Спорт шебері марапатталды

Спорт шебері марапатталды

Арқалық қаласындағы орталық «Жігер» стадионының директоры, белгілі спортшы Рүстем Шалабаев «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген  еңбегі үшін» төсбелісімен марапатталды.

Мерейлі медалды кезекті аппарат жиынында қала әкімі Әмірхан Асанов салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ қала әкімі Республика күні қарсаңында түрлі салада нәтижелі еңбегімен танылған бірқатар азаматтардың облыс басшысының қолынан мәртебелі марапаттарға ие болғанын жеткізді. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет қайраткері, халықтық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Боранбай Әбенов, Арқалық қалалық мәслихатының төрайымы Гүлбану Елтебаева «Құрмет» орденімен, қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сержан Рысмамбетов, электр желісінің басшысы Наталья Малая «Ерен еңбегі үшін» медалімен, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитарлық қызметшісі Гүлнар Мыртабаева «Шапағат» медалімен марапатталды.

Рүстем Асанханұлы еңбек жолын жаттықтырушылықтан бастап, жиырма жылдан астам уақыт бойы спорт саласында басшылық қызметтерде еңбек етіп келеді.

  «Елге қызмет етіп, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасап жатырмыз. Спортшыларымыз көп болып, байрақты бәсекелерде жеңістерге жете берейік. Қала әкімінің басшылығымен қаламызда спорттың дамуына мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Еңбегіміздің еленіп жатқанына зор алғысымызды білдіреміз»,-дейді білікті басшы, самбо және дзюдо күресінен спорт шебері Рүстем Шалабаев.

«Жігер» стадионы футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сынды спорттың жеті түрінен спортшылар дайындады. Ұжымда ауылдық жерлерде еңбек ететін әдіскерлерлді қосқанда елуден астам адам халыққа қызмет көрсетеді.

 

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу