Сыннан сабақ алмаса…

Сыннан сабақ алмаса…

Қандай да бір салада олқылық болса, ол басшылықтың немқұрайдылығының белгісі. Ал кемшілікті түзеуге құлық танытпаған шенеуніктер жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл туралы аудан-қала басшыларымен өткен кеңейтілген отырыста облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында мәлім етілгендей,  жыл басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,3 трлн теңгенің өнімін өндірген. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда анағұрлым өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде Қостанай, Рудный қалалары, Қарабалық, Қамысты, Денисов аудандары табысқа жеткен.

«Керісінше, Б.Майлин және Жанкелдин аудандарында өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарды. Қарасу, Жітіқара, Сарыкөл аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көрсеткіші кеміген», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.

Жыл басынан бері облысқа 219,1 млрд теңге тартылыпты. Өңір экономикасының табысын еселеген өңірлер қатарынан Арқалық, Жітіқара, Қарасу, Әулиекөл және Аманкелді көрініп отыр. Ал көш соңында тағы Бейімбет Майлин ауданы қалып отыр.

 

«Бұл ауданда темір жолдың күрделі жөндеуіне құйылуы тиіс «ҚТЖ» ҰК» АҚ инвестициясы 5,6 млрд теңгеге қысқарған. Сондай-ақ, «Қостанай-Қарабұтақ» республикалық тас жолын қалпына келтіруге қажетті «ҚазАвтоЖол» АҚ инвестициясы 5,1 млрд теңгеге кеміді. Салдарынан жұмыс та мардымды жүрмей отыр», – деп баяндады басқарма басшысы.

Осындай олқылық Қостанай қаласында да байқалды. Мұнда республикалық бюджеттің қаржыландыруы екі есеге түсіп кеткен. Ал Лисаков қаласында кен орнына машина және құрылғылар сатып алуға «Қазақстан алюминийі» АҚ бөлуі тиіс шығындар қысқарыпты.

Әр саладағы жалпы көрсеткіштерді саралай келгенде, облыс рейтингінің тізімін Қарабалық, Әулиекөл, Қостанай және Амангелді аудандары бастап тұр. Антирейтингке ығысқан аудандардың атауы жария етілді.

«Денисов, Науырзым, Ұзынкөл және Б.Майлин аудандардағы ахуал мәз емес. Бұл өңірлерде жеті көрсеткіштің негізгі үшеуіне қол жеткізілмеген. Олар – өнеркәсіп, құрылыс және сауда-саттық. Алғашқы жартыжылдықта негізгі макроэкономикалық көрсеткіш төмен болуына байланысты, Б.Майлин және Ұзынкөл аудандардың әкімдеріне сөгіс жариялаймын!» – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы тоқсан сайын сараптама жүргізіліп, сыннан сабақ алмаған аудан-қала басшыларына шара қолданылатынын ескертті.

Жандос Жүсіпбек

Суреттердіі түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

Жаңалықтармен бөлісу