Қостанай облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, каникул кезінде елге келген қазақстандық студенттер жиі жүгінеді.
Себебі, қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері Ұлттық білім беру деректер базасына автоматты түрде енгізіледі, ал шетелдік жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер туралы мәліметтер бұл базада болмайды. Ол үшін не істеу қажет?
Бұл сауалға Қостанай облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Тимур Ақжанов жауаеп берді.
Шетелде білім алатын студенттер оқу фактісін eGov.kz порталы арқылы өздігінен растауы қажет.

«Шетелде білім алып жатқан студенттер eGov.kz порталында өздігінен тіркелуі қажет. Ол үшін порталда «Шетелде білім алып жатқан студенттерді тіркеу» қызметін пайдаланып, өтінімді кезең-кезеңімен толтырып, оған ЭЦҚ немесе бір реттік SMS-пароль арқылы қол қою қажет. Өтінішті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қарайды. Процесс 15 жұмыс күніне дейін созылады. Мәліметтер расталғаннан кейін студентке «Сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Өтінім беру бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінуге болады.», – деді Тимур Ақжанов.
Күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер үшін МӘМС жүйесіне жарналарды мемлекет төлейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өткендей, Қор жеңілдік санатына жататын азаматтардың тізімін қалыптастырмайды. «Сақтандырылған» мәртебесі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы келіп түсетін мәліметтер негізінде автоматты түрде беріледі.
