ШЫҰ Су мәселелерін зерттеу орталығын құру туралы бастама: Қазақстан ұсынысының мәні неде?

ШЫҰ Су мәселелерін зерттеу орталығын құру туралы бастама: Қазақстан ұсынысының мәні неде?

Орталық технологиялар алмасу нүктесіне, саясатты үйлестіру алаңына және сенімді нығайтатын платформаға айналуы мүмкін.

ШЫҰ саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда Су мәселелерін зерттеу орталығын құру жөніндегі идеясы еліміздің экология, дипломатия және өңірлік қауіпсіздік саласындағы стратегиялық көзқарасын көрсетеді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азияны зерттеу бөлімінің жетекшісі Айдар Құрмашев білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

«Бір қарағанда бұл — жаңа зерттеу институты ғана болып көрінуі мүмкін. Бірақ тереңірек үңілсек, бастама Қазақстанның экология, дипломатия және өңірлік қауіпсіздік саласындағы стратегиялық көзқарасын айқындайды. Біріншіден, Орталық Азияда және ШЫҰ кеңістігінде су тақырыбы әлдеқашан осалдық факторы болып отыр. Мұздықтардың еруі, өзендердің тайыздануы, су айдындарының тартылуы миллиондаған адамға тікелей қауіп төндіреді. Су ресурстарына байланысты қайшылықтар өңір елдері арасында шиеленістің себебіне де айналған болатын. Орталық осы қатерді ынтымақтастық алаңына айналдыруға, мәселені саяси деңгейден ғылыми-технологиялық арнаға көшіруге мүмкіндік береді», — деді Құрмашев.

Екіншіден, оның айтуынша, су ресурстарына басымдық беру кеңірек экологиялық күн тәртібіне сай келеді.

«Шөлейттену, қуаңшылық және климаттың өзгеруі — жеке-жеке шешуге болмайтын сын-қатерлер. Қазақстан аймақтық ынтымақтастық кешенді тәсілге сүйенуі тиіс екенін көрсетіп отыр, мұнда су мәселесі азық-түлік қауіпсіздігімен, энергетикамен және орнықты даму міндеттерімен бірге қарастырылады», — деп атап өтті ол.

Үшіншіден, бұл бастама Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерге шешім іздеу алаңы ретіндегі халықаралық рөлін күшейтеді. Астанадағы Орталық — тек қана сараптамалық емес, сонымен бірге экодипломатиядағы елдің конструктивті көшбасшы мәртебесін бекітетін дипломатиялық құрал.

Төртіншіден, Тоқаевтың ұсынысы ШЫҰ-ның 25 жылдығымен тікелей байланысты. Қазақстан саммиттен кейін де елдер мен халықтарға нақты пайдасын тигізетін нәтижелермен ұйымның мерейтойын толықтыруды ұсынып отыр. Бұл маңызды белгі: символика емес, практикалық пайда алға шығады.

«Соңында айтар болсақ, бастама ШЫҰ-ның барлық мүшелеріне, соның ішінде Қытайға, Үндістанға және Ресейге арналған. Әр ел өзінің су ресурстарына қатысты сын-қатерлерімен бетпе-бет келіп отыр. Орталық технологиялар алмасу нүктесіне, саясатты үйлестіру алаңына және сенімді нығайтатын платформаға айналуы мүмкін. Осылайша, Қазақстан күрделі мәселелерді ынтымақтастық форматына аудара алатынын тағы да дәлелдеді. Су мәселелерін зерттеу орталығы туралы бастама — жай ғана жоба емес, ШЫҰ-ның жаңа күн тәртібін қалыптастыратын құрал. Оның өзегінде практикалық шешімдер мен орнықты даму тұрады», — деп түйіндеді Құрмашев.

Иллюстрация: paperpulpingmachine.com