Арқалық қаласындағы көп қабатты үйдің тұрғыны ауласына гүл егеді. Алуан өсімдіктерді өсіріп, күтіп баптайды.
Екі-үш күн сайын арам шөптен тазалап, уақытылы суарып тұрады.
Жылда күтім жасап, есігінің алдындағы шарбаққа гүл өсіруді әдетке айналдырған.

Бір барғанда 5 литрлік 5-6 құтыны велосипедімен бір-ақ әкеледі.
«Бес жылдан бері гүл өсірумен айналысып келемін. Тұрған жерінің таза, жинақы болғаны әркімге жақсы ғой. Қаламыз гүлдене берсін деп осылай еңбектенемін», – дейді су тасып, гүл еккен қала тұрғыны, намазхан Маханбет Иманқұл.
Бір қызығы, ол суды дайын краннан емес, қала жанындағы жасанды су қоймасынан тасып құяды.
Сүйсінерлігі, қаланы осылай гүлге орағысы келетін тұрғындар баршылық. Мәселен, Абай даңғылы 50 үйдің тұрғындары да аулаларына гүл өсіріп көпке үлгі болуда. Әсіресе, қос зейнеткер Жаңылай Ахметова мен Татьяна Дутковская жастарының ұлғайғанына қарамастан үйлерінің ауласын, кіреберісін гүлдендіріп, көрген көзді сүйсінтіп қойған.
Бұл жағымды үрдіс – арқалықтық гүл өсіруші тұрғындардың елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бағдарламасына қосып жатқан жарқын үлестері деп айтуға әбден болады.

Мұрат Жүнісұлы
Суретті түсірген – автор
Арқалық қаласы
