Табиғат қамқоршысы – «Алтын Дала»

Табиғат қамқоршысы – «Алтын Дала»

«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың 32 түрі мекендейді. Өсімдіктің 370 түрі бар. Олардың 26-сы сирек кездесетін түрге, бесеуі Қазақстанның Қызыл кітабына кіргізілген.

Бір міндет – бірегейлікті сақтау

Аманкелді, Жанкелдин – қоңсылас жатқан екі аудан. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, аң-құсқа бай өлке. Осы байлықтың көзін жойып алмай, келешек ұрпаққа табыстау – бүгінгінің міндеті. Сол себепті ҚР Үкіметінің қаулысымен 2012 жылы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.

– Орталық Қазақстанның солтүстік шөл даласының және шөлейтті далаларының экомүйесін, биологиялық түрлілігін сақтау негізінде құрылған. Резерват аумағында киіктердің Бетпақдала популяциясы мекендейді. Аймақтағы ең ірі түпкілікті орнитологиялық аумақ болып танылған Сарықопа тұщы сулы көлдерінің бірегей жүйесін сақтап қалуға күш салып жатырмыз. Аманкелді ауданы бойынша екі бекетке бөлінген, олар: Рахмет және Жарықүй бекеттері. Орналасқан жері Қабырға мен Үрпек округтері. Жүзден аса қызметкер мен жиырмаға тарта патрульдік техникамен қамтамасыз етілген. Резерват қызметкерлері жергілікті жерде күзет аймағы мен функциялық аймақтардың шекараларын арнайы белгілермен – аншлагтармен, қорық аймағының аумағына кіру кезінде шлагбаумдармен белгілеу жұмыстарын жүргізеді, – дейді «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Айтбаев.

Табиғи резерваттың жалпы аумағы 486 мың 766 гектарды алып жатыр. Ішінара үш жер теліміне бөлінген. Олар: Тосынқұм – 86231,5 гектар, Сарықопа – 52285 және Ұлы Жыланшық – 351 248,9 гектар. Ал, күзет аймағы 180929 гектар жерді қамтиды.

Ерекше бақылауда

Ресми дерек бойынша Қазақстандағы киік саны 1,9 милионнан асты. Олардың ішінде ең көп Орал популяциясы 1,13 млн жеіп отыр. Бетпақдала – 745 300 және Үстірт – 39 700 бас. Киіктердің санын анықтау үшін елімізде сәуір-мамыр айларында әуе санағы жүргізілді.

– Киіктердің төлдеу кезеңі мамыр айының соңына дейін жалғасты. Оған қауіпсіз жағдай жасау үшін қоныс аударатын жерлерде күшейтілген рейдтер жүргізілді. Киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90%-тен астамы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан, бізге көп сенім артылады, – дейді табиғи кешенді қалыпқа келтіру және мониторинг бөлімінің басшысы Абай Жұмабеков.

Қыс айында да жануарлардың есебі жүргізіледі. Сонымен қатар, аумақтағы өзен-көлдерге ауа жіберіледі (аэрация). Бұл жұмыстар территориядағы жан-жануарлардың жай-күйін біліп, санын анықтау үшін жүргізіледі. Көктем айларында құстар миграциясы кезеңінде территорияға ұшып келетін қанаттылардың есебін қатар жүргізіп отырады. Резерват аумағында жабайы аңдардың, яғни сүтқоректілердің 54 түрі бар. Құстардың 270-тен астам түрі кездеседі. Аталмыш бөлім ғылыми зерттеулер арқылы барлық табиғи үрдісті біліп отырады. Өсімдік түрлерінен гербарий жинап, оларды анықтайды. Телімдерде қаумал аумақтарын құрып, ондағы өсімдіктердің жай-күйін бақылап, түрлерін зерделейді.

– Біздегі құстардың 32 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Балықтың 9 түрі бар. Сирек кездесетін өсімдіктердің өсу және кему динамикасы арнайы есепке алынып отырады. Есепке алу жұмыстары олардың тәуіліктік белсенділігін бақылау әдісімен жылына екі мәрте қыс және күз мезгілдерінде жүргізіледі. Жыл сайынғы есеп қорытындысына сәйкес, территориядағы жабайы аңдардың санының артуы байқалады. Қызыл кітапқа енген және дәрілік өсімдіктерді ерекше қорғауға алып бақылау және оларды малдардың таптауынан және эрозиядан адамдардың жұлып жинауынан қорғау мемлекеттік инспекторларға міндеттелген, – дейді табиғи кешенді қалыпқа келтіру және мониторинг бөлімінің басшысы Абай Жұмабеков.

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…

Ғылыми, ақпараттық, экология туризм және ағарту бөлімінің басшысы Сәкен Нұржанның айтуынша, «Алтын Дала» МТР аумағында мекендейтін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін зерттеу арқылы түрлі тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылып жатыр.

– Құрылғаннан бері, 2013-2017 жылдары екі ғылыми-зерттеу жұмысы жазылды. Бірі «Алтын дала» резерватындағы омыртқасыз жануарлар тізімі» тақырыбында болса, екіншісі «Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан құстардың мониторингі» тақырыбында. Тағы бір «Алтын Дала су қоймаларының гидробинттары» ғылыми-зерттеу жұмысы жазылу үстінде. Осы жылы Арқалық педагогикалық институтының доценті, биология ғылымдарының аға оқытушысы М.Нұрхановтың жетекшілігімен «Алтын Дала» МТР-ның аңшы-биолог маманы А.Жұмабайға резерват жануарларының экологиялық және зоогеографиялық ерекшеліктерін зерттеу және институттың оқытушысы Б.Хамитбекованың «Алтын Дала» резерваты территориясындағы сирек кездесетін өсімдіктердің биоалуантүрлілігін бағалау» тақырыптары бекітілді, – дейді ғылыми, ақпараттық, экология туризм және ағарту бөлімінің басшысы Сәкен Нұржан.

Резерват территориясындағы табиғат құбылыстарын бақылау үшін 2013 жылдан бастап «Табиғат жылнамасы» кітабы жазылып келеді. Қазір аталмыш кітаптың 8 томы жазылып аяқталған. Ғылыми-техникалық кеңестің шешімімен бекітіліп отыр.

– Мамыр айының 22-23 күндері бөлім қызметкерлерінің жылдық жоспарына сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің студенттері өсімдіктер және жануарлар, биология мен физикалық география, картографиядан оқу-далалық тәжірибе алмасу үшін Сарықопа жер теліміне барды. Онда өсімдіктерден гербарий жинап, жер бедерінің тегістігін анықтап көрді, – дейді бөлімнің аға ғылыми қызметкері Қуат Омаров.

Мамандар түрлі конференцияға қатысып жүр. Ол жақта берілген мағлұмат жұмыс барысында зерттеу кезіндекөп көмек береді.

– Бір маманымыз Алматы қаласында өткен «Еуразияның дала және шөлейт экожүйелерін сақтау» конференциясына қатысып келді. Сол конференциядан алған тәжірибесін мекеме жұмысын жүргізуде қолданады. Екі бөлімінің жұмысын жандандыру үшін мамандар тәжірибе алмасу үшін 2013 жылы «Науырзым» қорығында, 2014 жылы осы мақсатпен «Ырғыз-Торғай» резерватында болып келді. Өзіне қарасты жер телімдерінде табиғат құбылыстарын бақылау үшін арнайы қаумал аумақтары құрылған. Қаумал аумақтарынан алынған мәліметтерді мониторинг бөлімінің мамандары және ғылыми бөлімнің қызметкерлері арнайы кітапқа тіркеп отырады, – дейді резерват директоры Д.Айтбаев.

Айта кету керек, жыл сайын резерват «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Акция барысында аудан және ауыл мектептерін аралап үгіт-насихат, дәрістер өткізеді. Мектеп оқушылары арасында конкурстар жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.

Мемлекеттік табиғи резерватта атқарған жұмыс аз емес. Ашылған күннен өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Қоршаған ортаны қорғау резерват ұжымының міндеті деп емес, туған елдің әр азаматының парызы деп қараған жөн. Ал, атқарылған, әлі де жүзеге асатын жұмыстар резерват қызметкерлерінің Қазақстанның табиғатын сақтауға қосқан тамшыдай болса да қосқан үлесі.

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу