Өзім де Қостанай қаласында, Тобыл өзенінің жағасында тұрамын. Мұндай жағдайды соңғы 25 жылда көрмеген екенбіз.
Расымен де қазіргі ахуал оңай болып тұрған жоқ. Табиғаттың тосын мінезінен ағайын-жұрттың жапа шекпеуіне тілеулес болып отырмыз. Енді, шыны керек, қазір “ойбай, билік кінәлі, неге қарамады, әкімдер айыпты” деп, жазғышбектер бос әңгімені гөй-гөйлетіп жүр ғой. Мысалы, солтүстік аймақтан Ресейден келіп жатқан суды кім ұстап тұра алмақ? Үстіміздегі көршілерде де осындай топан. Жалпы, бұл – әлемде болып жатқан алапат. Ал оған кінәліні іздеу дұрыс емес деген ойдамын. Қайта, әр адам өзі қолынан не келеді, сол жағынан көмек көрсетуге, қысылтаяң уақытта азаматтық танытуға ұмтылуы керек қой. Кертартпа сөзді бықсытып, ел ішінде алауыздық отын үрлеп отыратындарға қарап, әрине, жүйкем тозады.
Мемлекет басшысы да соңғы үндеуінде бізге де үлкен міндет жүктеді. Журналитердің рас ақпарат таратып, елге дұрыс бағыт беруге тиіс екенін атап өтті. Сондықтан, енді, сол сенімнен шығуға бар күшімізді салуымыз керек. Өзіміз мемлекеттік телеарнада жұмыс істейміз, мойнымыздағы жауапкершілік салмағы жеңіл емес. Осындай ел басына нәубет төніп тұрған шақта шынайы, жедел, анық ақпаратпен халықты қамтамасыз ету – біздің борыш! Әрине, әр маман өз саласында, қолдан келгенше, туған елінің мүддесі жолында қалтқысыз қызмет істеуі керек. Ынтымағымыз ыдырамай, бірлігіміз бекем бола түссін! Қауіп тезірек сейіліп, қамсыз тіршілігімізге қайта оралар күніміз жақын болсын!
Күлтай Әбдірахманова,
Qostanay телеарнасы директорының кеңесшісі,
Қазақстанның Құрметті журналисі