Степняк ауылының тұрғындары жоғары сапалы интернет игілігін көре бастады

Степняк ауылының тұрғындары жоғары сапалы интернет игілігін көре бастады

Аманкелді ауданының шалғайдағы ауылы  сапалы интернет желісіне өткен жылдың аяғында қосылған еді. Содан бері сымсыз байланысқа қол жеткізген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

«Облыс әкімінің тапсырмасымен 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірдің оңтүстігінде, атап өтер болсақ, Жалғызтал, Қызылжұлдыз және Аманкелді ауылдарында байланыс жүйесі орнатылған-ды. Ал жыл соңында Басқарма Аманкелді ауданындағы Үштоғай ауылдық округінің құрамына кіретін Степняк ауылымен қорытындылады», – дейді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев.

Үштоғай ауылдық округінің әкімі Самат Қадыршинов қазіргі күні тұрғындар үшін Beeline байланыс операторы орнатылғанын айтып отыр.

“Елді мекенде шамамен 150-ге жуық адам тұрады. Мұнда осы уақытқа дейін интернет желісі мүлдем болмаған. Өте сапалы, 4G ұстайды. Байланыс қазіргі күні адам баласына ауадай қажет маңызды құралдардың бірі, сол үшін де мемлекет басшысы бұл салаға ерекше назар аударып, халықтың жағдайын жасау мақсатында ұлттық бағдарламаларды іске қосып жатқаны қуантады. Тұрғындар дән риза», – дейді ауыл әкімі.

Қашықтағы ауылдың мұғалімдері де пайдасын көріп жатыр. Тарих пәнінің мұғалімі Айбек Ерғазиннің айтуынша бұдан былай Kundelik.kz қосымшасына кіру жеңілдеген.

«Балалардың тиісті бағаларын қойып, үй тапсырмаларын толтырып шығамыз. Ал оқушы өз кезегінде жеке кабинетіне кіріп, барлығын қарай алады. Bilimland сынды электронды мектеп құралдарын да жиі қолданамыз. Жастарға айтып, кітап бетіндегі суреттерді көрсеткеннен гөрі, тез арада қажетті видеоны тауып көрсету әлдеқайда тиімдірек.Мұғалімдердің жұмысы біршама жеңілдеді. Жеке өмірде де рахатын көрудеміз», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Айбек Ерғазин.

Степняк ауылының егде жастағы тұрғындары да алғысын білдіріп жатыр. Орнатылған сапалы байланыстың арқасында алыс-жақын туыспен араласып, қал-жағдай сұрасып тұруға мүмкіндік барына қуанышты.

«Қазір біз сымсыз интернетті қолданамыз. Алыстағы ағайынмен хабарға шығып, қуанысып жатырмыз. Ауылдың күйбең тіршілігін тындырып келген соң, тынығу үшін бір мезет ғаламторда отырамыз. Үйдегі немерелерім қалай қолдануда үйретіп берген, содан бері көбінесе сериалдарымды қарап отырамын. Өздері де сабаққа қажетті дүниелерді осы жерден тауып жатады»,– дейді ауыл тұрғыны  Әлия Әйтішева.

Елімізде біршама мемлекеттік бағдарламалар аясында шалғайдағы елді-мекендерде интернет жүйесі іске қосылып, тұрғындар ғаламтордың игілігін көріп отыр.
Облысымызда да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды. Жыл өткен сайын жоспар бойынша жүргізіледі.  Ауылдық елді мекендерді жоғары сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету  шаралары қолға алынып жатыр. Айта кетейік, осы уақыт аралығында Қостанай облысының 492 ауылдық аймағының 161-і талшықты оптикалық байланысқа қосылған.

Алдағы уақытта жоспар бойынша елімізде 2027 жылға дейін елдімекендерді 100% интернетпен қамту қолға алынады. Бұл Ұлттық жобаны Үкімет мақұлдаған. Халықты байланыс желісіне қосу, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында облыстың 325 шалғай ауылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына енгізілген. Ал күрделі рельефті жерлерде орналасқан 56 ауыл геостационарлық емес спутниктік жүйелер технологиясы бойынша желіге қосылмақ.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу