені отбасынан бастау. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан экологиялық бастамалар – осы тәрбиенің жалғасы іспетті. Президенттің «Таза Қазақстан», «Таза Like» жобалары, сондай-ақ «Парктер шеруі» сынды экологиялық акциялар – ел азаматтарының, әсіресе жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятуға бағытталған оң бастамалар. Айта кетсек, «Парктер шеруі» 2013 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шараларға аудан көлеміндегі барлық мекемелер мен ұйымдар белсенді қатысып, өз үлестерін қосып келеді. Мұндай сәттерде әр азаматтың табиғатқа деген жанашырлығы мен азаматтық ұстанымы анық байқалады.
– Эколог мамандығын таңдауға не себеп болды?
– Экология саласын таңдауыма бала кезімнен табиғатқа, жан-жануарларға деген ерекше қызығушылығым себеп болды. Ауылда өскен баланың табиғатпен етене байланыста болуы – заңдылық. Сол себепті мен де өз болашағымды осы салаға арнағым келді. Жаратылыстану ғылымдарына құмарлығым мен жануарлар дүниесіне деген сүйіспеншілігім мені аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығын таңдауға итермеледі. Оқуымды аяқтаған соң ихтиолог болып еңбек жолымды бастадым. Бүгінде директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып еңбек етудемін. Осы киелі Торғай даласында табиғат қорғау саласының қызметкері ретінде еңбек етіп жатқанымды үлкен жауапкершілік әрі абырой деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет, істеріңзге сәттілік тілейміз, мерекеңіз құтты болсын.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА