Щербаковта демалыс орны ашылды

Щербаковта демалыс орны ашылды

Munchen демалыс орнының аумағы аса үлкен  емес. Демалуға қолайлы кешеннің ауасы жанға жайлы. Он бес адамдық қонақ үйі мен әртүрлі ассортименті бар рестораны осы өңірдің тағы бір брендіне айналғалы тұр.

«Бізде біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Әрдайым келушілердің көңілінен шығуға тырысамыз. Республикамыздың батыс облыстарынан демалушылар бар», – дейді демалыс орнының қожайыны Ойрат Бірімжанов.

Демалыс орнының алғашқы қонақтарының бірі Сәлия Сәрсенқызы отбасы, немерелерін ертіп Атырау өңірінен келген екен.

«Осында жақсы демалып жатырмыз. Қажетті барлық жағдай жасалған. Балалардың ойнайтын алаңдары да бар», – дейді Сәлия Сәрсенқызы.

Бұл кісілер демалыс орнына ойда жоқта тап болғанын айтады.

«Біздің негізгі беталысымыз Бурабай шипажайы еді. Атыраудан Ақтөбе арқылы машинамен сапар шектік. Жолдан өтіп бара жатып, осы жерге тап болдық. Қалаға да, ауылға жақын жақсы жерге орналасқан екен», – дейді Сәлия Сәрсенқызы.

Қонақ үйінің артында шағын моншасы да бар. Ас бөлмелері мұнтаздай. Айналасы кірсе шыққысыз. Алтынсарин ауданында тұмса табиғат аясында осындай бірнеше демалыс орны бой көтергелі тұр.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

 

Жаңалықтармен бөлісу