Көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары пысықталды

Көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары пысықталды

Биыл өңірге қар қалың түсті. Әдетегі нормадан 4 см-ге жоғары. Қардың ылғалдылығы да мейлінше көп. Жердің тоңы 25 см-ден 120 см-ге дейін жетеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде көктемгі су тасқынының алдын алуға байланысты өткен кеңесте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрат Қасым  айтты.

Департамент бастығы өткен жылғы су тасқыны кезінде облыс аумағында 47 тұрғын үйді су басқанын еске салды. Әсіресе, Қарасу ауданындағы  Қарамырза ауылында 35 үй, Молодежный ауылында 1 үй, Железнодорожный ауылында 8 үй, және Восток  ауылында 3 үй телегей-теңіз судың ортасында қалды.  Облыс көлеміндегі бір қатар жолды тасқын су шайып кетті. Арқалыққа қарасты Екідің, Ақтас және Қарасу ауданына қарасты Герцен ауылдарына көлік қатынасы тоқтады.

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жазға салым үш тұрғын үй салынды. Көктем мен жазда Бұдан бөлек су тасқынына дайындық барысында  инженерлік жұмыстар жүргізілді. Екі ауылдың айналасында екі жерге   топырақ үйіліп, тосқауыл қойылды. Ені 4 метрлік  екі  жасанды су бұрғыш орнатылды. Он үш  су өткізгіш құрылыстарда қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 500 су өткізгіш құрылым мен 35 шақырымнан  астам нөсер кәріздері тазартылды. Жалпы ұзындығы 700 метрлік  екі бөгет мықтап бекітілді.

            “Сегіз гидротехникалық құрылым (ГТҚ) су тасқыны қаупі бар тоғыз елді мекенге жақын орналасқан. Соның  тек бесеуінде ғана  жергілікті хабарлау жүйелері бар. Олардың әрекет ету радиусы төменде орналасқан барлық елді мекендерді хабардар етуге жеткіліксіз. Заңнамаға сәйкес, нысанның  меншік иесі ТЖ таралуы мүмкін барлық аймаққа хабарлауды қамтамасыз етуі тиіс. ГТҚ сегізінің жетеуі “Қазсушарға” тиесілі екенін ескере отырып, осы ауылдарды су басуы мүмкін аймақтарда дабыл қаққыш құрылғы  орнату мәселесін пысықтауды ұсынамыз”, – деді Қайрат Қасым.

Облыс аумағында барлығы 98 ГТҚ бар. Өткен жылғы комиссиялық тексеру қорытындысының нәтижесінде коммуналдық меншіктегі он  шағын бөгеттің жай-күйі қанағаттанарлықсыз деп танылды, оның бесеуі елді мекендерді су басу қаупін тудыруы мүмкін. Тағы  он екі  елді мекенге Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ГТҚ қауіп төндіріп тұр.

            “Ресейлік әріптестермен тізе қосып, өзара іс-қимыл жасап жатырмыз. Яғни,  кезекші қызметтер қандайда бір тосын жағдай туралы алдын ала ескертіп отырады.  Алайда,  елді мекендерде мұндай мүмкіндік  жоқ. Толқынның жылдамдығы серпіліс дәрежесіне байланысты бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін ұласуы ықтимал.  Сондықтан,  динамиктерді, микрофондарды және дауыс күшейткіштерді сатып алу қажет. Су басқан ауылдарда тез жиналып, әрекет ету үшін жергілікті әкімнің қолында жақындап келе жатқан су туралы тез хабардар ету мүмкіндігі болуы тиіс. Алдын ала есептеулер бойынша мұндай жабдықты сатып алу ауылдың көлеміне және тұрғындар санына байланысты 200 мың теңгеден  1 миллион теңгеге дейін болуы мүмкін.  Сонда, ауыл немесе ауылдық округ әкімі адамдар мен малды қауіпсіз жерге тезірек эвакуациялауды ұйымдастыра алады”, – дейді департамент бастығы.

Бүгінгі таңда елді мекендерден 90 000 текше метрден астам қар шығарылды. Биылғы қыста қар тазалауға 2 млрд 245 млн 111 мың теңге бөлінді – бұл былтырғы жылмен салыстырғанда  11,8% -ке артық.

            “Су тасқынының алдын алу және жою үшін 158 тонна жанар – жағармай, 60 200 қап, 9072 тонна инертті материал дайындалды. 17 қаңтардан бастап су тасқыны қаупі бар елді мекендерге комиссиялық тексеру және алдағы су тасқынына дайындығын бағалау үшін топтар баратын болды”, – деп атап өтті Қайрат Қасым.

Облыстың алты  ауданында жарылыс жұмыстарын жүргізуге 62,5 млн теңге, ғарыш мониторингі бойынша қызмет көрсетуге 6,5 млн теңге бөлінген.  Конкурстық рәсімдер басталды. Азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдарының жалпы саны 2 827 адам, 1 375 техника, 276 мотопомпа, 108 жүзу құралы бар. 1 млрд 550 млн теңге шамасында төтенше резерв дайын тұр.

Төтенше жағдай туындаған кезде іс-қимылдарды тәжірибелік пысықтау үшін  8-9 ақпанда “Көктем” командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізеді. Оқу – жаттығулар жаңа форматта-салтанатты сап түзеусіз өтеді. Оның аясында мүгедектер мен қарт адамдардың үйлерінің ауласын қардан тазартуға көмек көрсетілмек.

Кеңесте Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов та 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары туралы баяндады. Шалғай өңірдің гидрологиялық жүйесіне Торғай, Қабырға, Қоныраулы, Ұлы жыланшық, Өлкейік өзендері кіреді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен – 697 шақырым. Су тасқыны қаупінің  алдын алу мақсатында жыл сайын Қоныраулы өзенінде мұздардың кептеліп қалмау үшін, жұмсарту мақсатында екі жерден жалпы 2149 текше метр алаңына мұз жару жұмыстары жүргізіледі.

            “Аудан аумағында он  үш гидротехникалық құрылым  орналасқан. Аталған  гидротехникалық құрылымдардың жағдайы  қанағаттанарлық.  Көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендерге еш қауіп төніп тұрған жоқ. Олардың бәрі тұрмыстық қажетілікке пайдаланып отырған құрылым. Биыл  жергілікті атқарушы органның аудан аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған төтенше резервінен 4 млн. теңге, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға 1,1 млн.теңге қарастырылды. Қазіргі таңда инерттік материалдар, қапшықтар, тоғыз мотопомпа, екі қайық және тиісті орындарға толтырылған қапшықтарды жеткізуге  екі  Камаз, бір эксковатор және бір  тиегіш техникасы дайын”, – дейді Жанкелдин ауданының әкімі.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала, аудан басшылары мен жауапты ведомство басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

            “Биыл қар мөлшерден тыс көп жауды. Қалалар мен аудандардың әкімдері Қазгидрометпен және ТЖ департаментімен бірлесіп облыстың барлық аумағында қысқы жауын-шашынға қатысты тұрақты мониторинг жүргізіп, ақпарат жинауы қажет. Облысымыздың 36 ауылында су басу қаупі бар. Бұл ауылдарға қажетті техниканы алдын-ала жұмылдырып, аумақтарды  қазып алу керек. Бұған дейінгі тәжірибе бұл жұмыстың тиімділігін көрсетті”, – деді өңір басшысы.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу