Студенттер сенбілікке шықты

Студенттер сенбілікке шықты

Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев қатысып, өз үлесін қосты. Қостанай педагогикалық колледжінің студенттерімен бірге білім мекемесінің аумағын тазалап, ағаш отырғызды.

Аталмыш акция жыл бойына жалғасатынын айтады.

“Сәуір айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын өткізуді жариялаған еді. Облыс тұрғындарының құптауымен іске асырып жатырмыз. Акцияға мемлекеттік және жеке меншік мекемелер қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер атсалысуда. Әлеуметтік мекеме аумағы түгел қамтылатын болады. Мысалы, Қостанай өңірлік университеті бас ғимараттың алдындағы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін күтіп ұстауды міндеттеріне алды. Яғни, ескерткіштің айналасын абаттандырып, гүл отырғызып, баптайтын болады. Осы тәжірибені барлық ірі мекемелер үлгі етіп алулары керек деп есептеймін”, – деді Ринат Мұхаметқалиев.

 

Білім ордасының 125 студенті науқанға қатысты. Колледж директоры Галия Уразамбетова білім алушылар әрдайым игі бастамаға қол ұшын созатынын жеткізді.

“Колледж аумағы үлен. Сол себепті таза, күтіп ұстап отыру қажет. Студенттер көмек беруден бас тартқан емес. Экологиялық тәрбиенің берері мол. Гүл отырғызып, ағаш ектік. Жаз мезгілінде студенттер аптасына 36 сағат, күніне 4 сағаттан экологиялық тағылымдамадан өтеді. Бұл біздің ұрпаққа ең қажетті деп ойлаймын. Олар болашақ білім саласының мамандары. Колледжде алған білімдерін жетілдіріп, алдағы уақытта өздері де ұрпақ тәрбиелейтін болады”, – деді Қостанай педагогикалық колледжінің директоры Галия Уразамбетова.

Колледж студенті Жансая Боранбай сенбіліктің маңыздылығын жақсы жеткізді. Ол өз тобымен бірге акцияға қатысты.

“Экологиялық сенбілікке топ болып шықтық. Сенбілік тек тазалықпен маңызды емес, бұл тұрғыда бірлік, еңбек, қоршаған ортаны аялау сынды қоғамды ізгілікке бастайтын құндылықтарды қамтиды. Алдағы уақытта ұрпақ арасында тәрбие жұмысын жүргізетін болашақ тәрбиешіміз. Сол себепті бізде өз тарапымыздан жақсы істерге баули алуымыз қажет. Мамыр айының ортасында көшет егеміз. Қайың, терек, шыршы сынды ағаштар отырғызамыз. Ол колледж түлектерінің дәстүріне айналған”, – дейді 3 курс студенті Жансая Боранбай.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу