Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жанкелдин ауданының Сужарған ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Тұрғындар шаттығын жергілікті билік өкілдері бөлісіп қайтты.
Аудан басшысы мен ауыл әкімінің есеп беру жиындарында ауыл жұрты ауызсу мәселесі жөнінде ой қозғап, үнемі ұсыныстарын айтатын. Барлық елді мекендерді таза ауызсумен қамту күн тәртібінен түскен емес.
Сужарған ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 405 млн 986 теңге, облыс қазынасынан 45 млн 109 мың теңге бөлінген. Мердігер «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен жүргізді. Бірінші көтерілімнің 1,2 шақырымынан су құбыры тартылып, 7 құдық орнатылды. Ауыл ішіне 58 құдық орнатып, 60 үй мен 6 ғимаратқа қысқы су құбырын кіргізіп берді. Су станциясы мен су мұнарасы, қосымша резервуарлар талапқа сай. Мұнда екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сужарған ауылындағы су құбырының ашылу салтанатына аудан әкімі Шота Оспанов, аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов, жергілікті құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев, «Алюминстрой» ЖШС басшысының орынбасары Дархан Жеңісбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолындағы бірқатар жұмыстардың легін тілге тиек етті. Ал Дархан Жеңісбекұлы сапалы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сараптамалық қорытындылар жасалғанын айтты. Келісім-шарт негізінде 3 жылға дейін су құбырынан ақау байқалса, уақытылы қалыпқа келтіретінін жеткізді. Ауылдың абыз қариясы, Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы Есенбай Ғабдуахитов ақ батасын берді.
«Ардақты ағайын, көп жылғы елдің арманы орындалған күн болды. Басқосуларда су мәселесін көтеріп, билікке айтумен келдік. Енді, міне, әр үйге су кіріп тұр. Жалпы мемлекеттің Торғай еліне деген көзқарасы жақсы. Оның ішінде біздің ауылда тек су құбыры емес, мектеп жанынан спорт залы мен асхана салынып жатыр. Сондықтан ауыл тұрғындарының атынан Үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне және Абай Мұқанов бастаған «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына алғысымды білдіремін», – деді ауыл қариясы.
Ең бастысы, елдің тілегі орындалды. Қаншама жыл өзеннен су тасып, қытымыр қыста мұз ойып ішкен ел енді ол күндерді мүлдем ұмытады. Үйден шықпай су шүмегін бұрасаңыз болғаны.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы