“Балықтарға оттегі қажет”. Су айдындарын бұрғылау жұмыстары басталды

“Балықтарға оттегі қажет”. Су айдындарын бұрғылау жұмыстары басталды

Қостанайлық табиғат қорғаушылар мұзы қалың су айдындарын бұрғылауды бастады. Бұл – балықтарды ауа жетпей қырылып қалудан сақтау амалы.

Ихтиофаунаны қорғау жұмысының алғашқысы Заречный ауылы маңындағы шағын көлде жүргізілді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен балық шаруашылығы инспекциясы мамандары журналистерге балықты қырылудан аман алып қалу үшін қандай амалдар жасалатынын көрсетті.

«Қыс кезінде мұз қалыңдаған сайын, балықтарға оттегі жетпей жататыны белгілі. Содан жаппай қырылып қалуы мүмкін. Осыған байланысты мүдделі органдар, балық шаруашылығы инспекциясы, әуесқой балықшылар қауіптің алдын алу іс-шараларын өткізеді. Мұзды бұрғылап, ойық жасайды, соған қамыс-бауларды салады. Сөйтіп, су астына ауа жіберіп, балықты аман сақтап қала аламыз. Одан бөлек, аэратор сияқты қондырғыларды да қолданып жатырмыз», – дейді басқарманың балық, аңшылық және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімі басшысы Амангелді Исмаилов.

Қостанай облысының аумағында шамамен 8 мыңнан артық су айдыны бар. Оның 384-і жергілікті маңызы бар балық шаруашылық су айдындарының тізіміне енгізілген. Бүгінде 173 табиғат пайдаланушыға 245 су айдыны және олардың учаскілері бекітіліп отыр. Олар сол аумақтарда балықтарды қорғау шараларын жүргізеді. Су айдындарында негізінен мөңке, табан, шортан, алабұға, оңғақ, тұқы және тағы басқа балық түрлері мекендейді.

«Жалпы, балықтың қысқы уақытта қырылу қаупін ауа жетпеудің салдарынан болатын табиғи құбылыс деп те қарастырып жатады. Бұған жол бермеу мүмкін емес, бірақ ихтиофаунаны құтқаруға тырысу қажет. Жыл сайын инспекция, жергілікті атқарушы органдар, студенттер мен еріктілерді жұмылдыру арқылы бекітілмеген су айдындарына шығып, балықтың жаппай қырылуының алдын алады. Ойыққа қамысты баулар салып, компрессорлар, аэраторлар және басқа қондырғылар қолданып, суды белсенді оттегімен қанықтырамыз. Бұл жұмыстар жақсы нәтиже береді», – дейді «Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Лаура Сейдахметова.

Мамандар су айдындарында балыққа қандай да бір қауып төнгенін байқаған тұрғындар болса, оған бейжай қарамауға, тиісті мекемелерге хабар беруге шақырады.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу