Су тасқыны: жағдай тұрақты бақылауда

Су тасқыны: жағдай тұрақты бақылауда

Облыста  гидрометеорологиялық жағдай тұрақты делінгенмен, қауіп әлі сейілген жоқ Барлығы 33 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін болжанып отыр. Қарасу ауданында  504 тұрғын үй немесе 1,5 мыңнан астам адам тұрады. Қарамырза, Зеленов, Железнодорожный, Октябрьский, Қарасу және Восток ауылдарын ерекше бақылауға алынған. Мәселен, Қарамырза ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Тымтәуір өзенінің деңгейін және еріген қар суын бақылайтын екі  бекет қойылды.

Жергілікті атқарушы органдар  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен бірлесіп, инертті материал салынған қаптарды дайындап қойды. Олар үй-үйді аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.   Өткен тәулікте Қарасу ауданындағы Тымтәуір өзенінде судың деңгейі 23 см-ге көтеріліп, 6-7 сағат ішінде Қарамырза ауылын қарғын су жайылды. Зардап шеккендер жоқ.Құтқарушылар халықты су басу қаупі басым жерлерден  алдын ала эвакуациялады. 23 адам өз еркімен басқа  көшелерде тұратын туыстарының үйлеріне орналастырылды. Құтқару жұмыстарына ТЖД-нен жиырма бес адам мен алты техника, үш  жүзу құралы және он төрт  мотопомпа жұмылдырылды.Қазір су тасқыны ұдайы бақылауда тұр. Жедел іс-қимылдың арқасында  Железнодорожный ауылындағы  екі пәтерлі  алты  үйге жайылған  су сорылып, құрғатылды. 33 тұрғын өз үйлеріне оралды. Үй-жайларды желдету және кептіру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Түнгі  сағат 23.00-терде тұрғын үйлердің жертөлелерінен су сору жұмыстары аяқталды.   Өткен тәулікте жалпы 53 мыңнан астам текше метр су сорылып, 400 дана инертті материал салынған қап төселді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

Жаңалықтармен бөлісу