Берік Әбілтаев «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватында мемлекеттік инспектор. Бұл жерде жұмыс істеп жүргелі де біраз жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде табиғаттың тілін ұғып, тылсым сырын білді.
Адам мен табиғат егіз дегенді барынша түсініп, айналамызды қорғауға барын салады. Инспекторлардың жұмысы белгілі. Табиағтты адамнан қорғау.
Аманкелді, Жанкелдин өңірінің топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, аң-құсқа бай. Осы байлықтың көзін жойып алмай, келешек ұрпаққа табыстау Берік сынды инспекторлардың тікелей міндеті. Сол себепті ҚР Үкіметінің қаулысымен 2012 жылы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын. Ал Берік Әбілтаев өзіне жүктелген міндетті жақсы біледі. Олар ерекше қорғалатын табиғи аумақтың суын да, балығы мен шөбін де қызғыштай қорғайды. Заңды бұзғандарға айыппұл салады. Ұлы Жыланшық өзенінің бойын бақылауға алған. Бұл жақтың табиғатты қашаннан ерекеше. Сирек кездесетін шөптердің де 26 түрі бар. Балықтың да аулуға болмайтындары жетерлік. Осы сұлулықты күнде көретін Берік табиғаттың әсем сәттерін суретке түсіргенді жақсы көреді. Оның осы қасиеті де бізді қызықтырды. Қолындағы қарапайым телефоны небір суретке толы.
“Табиғаттың сұлулығында шек жоқ. Көз тоймайды. Қолымдағы қарапайым самсунг телефоныммен түсіріп алғанды жақсы көремін. Күннің батысы, таңның алғашқы шапағаты, гүлдің бүр жарғаны айналаның бәрі-бәрі әдемілікке толы. Осы сұлулық мені тамсандырады”, – дейді Берік Әбдіқалықұлы.
Қалың оқырманға жаны нәзік, бірақ өр рухты қазақтың қарапайым инспекторының суреттерін ұсынғымыз келеді.
Қазақтың кең даласының сұлулығы шексіз ғой, шіркін. Соны көре білген Беріктер де көп болсын.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА