28 мая, 2025
Су тасқынына дайындық қалай?

Су тасқынына дайындық қалай?

Биыл қостанайлықтар табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына ертерек кірісті. Қантар-ақпан айларынан бастап, былтыр су тасқыны орын алған аймақтар жіті бақылауға алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермағамбетовтің айтуына қарағанда Тобыл өзененің аумағында ондай сегіз елді мекен бар. 

«Барлығын келер көктем көрсетеді. Бүгінгі жұмысымызға сонда баға беретін болады. Жан-жақтағы елді мекендерді қорғаудың қамы күнбе-күн жалғасып жатыр. Жұмыс тобы белгіленіп, демалыс күндері дайындық шаралары пысықталып отырады», – дейді бұл туралы департамент басшысы.

Арнайы жұмыс тобы Қостанайдың маңында орналасқан осы сегіз елді мекенге қорғану шараларын ескертіп келеді. Бүгінде Тобыл жағалауына қауіпсіздікті арттыратын гидробекет орнатыла бастады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қауіптің беті Жоғарғы Тобылдан келіп, Солтүстік Қазақстан, Қостанай  облысына ойысқан болатын. Қаланың оңтүстік бөлігінен кіре беріс аумақ ойда орналасқан. Тобыл қаласының өзен арнасына іргелес жатқан жерлерін су шайғанын білеміз. Жаңадан орнатылған гидробекеттердің басы осы су тасқынының қаупі бар Мичурин ауылы мен Қостанай қаласын бөліп тұратын аймақты алып жатыр. Айналадағы Садчиков, Алтынсарин ауылдарының іргесін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады.

«Бұл бекет қар ұстайды.  Әкімдікпен ақылдаса келе, сырттан келетін бұл өнімдерді өз қолымыздан да жасап алуға болаиынын түсіндік. Осы аймақтардағы су деңгейін жедел мониторингтен өткізіп,  су басудың негізгі  қаупі төніп тұрған Қостанай-2 ауданына да осындай  гидро бөген орнатуды тапсырдым. Мамандарымыз  Дружба тұрғын алабына үнемі барлау жасап тұрады. Онда былтыр әкімдікпен бірлесіп әзірленген инженерлік жұмыстар шеңберіндегі гидротехникалық құрылысты нығайту шаралары аяқталды. Жұмыс тобы қалалық зираттың жанындағы алаңға да зерттеу жүргізді.  Ондағы егістіктерде еріген қардан су тасқынының қаупі бар деп айтуға болады», – дейді Дамир Ермағамбетов.

Есеп-қисап жағдайы  әкімдік арқылы талқыланып, қажетті жабдықтардың басы жеткізіле бастады. Ол жабдықтар наурыздан бастап өткізілетін жаттығу жұмыстарында арнайы сынақтан өткізіледі.

Бұл тұста  айта кетерлік өзекті жағдайға тоқталайық. Былтырғы тасқын судың әлегі облыста ең ұзақ уақыт сақталған Қарсауда ұзындығы он төрт метр канал қазылғанын білеміз. Өткен жылдың қазан айында ол арна пайдалануға  берілді. Қосымша өзеннің айналасына  кеңейту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде маңай қалпына келе бастады.

Су деңгейі де  85 сантиметрге  түсті. Құдайға шүкір, ол жақта жол дегенің сайрап тұр. Әйтсе де департмант басшылары ол жақты кезекшілікті ауыстырмаймыз деп отыр. Қауіп әбден сейілмейінше бақылауда бола тұрады. Обаған өзенінің Алтынсарин ауданы тұсында  да алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе, Ілияс Омаров ауылының жаны кішігірім қауіп төндіріп тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев