Шынайы марапат , көңілге шарапат

Шынайы марапат , көңілге шарапат

Қостанай қаласының әкімдігінде жұма сайын қызметтік лездеме өтетін. Ал бүгінгі жұмыс күні марапаттау салтанатымен басталды.
Іс-шараның басты меймандары – көп балалы аналар, кәсіпте жолы болған көшбасшы ханымдар. ҚР Президентінің 30 сәуір 2026 жылғы №1247 Жарлығымен бірқатар қостанайлық аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілері тағайындалды.

«Бүгін біз сіздерді маңызды мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде тапсыру үшін арнайы шақырдық. Аталған марапаттарды Президент атынан сіздерге табыстамақпыз. Ана мен баланың өмір сапасын арттыруға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау шаралары жасалуда. Ұрпақ тәрбиесі – сапалы білім мен дұрыс бағыт беруді талап етеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге орай Мемлекет басшысы жоғары марапат ұсынып отыр», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

«Алтын алқа» төсбелгісі жалғыз Татьяна Миронюкке берілді. Ал «Күміс алқа» белгісімен 8 ана марапатталды. Олар: Мәдина Жанайдарова, Анар Дүйсенғалиқызы, Шынар Ещанова, Югина Ищанова, Мақпал Қасымова, Перизат Кенжебаева, Бақытгүл Мусина, Гүлмира Сатыбалдина.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Соның бір қатары алдағы жексенбі 14-маусымда елімізде жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күнін атап өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында шаһар басшысы алдыңғы шепте жүрген кәсіпкер бикештерді де назардан тыс қалдырмады.

«Біздегі жеңіл өнеркәсіп саласында көбінесе ханымдар еңбек етуде. Жеңіл өнеркәсіп бағыты ел экономикасының тұрақты дамуына айтарлықтай серпін береді. Саланың қарқынды өсуіне үлес қосып жүрген барша кәсіп иелерін құттықтаймын», – деді қала басшысы.

Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күнін мерекелеу құрметіне байланысты қостанайлық бірнеше кәсіпорынның басшылары, жұмысшылары ҚР өнеркәсіп және құрылыс Министрінің грамотасымен және қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбегі ескерілген ұжымдар – «Азурит» ЖШС, «Большевичка» ЖШС, «Мартовское» ательесі, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесі.
Үздіктер қатарынан табылған «Мартовское» ательесінің басшысы Гүлнар Ещанова қуаныштан туған толқынысын жасыра алмады.

blank

«Біздің ателье «МАРТ» сауда, ойын-сауық орталығында орналасқан. Кәсіпте 14 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Қала билігі еңбегімізді жоғары бағалағанына алғыс айтамыз. Ұйымдастырушылар хабарласқанда таң қалдым. Күтпеген марапат болды. Қуанышымда шек жоқ», – деп алғашқы әсерін бөлісті.

Қостанайлықтар арасында жоғары сұранысқа ие болған ателье бұған дейін қандай да бір байқауларға қатысып көрмепті. Бүгінгі марапаты да алғашқы құрметтің нақ өзі.
Алты баланың анасы Мақпал Қасымова «Күміс алқа» иегері атанды. 4 ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған келіншек бақыт – баланың күлкісінде деп санайды.

blank

«Үлкенім 14 жаста, кішкентай бөбегім 1 жас үш айлық. Балаларым тәртіпті. Бір-біріне қарайласып жүреді. Біз үйде екі ағайынды болып өстік. Бауырларымның көп болғанын қалайтынмын. Көпбалалы ата-ана болуды жолдасым да қолдайды. Бала – бақыт, көздің нұры, көңілдің қуанышы», – дейді ол.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Қостанай қаласы әкімінің баспасөз қызметі