Бүгін футболдан Қазақстанның Суперкубогін иеленген Қостанайдың “Тобыл” командасын облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.
“Күні кеше “Тобыл” командасы Түркия жерінде алғаш рет өткізілген Қазақстанның Суперкубогінде керемет ойын үлгісін көрсетті. Еліміздің алдында облысымыздың имиджін бір саты көтеріп тастадыңыздар. Қазіргі таңда команда құрамы да біраз жаңарды. Ойыншылар құрамының жоғары деңгейдегі күшеюі сіздерден алдағы маусымда зор жауапкершілік жүктейді. Команданың бұл әлеуеті ел чемпионы болады деген үмітімізді ақтайтынына тағы да сенім білдіргім келеді. Сіздердің үлгі алатын ізбасарларыңыз өңірімізде баршылық. Он сегіз футбол секциясына облыста үш мыңнан астам бала футболдан тәлім алып жатыр “, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Команда бас бапкері Милич Чурчич команданың белгілеген үдеден шығатынына уәде берді. Облыс басшысына зор сенім үшін алғысын айтты.
“Тобылдың” капитаны Роман Асранкулов бапкердің бұл пікіріне толық қосылатынын жеткізді.
“Өзім осы командада түлеп келе жатырмын. “Тобыл” мен үшін тамырымдай. Бапкерлердің бойыма қанат бітіріп келеді. Басында негізгі құрамға алып, кейін капитандық сенім білдіргендері үшін алғысым шексіз. Чемпионат барысында әрдайым жеңістерден көрініп, сіздердің зор үміттеріңізді ақтаймын деп ойлаймын”, – деді Роман Асранкулов.
Командаға кеше ғана қосылып, қысқы маусымаралық оқу-жаттығу жиынында көшбасшыларына айналып үлгерген Ахмед Эл-Мессауди мен Папе Ндиайе жаңа орта жайлы пікірлерімен бөлісті.
“Бастысы, әңгімелесетін ортақ тіліміз бар. Ойымыз бір жерден шығып жатқасын, жаңа ортаға бейімделуіміз де жақсы қалыптасып келеді. Келгеніміз кеше ғана. Қаланы толық аралап көрмедік. Жақында біріншілік басталады. Ойымыз бірыңғай сол жақта”, – деді Ахмед Эл-Мессауди.
Сөзге облыс әкімі араласты.
“Дайындықтарыңыздың жақсы екенін көрдік. Заманауи техниканың арқасында сіздердің әр ойындарыңызды тамашалауға кең мүмкіндік туды. Ахмед үш бірдей нәтижемен көзге түсті. Чемпионаттағы ең бойшаң ойыншымыз қорғаныста мығым екенін танытты. Кешегі жүлде сол әзірліктің жемісі деп бағалаймын. Барша командаға әр ойында жеңіс тілеймін”, – деді Құмар Ақсақалов.
Клубтың спорт директоры Нұрбол Жұмасқалиев серіктестеріне алғыс хаттарын табыс етті. Варварин АҚ жетекшісі Әбдірахман Исаев, “СарыарқаАвтоПром” кәсіпорынының жетекшісі Сырым Семейбаев, “Қостанай жолдары” ЖШС Генадий Убей-Волк, АБЗ ЖШС жетекшісі Николай Лобанов, “ВАН” ЖШС жетекшісі Артур Абрамян, “Арвис” ЖШС жетекшісі Владимир Аветисян, “СарыкольДорСтрой” ЖШС жетекшісі Тигран Мелоян марапатталды.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев